Басты жаңалықтарМәселе

Бердібек САПАРБАЕВ: Ақтөбенің облыс орталықтары ішіндегі ең лас қала атануы өте ұят

Ақтөбе қаласы әкімдігінде облыс орталығын дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты қала активінің мәжілісі  өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ  облыс, қала  әкімдерінің  орынбасарлары мен облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің, білім беру, қоғамдық ұйымдардың басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Әрбір тоқсан сайын осындай кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев активте облыстағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайларға тоқталды. Оның айтуынша, аймақта қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай қиыншылықтар болмасын, экономиканың даму қарқынын төмендетпеу керектігі турасындағы тапсырманы Ақтөбе облысы бұлжытпай орындап келеді.

Бес айдың қорытындысы баспасөз арқылы баяндалды. Болжам бойынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы жаман болмайтын шығар. Ең негізгі мақсат — экономиканың даму қарқынын 5 пайыздың төңірегінде орындауымыз керек. Қазіргі мәлімет бойынша, былтырғымен салыстырғанда өндірісте 5 пайыздың көлемінде өсім болады. Экономикаға инвестиция тарту 10 пайыздың,  ауыл шаруашылығы да 5,5 пайыздың көлемінде, құрылыс та сол деңгейде болады. Инфляция — 102 пайыз, жұмыссыздық  — 4,8 пайыз, былтырғы жылмен салыстырғанда сауда айналымы 3 пайыздың көлемінде болса, ал бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы ең кем дегенде 12-14 пайызға өсім болса, шығыс бөлігі, яғни берілген қаржыны орындау 99,8 пайыз болуы керек, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, аудан, қала әкімдері мен олардың орынбасарларына нақты тапсырмалар берілген. Себебі, бірінші жартыжылдықтың аяқталуына небәрі 2-3 күн ғана уақыт қалды. Билік басындағылар осы күндерді  тиімді пайдалануы керек.

ТАПСЫРМАЛАР НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР?

Облыс экономикасында Ақтөбе қаласының алатын орны бөлек. Өңірде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер қалай болатын болса, қалада да сондай. Ақтөбе қаласының әлеуметтік потенциалын басқа аудандармен салыстыруға болмайды. Сондықтан барлық жаңалықтар, инновациялар, қазіргі жүргізіліп жатқан еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар бірінші кезекте Ақтөбе қаласында нәтижелі орындалуы қажет. Әрдайым ол жөнінде тапсырма беріледі, — деген облыс әкімі Ақтөбе қаласында  индустриялды-инновациялық бағдарлама бойынша жұмыстардың мардымды жүргізілмегенін айтты. Әсіресе, қалада жаңа кәсіпорындарды іске қосу, оның ішінде өңдеу саласындағы көрсеткіштер нашар. Себебі соңғы екі жылда 2 кәсіпорын ғана ұсынылған.

Қазір Ақтөбе қаласындағы шағын және орта бизнеспен айналысатындар үшін барлық жағдай қарастырылған. Алайда бұл салада да келелі мәселелер бар. Бердібек Машбекұлының айтуынша, бұл сала бойынша Ақтөбе қаласы өзінің мүмкіндігін толығымен пайдаланбай отыр. Әсіресе, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындар санының төмендеуі берілген тапсырманың толығымен пайдалынылмай отырғанын аңғартады. «Кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге бюджет есебінен қосымша субсидия беру, грант алу жөнінен қаланың көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда төмен. Біз үшін ең үлкен мәселе — жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл жөнінен де берілген тапсырма қазіргі таңда толығымен орындалмай отыр. Мемлекеттің нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде кешенді іс-жоспары бар. Оның да орындалуы толығымен қамтамасыз етілмейді», — деген облыс әкімі Ақтөбе қаласының әлеуметтік саласына қатысты үлкен проблемаларға айрықша тоқталды. Оның ішінде ана мен бала өліміне қатысты көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары.

Оқу жылының аяқталғанына бір ай уақыт өтсе де, қала мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. «Екі айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Ескі қалаға кіреберістегі мектеп турасында мен әрдайым айтамын. Мектептің іші-сыртын көріп, XXI ғасырдың мектебі деп айта алмайсың. Бізде тағы да жағдайы қиын сондай мектептер бар. Оқулықтар мәселесі де әлі де болса шешілмеген. Былтыр жыл аяғында, биыл жыл басында балабақша қызметкерлерінің жалақысы жөнінде айқай-шудың болғанын білесіздер. Тапсырма берілген, өкінішке қарай, қазір бұл жөнінде мәселе бар. Балабақша қызметкерлерінің жалақыны дер кезінде алмауы жөнінде ертең тағы да мәселе туындайды», — деді Б.Сапарбаев.

ҚАРАЖАТ БАР, ҚАРҚЫН ЖОҚ

Ақтөбе қаласында өткен жылмен салыстырғанда, құрылыс, жол салу ісінде қарқын бәсеңдеген. Облыс әкімінің айтуынша, бұл салаларда былтырғы жылғы қарқын жоқ. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтөбе қаласында жүргізілген құрылыс кезінде  барлық құрылысшылар таңның атысы, күннің батысы демей, тыным таппастан жұмыс жасапты. Ол кезде жұмыс қарқыны білініп, құрылысшылардың жұмысқа деген қызығушылығы артқан. «Жақында мен «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында құрылысшылармен кездестім.  Өткен жылы бізде ақша болған жоқ. Барлық құрылысшылар 6-7 ай бойы ақшасыз жұмыс жасады. Алайда бүгінгіге қарағанда ол кезде жұмыс қарқыны жоғары болды. Ал қазір қаражат болғанмен, жұмыс істеу қарқыны сол кездегідей емес. Сондай-ақ пәтерлерді сату ісінде де кемшіліктер бар», — деді өңір басшысы.

Қала активінде облыс, қала жолдары құрылысының нашар жүргізіліп жатқаны турасында сөз болды. Өткен жылдармен салыстырғанда, биыл өңірде автомобиль жолдары құрылысына жеткілікті мөлшерде қаражат қарастырылғанымен, жұмыс сапасы төмен. Ең бастысы — жол жөндеу жұмыстары ұзаққа созылады. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының К.Нокин, Тургенев, Ә.Молдағұлова сынды өзге  көшелеріне жөндеу жұмыстарының жүргізілгеніне үш айға жуық уақыт болыпты. «Осындай істерге қатысты күн сайын  халықтан хат алып, әлеуметтік желілерге жарияланымдар шығып жатыр. Халық шағымданып жатыр.  Себебі біз сіздермен бірге тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырмыз. Жауын-шашынды күндердің болғанын түсінемін, бірақ бір айдан бері жаңбырсыз күнде жұмыс жасап жатырмыз ғой», — деген Б.Сапарбаев қаланы көріктендіру жұмыстарына қатысты да бірқатар сын айтты. «Екі әкімдік құрсақ та, соңғы күндері бақылау тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Сонда ол әкімдікті не үшін құрдық? Бұл әкімдіктегілердің ең басты тапсырмасы — қаланы көріктендіру. Таңның атысы, күннің батысы әкімдіктегілер, әкімнің міндетін атқарушылар, орынбасарлары осы мәселемен айналысуы керек. Меніңше, селолық округ әкімдері сол бұрынғы деңгейлерінде қалып отырған сыңайлы», — деген облыс әкімі қаладағы басқарушы компаниялардың ісін де сынға алды.

БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯЛАР НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы ең үлкен мәселенің бірі — қала аумағындағы тұрмыстық қалдықтардың жиналуы. «Бұл жерде біз өзімізге-өзіміз проблема тудырып отырмыз. Әрине, біз бұл орайда «Ақжол» мекемесін,  болмаса басқасын кінәлі дейміз. Бірақ «Ақжолдан» кейін екі ай уақыт өтті ғой. Бұл мәселеге қатысты бірнеше рет жиын өткіздік, қанша техниканың барын есептедік. Тұрмыстық қалдықтарды шығаруда техника жеткілікті. Халық таң атқаннан кеш батқанға дейін үйінен қоқыс шығарып жатқан жоқ, тұрмыстық қалдықтардың көлемі сол күйінше қалды ғой. Ештеңе өзгерген жоқ. Бұл жерде қала әкімдігі жақсы схема орнатуы керек еді. Сосын ертемен тексеруі керек. Ол үшін жауапты адамдар болуы қажет. Мен қала әкімі орынбасарларының немен шұғылданып жатқанын білмеймін. Бұл қызметке жастар тағайындалды», — деген Бердібек Машбекұлы қаладағы жолаушылар тасымалы қызметіне де көңілі толмайтынын білдірді. Өткен жылы Ақтөбе қаласы үшін 50 қоғамдық көлік сатып алынса, жақында 80 автобус пайдалануға берілді. Алайда бұдан ешқандай нәтиже байқалмайды. Облыс әкімінің айтуынша, қазір қала көшелеріндегі автобустардың саны 2016-2017 жылдардағы көрсеткіштен жоғары болуы керек. «Қазір әлеуметтік желілерді ашсаң, барлығында осы төрт проблема айтылып жатады. Неге біз тәртіп орнатуға шара қолдана алмаймыз? Қалада қаншама үлкен жұмыстар атқарылып, ондаған миллиардтар тартылған ірі құрылыстар жүргізілгенімен, ал осындай ұсақ шаруаларды ретке келтіре алмаймыз», — деген Б.Сапарбаев аймақ басшысы ретінде осындай мәселелер үшін қала тұрғындары алдында ұялатынын айтты.

— Кейінгі кезде қаладағы жұмыс нашар. Жұмыстың нашар болатындығы — тәртіптің, сұраудың, жауапкершіліктің жоқтығынан. Лауазымды қызметкерлер өз қызметімен айналыспайды. Барлығы бастық болғысы келеді, ал бастық қылсаң, анау-мынау деп сылтауратып жүреді», — деген облыс әкімі бұл орайда Асан Ыбыраев басшылық ететін «Ақбұлақ» мекемесінің салғырт ісін де сынға алды.

Мәжілісте Ілияс Испанов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша жасалған талдау мен болжамдық көрсеткіштер тұтастай алғанда оң динамиканы көрсетеді.

Биыл жергілікті атқару органдарын басқару құрылымы өзгерді. Бес ауылдық округ таратылып, 2 аудандық әкімдік құрылды. Қазіргі кезде жаңа мемлекеттік құрылымдарды ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

«Басқарушы компаниялар нақты немен айналысады? Қоқыс шығармайды, тротуарлар, аулалар сол күйі, аялдамалардың жағдайы одан да жаман. Сонда олар не істейді?», — деген облыс әкімінің сауалына І.Испанов «өздеріне берілген аумақты тазалайды» дегеннен басқа мардымды жауап бере алмады.

Облыс әкімі жиында қаланың екі ауданға бөлінгенін, енді оны тиімді пайдалану керектігін баса айтты. «Облыс орталықтары ішіндегі ең лас қала Ақтөбе деген ұят. Экологиялық жағдайды түсініп тұрмын, бірақ бұл мәселе бойынша да жасалатын жұмыстар бар ғой. Кәсіпорындарға құрылғылар қою, «ылғалды барьер» жасау, кәріз суы қалдықтарын төгетін стансалар салынды, енді олардың жұмысын жетілдіру турасында келістік. Ағынды суларды тазарту қондырғылары үшін Еуропа қайта құру және даму банкімен арада келісімшарт бар.  Енді олар өз нәтижесін беруі керек қой», — деді облыс басшысы.

Жиында жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты құзырлы орган басшылары, қала әкімінің орынбасарларынан жауап алынды. Облыс орталығын дамытудың өзекті мәселелерін оңтайлы шешу үшін облыс әкімінің орынбасарлары жетекшілік ететін үш комиссия құрылып, жұмыс жасайтын болды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button