Басты жаңалықтар

Балконда өскен бөдене

Ырғыздық Гүлшат Бөлекбаева ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түріне жататын кәсіптің тізгінін ұстады. Бір қойдың ақшасына сатып алған 25 бөдененің балапанын ол өз үйінің балконында өсірді. Қазір құстар  жұмыртқалап жатыр.

Ырғызда 91 адам «Бастау бизнес» бойынша білім алады

«Бастау Бизнес» жобасы елімізде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ықпалымен өткен жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл — кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін кешенді оқыту бағдарламасы. Яғни халыққа кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейінгі аралықты түгел қамтиды.

Бүгінде «Бастау Бизнес» жобасы Ырғыз ауданындағы көптеген адамның өз бизнесін бастауына мүмкіндік беріпті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шамиеваның айтуынша, бұл жоба былтыр ауданда пилоттық режимде жүзеге асырылған.

Өткен жылы облыста 6 ауданның бірі ретінде Ырғызда да «Бастау Бизнес» жобасы пилоттық режимде қолға алынды. Былтыр жоспар бойынша  83 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылды. Нәтижесінде соның 26-сы несие арқылы, ал 11 адам өз қаражатына кәсіп ашты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылғандардың барлығы — бұған дейін үй шаруашылығында, жұмыссыз жүрген адамдар, — дейді филиал директоры.

Оның айтуынша, жобаға қатысушылар кәсіпкерлік негіздері тақырыбында 20 күн білім алады. Оларға курс оқығаны үшін 16 мың теңге көлемінде мемлекеттен шәкіртақы төленеді. Қолына арнайы сертификат алған курс оқушысының кейін бизнес бастауы үшін мемлекеттік түрлі бағдарламалар арқылы жылдық сыйақысы 6 пайыз көлемінде несие рәсімдеуіне мүмкіндік болады.

Биыл аудан бойынша «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 91 адам оқытылуы тиіс. Бірінші топта оқыған 29 адам сертификат алды. Оның 22-сі өз жобасын қорғап, соның 10-ы кәсіп ашуға бел буып отыр. Ал қазір екінші топта 27 адам оқытылып жатыр, — дейді  Г.Шамиева.

Бөлекбаеваның бөденелері

Мамандардың айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы елімізде бірінші болып батыс өңірлерде қолға алынған.  Бүгінде жаңа жобаны жүзеге асыру үшін облыста бірқатар шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде «Бастау Бизнестің» ықпалымен кәсіп ашып, ісін жүргізіп отырғандар да бар. Гүлшат Бөлекбаева — осы жобаға қатысушылардың бірі.

Бұған дейін үйімнің ауласында құс өсіріп, оның пайдасын көріп жүрдім. Әрине,  жеке үйде емес, аудан орталығындағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрамыз. Тауықтарды арнайы торда ұстағанмен, қаз, үйректі  торда ұстап, бағу мүмкін емес. Сондықтан өзіме ыңғайлы кәсіп ашуды жоспарладым, — деп әңгімесін бастаған Гүлшат — қазір «Бастау Бизнес» жобасы бойынша ауданда екінші топта оқып жатқан 27 адамның бірі.

Гүлшат «Бастау Бизнестің»  жүзеге асырылып жатқанын естіп, осы жобаға қатысуға ниет білдіріпті. Қазір ол ауданға Астана мен облыс орталығынан келіп, бизнес бастаудың қыр-сырын оқытып жатқан үйлестірушілер мен тренерлерден тәлім алуда.

«Бастау Бизнес» жобасы туралы естігенде, мұның мен секілді үй шаруасында отырғандар үшін тиімді жоба әрі үлкен мүмкіндік екенін білдім. Енді, міне, осы жобаға қатысып, бизнес бастау үшін тәуекелге бел буып отырмын. Әзірге несие алып, кәсіп аша қойған жоқпын, бірақ ниетім бар. Көктемде бір қойдың ақшасына 25 бөдененің балапанын сатып алдым. Күн салқын кезде бөдене балапандарын үйімнің балконында ұстап бақтым. Болашақта құстың осы түрін көбейту ойымда бар, — дейді Гүлшат Бөлекбаева.

Аудан орталығындағы екі қабатты үйлердің бірінде тұратын ол қазір құстарды аулада бағып отыр. Тордағы бөденелердің тұрған жері — өзгенің меншігі. Әзірге оған осы мәселе ғана қиындық тудырып тұр.

Алдағы уақытта құс тұратын орын қажет. Күн салқындаған кезде оларға жылы жер керек. Бөденеге пәлендей күтім қажет емес, бірақ бұл құстарға жайлы әрі жылы жердің болғаны дұрыс. Қазір мен секілді бизнес бастаушылар үшін мемлекеттен беріліп жатқан жеңілдіктер көп. Болашақта осындай мүмкіндіктерге қол жеткізетініме сенімдімін, — дейді кейіпкеріміз.

Оның өсіріп жатқан бөденелерінің тең жартысы — аналық. Тордағы құстар рет-ретімен орналастырылыпты. Мәселен, бөдененің төрт аналығы мен бір аталығы бір торда тұруы тиіс. Осындай талапты сақтап отырған Гүлшат қазір бөдене жұмыртқаларын күн сайын жинайды.

Бөдене балапандары 45 күннен кейін жұмыртқалайды. Бір бөдене 16 сағат сайын бір ғана жұмыртқа туады. Қазір күніне 12 жұмыртқа алып отырмын. Бөдене өсірудің де қыр-сыры бар екен. Егер аналық, аталық құсты тәртібімен орналастырмасаң, жұмыртқа алу екіталай. Қазір бөдененің бір жұмыртқасы 50 теңгеге бағаланады. Бұл құстың еті мен жұмыртқасының денсаулыққа пайдасын айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Әзір бөдене жұмыртқаларын сата қойған жоқпын, бірақ сұраушылар бар, — дейді Г.Бөлекбаева.

Алпысты алқымдаған кейіпкеріміз әзірге аудан бойынша бөдене өсіріп отырған жалғыз адам.

Бәсекелестік орта қалыптасты

Қазір Ырғызда 600-ге жуық адам кәсіпкерлікпен шұғылданады. Әрине, арасында екі-үшеуінің ғана шаруасы тұралап қалғаны болмаса, қалғандары халыққа қызмет көрсетіп, бизнесті өрістетіп отыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аудан кәсіпкерлерінің 48 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады.

Өз басым ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің күн сайын қымбаттап жатқанына қуанамын. Өйткені ауданда бәсекелестік орта қалыптасты. Бұрын Ырғызда апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылғанда, кәсіпкерлер өз өнімдерін өткізе алмай тұратын. Ал қазір ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғарылады. Мәселен, бұрын келісі 200 теңгеге саудаланған құртқа қазір тапсырыс жоғары. Бағасы да көтерілді, 1500 теңгеден бір-ақ шықты. Сары майдың да бағасы 2500 теңгеден сауда нүктелеріне қойылады. Бұл — кәсіп жасап жатқандардың еңбегі. Бүгінгі күні аудан тұрғындары малды, одан алынатын өнімді ұтымды пайдаланып отыр, — дейді Гүлнар Шамиева.

Филиал директорының айтуынша, былтыр ауданда «Бастау Бизнес» арқылы оқытылған адамдардың көпшілігі несиені мал шаруашылығы бағытына алған. «Қазір кәсіпкерлер бір емес, бірнеше бағыт бойынша кәсіп ашуға талпынып жатыр. Арасында несие қаражатын мал алумен қатар, түрлі техникалық қызмет көрсету бағытында пайдаланып жатқандар да бар. Былтыр аудан тұрғыны, 1991 жылы туған Саламат Кенжеғұлов «Бастау Бизнес» бойынша білім алып, нәтижесінде мемлекеттің қолдауымен 10 сиыр алған еді. Жақында Саламатты көргенмін, малы төлдеп, ірі қараны көбейтіп жатқанына қуанып тұр. Бұл жоба осындай жұмыссыз  жүрген азаматтарды қолдауға, олардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын мақсат етеді», — дейді филиал директоры.

Жақында Астана қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша былтырғы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Бұл шараға облыстан барған 12 делегаттың екеуі — ырғыздық. Олар — Сандуғаш Жәлел мен Айман Бекпенбетова. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алған Сандуғаш қазір аудан тұрғындарына компьютерлік қызмет көрсету мен қатар, мал шаруашылығын дамыту үшін де мемлекеттен төменгі пайызбен несие алуға қол жеткізіпті.  Ал бұған дейін жұмыссыздардың қатарында болған Айман Бекпенбетова жобаға қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергеннен кейін кәсіп ашуға бел буған. Қазір ол  жалға алған ғимараттың атауын «Ұлдай» салоны ретінде ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button