Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Алда болуға мүмкіндіктер жеткілікті

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әйтеке би ауданында өткізген облыстық әкімдіктің көшпелі отырысында облыстың үстіміздегі жылғы бес ай бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің орындалуы туралы айта келіп, Елбасы тапсырмаларының толық орындалғанын, көпшілік  негізгі көрсеткіштердің жоғары болғанын мәлімдеді. Тек үш көрсеткіш бойынша ғана республикалық көрсеткіштен төмен. «Алайда бұл қол жеткен табыстармен шектеліп қалуға болмайды, аймақтың барлық белгіленген көрсеткіштер  бойынша жоғары болуы,  жартыжылдықты, жылды лайықты табыстармен қорытындылауы үшін  барлық резервті жұмылдыру керек. Біз  алдыңғы қатарда жүруге тиіспіз. Алда болуға бізде мүмкіндіктер жеткілікті», — деді облыс әкімі. Бұл осы сапарда талқыланатын күллі мәселенің түйіні болды. Енді бәрін ретімен баяндалық…

Шекаралық аудан — аймақтың келбеті

Облыс әкімі күтпеген жерден ат басын аудан орталығындағы теміржол вокзалына бұрды. Бұл сапардың алдын ала белгіленген  бағдарламасында жоқ болатын. Бұл жерде облыс  басшысын селодағы теміржол бекетінің жұмысымен ауданның әкімі мен теміржол стансасы басшылары таныстырды. Вокзал ішін аралап, диспетчерлік қызмет мамандарымен әңгімелесіп, перронды көрген соң,  қырағы көз мұндағы кемшіліктерді бірден аңғарды. Теміржол вокзалының күтімсіздігі, бақылаудың жоқтығы, жап-жақсы ғимаратқа жеңіл жөндеу қажеттігі мен мұндалап тұр еді. Осыларды ескертіп, облыс басшысы вокзал ғимаратының келбетіне қарауды, қасбетін жақсартуды, тазалық, көгалдандыру жұмысын жолға қоюды тапсырды. Диспетчерлік қызметтің баяндауынша, күніге осы жермен 5-6 жолаушы пойызы өтеді. Ал сондай жүргінші өтетін орында ана мен бала отыратын арнайы бөлме жоқ. Әкім осы қызметті тез арада  ұйымдастыруды арнайы атап айтты. Аудандағы негізгі өндіріс орны саналатын вокзалдың қадағалаусыз, қараусыз қалғанын, айналасының лас, көріксіз екенін сынға алды. Бұған аудан әкімі вокзалдың аула сыпырушысы да жоқ екенін айтып, ақталды. «Бұл жөнінде маған емес, теміржол саласының мамандарына мәлімдеулерің керек еді», — деді облыс басшысы.

Ауданның сот, прокуратура орындарына арналып салынып жатқан әкімшілік ғимаратының құрылысы кейінгі жылдары бой көтерген еңселі мешіт үйінің тура жанынан түскен екен. Құрылыстың қабырғалары қаланып, көзге көріне бастаған. Мамандардың айтуынша, құны 229,6 миллион теңге тұратын, алаңы үлкен бұл  сәнді ғимарат жергілікті бюджеттен қаржының берілуіне қарай аяқталуға тиіс.

Бұдан кейінгі көрсетілген денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына облыс басшысы біраз ескертулер жасады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынбақ бұл құрылыстың қазір іргетасы ғана қаланған. Мұндай кешенді құрылыс бұған дейін Қобда ауданында салынып, таяуда пайдалануға берілген болатын. Өзге де бірер аудандарда жоспарланып отыр. Алайда жобалық жағынан бірдей осы құрылыстарға жұмсалатын қаржының түрліше болуына облыс басшысы мамандардың назарын аударды. Оның жұмсалатын қаржыға лайықты болуын пысықтады.

«Туған жерге тағзым», «Бақытты бала» жобалары бойынша аудан орталығындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектептің аумағында қолға алынған шағын стадион құрылысын облыс басшысы ықылас қоя сұрады. Бұл да облыстық бюджет  қаржысына тұрғызылып жатқан құрылыс. Қазір 5 миллион 600 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күні стадионның футбол алаңына жамылғы төсеу жүріп жатыр. Мұнда футболмен бірге, волейбол мен баскетбол алаңдары да болады.

Осы аталған мектеп ішін аралаған кезде, облыс басшысы ақпараттық технология сыныбының ашылуына қатысты. Мектепішілік жұмыстарды және ақпараттық технология жаңалықтарын аталған білім ордасының директоры Сағыныш Изгарина баяндады. Мектепке көп жақсылықтар әкелген бұл шараға да облыс бюджеті тарапынан біраз қаржы бөлінген. Соның арқасында көптеген ақпараттық технологиялық жабдықтар алынып, іске қосылған. Кабинеттерге қойылған 15 миллион теңгеге алынған компьютерлер мен 2 миллион теңгеге алынған робот жабдықтар соның нәтижесі.

Осы жерде облыс басшысы компьютерде отырған Ақансері Ерсағылды әңгімеге тартты. Ол — сегізінші сыныптың оқушысы. Болашақта сәулетші болуды армандайды. Осы бағыттағы ақпараттық технологияларды меңгеруге қазірден талаптануда.

Роботтар кабинетінде өнертапқыш жастар облыс әкіміне өздері жасаған роботтардың қызметін көрсетті. Мысалы, оның көмегімен шахмат фигуралары жасалады.

Мұнымен бірге, осы мектепте болған кезде облыс әкімі балалардың жазғы демалысының ұйымдастырылу жағдайына, олардың мектеп жанындағы лагерьде немен айналысатынына көңіл бөлді. Жергілікті жас ұстаз Әйгерім  Қасымханқызымен әңгімелесіп, оған қандай қамқорлықтар мен қолдау көрсетілгенін, яғни жас мамандарға жергілікті жерде қандай жағдай жасалатынын сұрап білді.

Бұл кезде «Целинник» аталатын аудандық мәдениет үйінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен онымен бірге келген қонақтарды үлкен мәдени іс-шара күтіп тұрды. Алдымен Мәдениет үйі алдындағы алаңда  «Бақытты бала», «Астана — ұлы дала» аясындағы шаралар — домбыра оркестрінің өнері, «Мобильді кітапхана» қызметі көрсетілді. Аудандық кітапхана ұйымдастырған «Мобильді кітапхана» қызметі — биліктің қолдауымен жүзеге асқан, ауыл үшін өте керек игі істердің бірі.

Бұл күні Мәдениет үйінің тек алдындағы алаң ғана емес, іші де игі шараларға толы еді. Бір жерде  кәсіпкерлерге берілетін дәрістер айтылып жатса, екінші жерде тағы бір жаңалық өрістеп тұрды. Бұларды көргеннен кейін облыс басшысы:

— Осы жұмыстар тек бүгін болмай, барлық уақытта осылай жалғассын! — деді.

Әйтекебилік ақсақалдар да әкімді осы жерде күтіп алып, өз тілектерін айтып жатты. Оның бірі Аралтөбе, екіншісі Құмқұдық ауылынан арнайы келген.

Мәдениет үйінің үлкен залында «Бақтытты бала — мәңгілік ел кепілі» деген атпен үлкен бір шара басталды да кетті. Облыс әкімінің өзі жариялаған Балалар жылының мәні мен маңызы айтылып, соған сай оқушы жастар «Бақытты бала» қойылымын қойды.

Қойылымнан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан үздік оқушылар, аз қамтылған отбасыларының, басқа да әлеуметтік жеңілдік тілейтін топтардың балалары әрқайсысы көлемі 100 мың теңгеден қаржының сертификаттарын алды. Сондай-ақ біраз балаларға Бурабайға, Астанаға, басқа да көрнекті орындарға жолдамалар тапсырылды.

— «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыруда  аймағымызда мұқтаж бірде-бір бала қолдау-көмексіз қалмауы керек. Әсіресе жазғы үш ай демалыс кездерінде барлық қамқорлықтар жасалуға тиіс. Жазғы лагерьлерде болып, облысымыздың көрнекті жерлерін аралап көрсетуді ұйымдастыру қажет. Ал келесі жылдан бастап сыртқы жерлерге де саяхат ұйымдастыру қолға алынады. Бала — болашағымыз, бәрін көруге тиіс. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық бала осы іс-шаралармен қамтылды. Бұл іс алда да жалғасады. Мұндай жұмыстарды жүргізген кезде, қазіргі балалардың деңгейінің жоғарылығын, талғамдарының өзгешелігін де ескеру керек, — деді облыс әкімі.

Аталған шараға жиналғандарға ауданның облыстан, Астанадан жүлде алған небір дүлдүл өнерпаздарының концерті ұсынылды. Олар Мәңгілік ел туралы, туған жер туралы шырқап, мың бұралып би биледі.

Көшпелі отырыстағы сын

Облыс әкімі Бердібек  Сапарбаевтың төрағалығымен өткен Әйтеке би ауданындағы облыстық әкімдіктің көшпелі отырысына облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары және Әйтеке би ауданының мемлекеттік қызметшілері, тұрғындары қатысты.

Отырысты ашқан кіріспе сөзінде облыс басшысы аймақта дамудың бес айдағы қорытындысына тоқталып, дамудың 4,5 пайыз болғанын атап көрсетті.  Сонымен бірге, бұл көрсеткіш ең кемі 5 пайыз болу керек деген талап қойды. Және мұны жартыжылдықтың соңына дейін ойластырып, жедел шаралар алуды тапсырды. Бұл жерде әңгіме республикалық көрсеткіштен төмен үш көрсеткіш бойынша болды.

Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов облыстың 2018 жылғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің орындалуы туралы егжей-тегжейлі айтты. Бұл бағыттағы кейбір қауіп ететін тұстарды, жекелеген аудандарда орын алып отырған кемшіліктерді ашық ортаға салды. Басқарма басшысы облыс әкімінің салық базасын ұлғайту тапсырмаларының бүгінгі күнге қалай орындалып отырғанын әңгімелеп, бюджеттік кірістер мен шығыстардың жай-күйіне талдау жасады. Алты айлықтың қорытындысы бойынша бюджет қаржысын игермеу қаупі бар Алға, Ойыл аудандарын атады. Индустриялдық-инновациялық  даму бағдарламасының орындалу барысы баяндалды. Бұл ретте де кейбір аудандардың кейіндеп отырғаны айтылды. Шағын несиелер бойынша облысқа берілген 4 миллиард 900 миллион теңге қаржының игерілуінің аудандарда тым баяу екеніне назар аударды.

Осы тақырыпты кеңейте қозғаған облыс әкімі  кедергісіз бизнес, кәсіпкерлерге жағдай жасау мәселелерін ортаға салып, бұл бағытта облыста резервтің жеткілікті екенін, бірақ экономиканың даму қарқынының ойдағыдай болмай тұрғанын білдірді.

Ауыл шаруашылығының дамуы мен көктемгі далалық жұмыстардың қалай аяқталғаны туралы облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің хабарламасы бұл саладағы қол жеткен табыстар мен алда атқарылуға тиіс проблемаларды алға тартты. Облыс әкімінің атап көрсеткеніндей, бұл сала республика бойынша жетекші көрсеткіштерге ие. Алға қойылған межелер орындалған. Көктемгі егіс жұмыстары дер кезінде аяқталды. Әйтсе де облыс әкімі мұнымен бірге, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігіне көңіл аударуды, субсидияның қайтарымын ескеруді, сүт проблемасын шешуді қатаң тапсырды.

Көшпелі отырыста облыс аудандарында жұмыссыздық және жастармен жұмыс мәселелері туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу және бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану туралы облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ерлан Назаров баяндап өтті.

Облыс әкімінің осында сынға алғанындай, аймақта жұмыссыздықтан бос жұмыс орны артық. Осының өзінен-ақ жұмыссыздықты болдырмауға жағдайдың мол екені көрініп тұрған жоқ па?!

Осы мәселені талқылау барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова әңгімеге араласып, колледж бітірген жастарды еңбекке орналастыру, халықаралық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қозғады және басқарма басшысының бұл ойлары кейін облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Отырыстың соңғы жағына қарай облыс әкімінің сынына ұшыраған және баяндамада айтылған аудандардың әкімдері қалыптасып отырған жағдайды баяндады. Мұғалжар ауданының әкімі қазір болмағанмен, жылдың аяғына қарай көрсеткіштерді толық орындаймыз десе, Шалқар құрылыс мәселесін шешудің көлемге байланысты қиындығын айтты. Ал Алға ауданының әкімі экономиканы көтеруге, жартыжылдықта бюджетті толық орындауға уәде етті. Қобда ауданының да осал жері — құрылысқа байланысты болып отыр. Бірақ алты айлықтың жоспары толық орындалатынын жеткізді.

Бос тұрған, пайдаланусыз ғимараттар негізінен Ақтөбе қаласында болып шықты. Мұнда қазір ондай 23 ғимарат бар. Қала әкімдігі бұл мәселенің шешілетінін, кейінгі кезде тазалықтың жолға қойылып, қаланы қоқыстан тазарту жақсарғанын алға тартып, сендірді.

Осы жиында облыс әкімі Мавр Абдуллиннің Моңғолия кәсіпкерлерімен қой жүнін алуға келісім жасалғаны туралы хабары да жағымды жаңалық ретінде қабылданды.

Уәдемен құтылу қиын болады

Бұл да осы жиында айтқан облыс әкімінің сөзінің түйіні. Бұл күні сынның ең ауыры Әйтеке би ауданының басшылығына арналды. Жылдың бес айын ауданның қалай аяқтағаны және жылдың соңына дейінгі міндеттер туралы көшпелі отырыста баяндама жасаған Мәлімбет Ибрашевтың деректері шындықтан алшақ жатты. Облыс әкімі қазіргі уақытта ауданның өзінің мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отырғанына нақты деректер келтірді. Шаруаның көп түрінен аудан артта қалып келеді. Құрылыс баяу, сүт өндірілмейді. Он бір кооперативтің сегізінде жұмыс жоқ. Қиыршық тас зауыты тоқтап тұр.

— Бұл аудан — шекаралық аудан, біздің аймақтың келбеті болуы керек. Мына жағында Ресей, мына жағында Қостанай облысы, келген қонақтар облысқа осы ауданға қарап баға береді. Ал аудан тап қазіргі жағдайда оған сай емес. Рас, ауданның мүмкіндігі көп, резервтері жеткілікті. Теміржол, тасжол бар, газ келді. Сумен қамтамасыз етілуде. Ауылдарға да газ тартылуда. Алайда осы және бұдан да өзге басымдықтар толық пайдаланылмай отыр. Егер іс бұлай жалғаса беретін болса, алда шара алуға тура келеді, — деп облыс әкімі ауданның бүгінгі даму жағдайына риза еместігін ашық білдірді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button