«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

«Бақытты бала-2018»: Нарқыз бен Ержанның жүлдесі

Ақтөбе мәдениетінің жаңа бренді — «Бақытты бала» халықаралық байқауы мәресіне жетті. Өнер додасының жүлдесі Ақтөбе және Орал қалаларынан қатысқан талантты балаларға бұйырды.

Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен бас жүлдеге ақтөбелік Нарқыз Жанұзақова мен оралдық Ержан Максим лайықты деп танылды. Нарқыз бұған дейін де талай байқаудың жеңімпазы атанған. «Сиқырлы микрофон» халықаралық конкурсы (Астана қаласы, 1-орын), «Әлемталантstars» халықаралық конкурс-фестивалі (Ақтөбе қаласы, бас жүлде), «Таланттар шоқжұлдызы» халықаралық конкурсы (Шымкент қаласы, бас жүлде),  «Сырым бар жүрегімде» республикалық конкурсы (Алматы қаласы, 1-орын), «Жас талант KZ»  республикалық конкурс-фестивалі (Ақтөбе қаласы, бас жүлде) секілді байқаулардың жүлдегері Нарқыздың қанжығасында енді «Baqytty Bala»додасының жүлдесі бар. Бұл байқау барысында Нарқыз композитор Ермек Елгезековтің «Ақтөбем» әнін үлкен шеберлікпен орындады. Жас әншінің өнеріне тәнті болған өнер жарысының арнайы қонағы, әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген оған өзінің атаулы жүлдесін тапсырды.

— Димаш байқау басталмас бұрын қатысушылардың дайындығын қарап, әр үміткердің әнін тыңдап шықты. Сол кезде Нарқыздың шеберлігіне риза болып, осы баладан үміт күтуге болады деп өзіне түртіп алған екен. Комиссияның барлық мүшесі бір ауыздан бас жүлдеге осы бала лайықты деп шешті. Дауыс диапазоны кең, өте шебер әнші, — дейді «ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев.

Бас жүлдені Нарқызбен бөліскен тағы бір әнші Ержан Максим де бұған дейін талай сайыстың жеңімпазы атанған. «Шырқа дауысым-2015» республикалық конкурстары бас жүлдесінің иегері, «Riga Symphony-2016» конкурсының 2 алтын және 1 күміс медальдарының иегері (Рига қаласы, Прибалтика), «Sanremo Junior-2017» (Санремо қаласы, Италия), «На крыльях музыки-2017» (Қостанай қаласы) халықаралық конкурстарының 1-орын иегері, сондай-ақ «Витебскідегі Славян базары -2017» 15-ші халықаралық балалар конкурсы екінші деңгейлі лауреаты (Витебск қаласы, Беларусь) болған Ержанның жасы бар болғаны 10-да. Орал қаласының №34 мектебінің оқушысы екен.

— Байқауға қатысу үшін барынша дайындалдым. Іріктеу турына итальян тіліндегі «Памяти Карузо» әнін жібердім. Іріктеуден өткенімді естіп, қатты қуандым. Мен Димаш ағам секілді ән айтқым келеді, оның орындауындағы әр әнді сүйіп тыңдаймын, — дейді Ержан. Жас әнші байқаудың бірінші, екінші турларында халық әні «Назқоңыр» мен белгілі италиялық әнші Лучио Далланың «Памяти Карузо» шығармасын орындады. Нарқыз бен Ержан байқаудың бас жүлдесіне тігілген 2 миллион теңгені өзара бөлісті.

Ақтөбелік өнерпаз, «Звездные дети 2018» жобасының финалисі (Ресей), «Asterix 2017» (Македония) және «ALMALY.KZ 2018» конкурстарының бас жүлдесінің иегері Санат Асуат екінші орынға ие болып, 750 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Мейіржан Жидебай, Мария Зтварницкая, Айкенай Ордина, Рахман Сатиев, Иоаннис Лазопулос, Мария Махлина, Назгүл Бәйменова, Робия Мирзаевалар 500 мың теңге мөлшерінде ақшалай жүлдеге ие болды.

Байқаудың гала-концертіне қатысып, жүлдегерлерді, барлық қатысушыларды құттықтаған Димаш Құдайберген жас таланттарға алғысын айтты.

— Әне-міне дегенше «Бақытты бала» бірінші халықаралық конкурс та аяқталды. Осы конкурстан соң-ақ мен эстрада өнерінің шынайы жарық жұлдыздары өсіп келе жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Кейбір «жұлдыздарға» жанды дауыста əн шырқауды осындай балапандардан үйреніңдер дегім келеді. Егер осы сөзіммен біріңіздің көңілдеріңізге қаяу түсірген болсам, кешірім сұраймын, алайда шындықтың жолы сара жол, ол айтылуы тиіс. Бас жүлде иегерлері Нарқыз бен Ержанды шын жүректен құттықтаймын! Барлық үміткерлер де барын салды. Біз сіздермен әрдайым мақтанамыз, — деп жазды кейін Димаш өзінің инстаграм парақшасында.

Жас таланттардың өнерін Қазақстанның және Түркия, Украина, Өзбекстан елдерінен келген өнер саласының майталмандары бағалады. Байқауды Ақтөбе облысының әкімдігі,  «QAZAQSTAN» республикалық Ұлттық арнасының қолдауымен «ДимашАли» шығармашылық орталығы ұйымдастырған болатын.

Байқаудың жабылу салтанатында қатысушыларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, «Бақытты бала»конкурсының Ақтөбеде жыл сайын өткізілетінін, бұл өнер додасының Ақтөбе облысының брендіне айналатынын айтты.

— Әлемнің 20 елінен келген қонақтарымызға алғысымды білдіремін. Бұл байқау өнер құдіретін тағы бір рет дәлелдегендей болды. Балалар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Біздің міндет — балалардың осы әлемде өзіне лайықтының барлығын алуына жағдай жасау, — деді облыс әкімі. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Қазақстанға келген қонақтар арасындатөртінші дәрежелі қатерлі ісікпен ауыратынына қарамастан Жаңа Зеландиядан 15 мың шақырым жүріп келген Анита Рой Уордқа алғысын білдірді.

Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан және Грекиядан келген өнерпаздардың басын қосқан байқаудың негізгі мақсаты — жас таланттарды анықтау, олардың жарқырап көрінуіне, өнерін ұштауына ықпал ету.

— Байқау өз мақсатының үдесінен шықты. Елдің арасында талантты балалар өте көп, солардың ең мықтысын анықтауға тырыстық. 400-ден астам өтініш берген балалардың арасынан 20 бала таңдалып алынды. Барлығы да өте талантты. Димаш байқауға дайындық кезінде әр қатысушының әнінтыңдаған болатын. «Барлығы да мықты, алайда сахнаға шыққанда қобалжып, мүмкіндіктерін өз деңгейінде көрсете алмай қалмас па екен» деп, байқау болатын күні қатты уайымдады. Бірақ қатысушылар жақсы өнер көрсетті, — дейді Қанат Айтбаев.

Бұл байқау тек таланттарды ғана анықтап қоймай, елдегі туризмнің дамуына да септігін тигізеді. Әлемнің бірнеше елінен келген Димаштың фанаттары арасында тіпті «Қазақстанға көшіп келгіміз келеді» деп әзіл-шыны аралас айтып жатқандар болды.  Финляндиядан келген жанкүйердің: «Қазақ халқы өте қонақжай, бауырмал халық екен. Осы жаққа көшіп келуге болады, қазақ арасында жүрсең,  туыстарыңның арасындай жүргендей боласың, еш жатсынбайды, жалғызсыратпайды» дейді…

Байқау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатындағы облыстық «Бақытты бала» жылы аясында ұйымдастырылды.

«Бақытты бала» байқауының үлкен олжасы — оған Димаштың қатысуы, оны Димаштың қолдауы. Оның артында тұрған миллиондаған аудиторияның, миллиондаған жанкүйердің өкілдері қазақ өнерін тамашалау үшін мыңдаған шақырым жерден ат арытып келді. Бұл — қазақтың талантты балаларының өнерін әлем елдері көре алады деген сөз, бұл — біздің өнерпаздар үшін әлемдік сахналарға жол ашылады деген сөз!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button