«Бақытты бала»

Жас бишілер жиналды

Ақтөбеде «Би толқынында — 2018» атты І халықаралық хореографиялық би байқауы өтіп жатыр. «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған шараға облыс аудандарынан өзге Атырау облысынан және көрші Ресей мемлекетінен келген өнерпаздар қатысуда.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының және Шығармашылық академиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан екікүндік фестиваль 3-25 жас аралығындағы 300-ге жуық жарық жұлдыздардың басын қосты. Көрермендер қауымы ұлттық, халықтық, эстрадалық билерді тамашалап, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің үндістандық студенттері дайындаған Болливуд стиліндегі флешмобына куә болды.

Шараның негізгі идеясы — сайысқа келетін көрші елдердің ұлттық-мәдени құндылықтарын насихаттай отырып, ұлтаралық достықты нығайту. Ал басты мақсатымыз — талантты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін арттыра отырып, көркемдік жетекшілердің халықаралық деңгейде тәжіриже алмасуына мүмкіндік беру, — дейді Шығармашылық академиясының директоры Шәмшат Жұбай.

Сонымен қатар фестиваль аясында қатысушыларға Ақтөбенің көрікті жерлеріне экскурсия өткізу жоспарланған.

Фестивальді өткізудегі бас демеушіміз — «Еңлік» үлгілі би ансамблінің ата-аналар комитеті. Келген қонақтарға қаланы аралатуға және күтіп алуға көлікпен қамтамасыз етіп отырған — «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты. Ал ақпараттық демеушілеріміз — «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Ақтөбе» телеарнасы, — дейді Ш.Жұбай.

Байқау қатысушылары мен жеңімпаздары 5 мамыр күні Шығармашылық академиясында өтетін гала-концертте   Ақтөбе облыстық білім басқармасының және Шығармашылық академиясының  атынан дипломдармен марапатталатын болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button