Басты жаңалықтар

Батырлар аллеясы

Жеңіс мерекесі қарсаңында, 7 мамыр күні-ақ  қаланың Әлия Молдағұлова даңғылының екі қапталында ақтөбелік батырлар сап түзеп тұрды. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 35 және үш дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері 9 жерлесіміздің үлкен портреттері қойылды. Және бір тұста батыр Бауыржан Момышұлының айбынды суреті тұрды.

Әлия Молдағұлованың ескерткіші орналасқан алаңға батыр жерлестеріміздің ұрпақтары, қаламыздың құрметті азаматтары, майдан мен тылдың ардагерлері, Т. Бигелдинов атындағы жоғары әскери ұшқыштар даярлайтын оқу орнының курсанттары, пединститут пен политехникалық колледждің студенттері, мектеп оқушылары  жиналды.

Осы жерде өткен салтанатты іс-шараға облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Әлия Молдағұлова даңғылындағы скверде өткен бұл салтанат Кеңес Одағы Батырлары Аллеясы құрылысының іргетасын қалауға арналды. Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен, Жеңістің 65 жылдық мерекесімен құттықтады. «Бүгін іс жүзінде, үш бірдей мереке. Осы жерде қазір қаламыздың тағы бір сәнді, қасиетті орнына айналатын батырлар Аллеясының құрылысы басталады», — деп атап көрсетті. Және осы жерде ірге тебетін алып құрылыстың жобасы туралы айтып өтті.

Мұнда мәрмәр тастан ескерткіш стеллалар және 25 орындық орнатылады. Аллеяның өн бойында 25 гүл алаңы егіледі. Жалпы алаңы 6 мың шаршы метр тротуар плиталары төселеді. Алаңы 6528 шаршы метр жерге екпешөп, 50 түп қылқан жапырақты ағаш және тротуарларды бойлай раушан гүлдер егіледі. Сонымен қатар жарықтандыру мәселесінде 129 түрлі шамдар орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды биылғы тамыз айына дейін аяқтау белгіленген. Батырлар Аллеясының ашылуы еліміздің Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толатын 30 тамызға сәйкес келеді.

Салтанатты жағдайда облыс әкімі Елеусін Сағындықов жаңа құрылыстың іргетасын қалап, бекіту рәсімін жасады.

Салтанатты жиынға ондаған Кеңес Одағының Батырларының қаламызда тұратын туғандары мен жақындары, ұрпақтары қатысқан еді. Солардың атынан «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешпаевтың қызы Бақыт, Кеңес Одағының Батыры Василий Козенковтың қарындасы Зоя Георгиевна сөз алып, батырларды есте қалдыру, ұлықтау мақсатында қолға алынып отырған елеулі жұмыстары үшін Елбасына, облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button