«Бақытты бала»

«Бар мейіріміміз — балаларға!»

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен биыл Балалар жылы болып жарияланғаны баршамызға мәлім. Осы аталған жобаны іске асыру мақсатында қала іргесіндегі Жаңақоныс селосында «Бар мейіріміміз — балаларға!» атты қайырымдылық шарасы өтті.

Новый селолық округінің әкімдігі мен Новый орта мектебінің ұйымдастыруымен «Бақытты бала — Мәңгілік ел кепілі» ұранымен өткен қайырымдылық шарасында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына көмек көрсетілді. Шара кезінде футбол және волейбол ойындарына  Қобда ауданының Әлия ауылы, «Транс энергия» акционерлік қоғамы, облыстық денсаулық басқармасы, «Қалалық мұғалімдер құрамасы», «Фаворит», «Юго-Запад», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Энергия», «Арай», «Достар», «Жастар», «Достар ветеран» құрама командалары қатысты.

Қайырымдылық шарасында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына 140 000 теңге көлемінде демеушілік жасалды. «Рахым» еріктілер тобы 50 000 теңгеге мектеп оқушыларына спорттық киім, футболка, көктемгі күртешелер, спорттық аяқкиім, көктемгі етік, классикалық шалбар және туфли алып берді.

Балаларға деген жүрек жылуын бөлісуге атсалысып, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол үшін берген құрама командалардың ойыншылары мен демеушілердің бұл игі ісі көпке үлгі болары анық. Осындай көңілге қуаныш, жүрекке мейірім сыйлайтын бастамалар өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Г. КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

     Новый орта мектебі директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button