ЖаңалықтарМәдениет

Танымал тұлғалардың тағылымды әңгімесі

Кеше Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» орталығында Қазақстанның халық артистері, танымал сахна саңлақтары Асанәлі Әшімов пен Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Татьяна Бурмистрова өңірдегі мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесті.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кеш «Ұлттық өнер — рухани болмыс» деп аталды. Алғаш боп сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:

— Бүгін Ақтөбеде «Ақ түйенің қарны жарылды» деп айтсақ, әбден жарасар.  Өйткені ортамызға сіздердей мәртебелі қонақтар келіп отыр. Осындағы мәдениет саласының қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, өзара пікір алысуыңыз есте қалар ерекше кездесу болатынына сенімім кәміл.

Жыл сайын Ақтөбеде үлкен айтыс өткізуді дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл да Астананың 20 жылдығына орай мықты ақындардың қатысуымен аламан айтыс өткелі отыр. Соған қазылық етуге келгендеріңіз үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз, — деді.

Одан соң «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Асанәлі Әшімов сөз сөйлеп, Ақтөбеге талай келіп жүргенін, осы өңірдің перзенттері — Жұбановтар әулетімен жақсы таныс болғанын, олардың қамқорлығын көргенін атап өтті.

— Қасиетті жерге табан тіреп, арқа-жарқа боп елмен араласып, келіп қалған жайымыз бар. Ақтөбенің азаматы Ахаңның (Ахмет Жұбановты айтады — А.С.) тәрбиесін көрдік десем, артық айтқаным болмас. Маған ол кісі тікелей сабақ бермесе де, жүріс-тұрысымен, сөзімен үлгі болғаны бар. Оны мен ұстазым деп есептеймін. Оның үстіне, консерваторияға оқуға түсуге келгенімде, комиссия мүшелігінің қатарында болып, монологымды тыңдаған. Ол кезде қайбір керемет оқыды дейсің… Қолымызды әрі-бері сермеп, аздап жаңылысып, әлімнің жеткенінше өнерімді көрсеттім. Сол кезде 4 адамның арасынан Ахаңның «…Бала әлі жас, үйренеді ғой…» деген бір ауыз сөзі, ағалық ақ жүрегі менің студент атануыма сеп болғанын білемін, — деп естелігімен бөлісті Асанәлі Әшімов.

Басқосу барысында әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев пен дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова домбырамен ән салып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, шара барысында 4 мәдениет қайраткерінің өмірі мен өнері жайлы сыр шертетін көрме жасақталып, келушілерге таныстырылым рәсімі ұйымдастырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button