Басты жаңалықтарЖастар

Жастар саясаты: жаңа құжат қабылданды, тың міндеттер жүктелді

Жас Отан

Астанада наурыздың 28-29 күндері «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі өтті. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында өткен съездің қорытынды Гала-форумында жастар саясатының бағыт-бағдарын айқындайтын жаңа құжат қабылданды. «Жаңа әлемге жол саламыз» атты бұл құжатта еліміздегі жастар саясатына тың серпін беретін игі бастамалар мен жасотандықтар ұйымның дамуы және еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысу жөніндегі стратегиялық міндеттері көрсетілген.

Форум жұмысына әр өңірден 600 делегат пен 1500 белсенді жас, сонымен қатар министрлер, Парламент депутаттары, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының басшылығы қатысты.

Съезд қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. Онда «Жас Отанның» елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын, мыңдаған білімді де белсенді жастардың бастарын біріктіретін, Елбасының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым екені айтылған.

– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды. Мен осынау мемлекеттің жеңісі мен қамқорлықтың жылуын жастарымыз жақсы білетініне кәміл сенемін. Қазір бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде. Төрткүл дүние Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Біз ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін осындай қарқынды өзгерістерді өз пайдамызға қарай сәтті жүзеге асыруымыз керек. Сол үшін біз Қазақстанда саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғыруларды қолға алдық, — делінген құттықтау хатта.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз құттықтауында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдары қарастырылғанына назар аударған.

– Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы, әрқайсысыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, біздің буын негізін қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді лайықты жалғастыруға тиіссіңдер! «Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын! Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын! — делінген Елбасының құттықтауында.

Екі күнге жалғасқан съезд жұмысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев съездің мәнді де мазмұнды өткенін айтып, биылғы съездің «Жас Отанның» да, партияның да бүгінгі бағыт-бағдарын, бет-бейнесін айқын көрсетіп бергенін тілге тиек етті.

– Съезд кезінде ұтымды ойлар мен өзекті пікірлер айтылды. Жастарымыз белсенділік танытып, түрлі ұсыныстармен шықты. Ең бастысы, біз креативті, заманауи, ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелі съезд өткіздік деп айтуға толық негіз бар. Біз жұдырықтай жұмылып, осындай аясы кең жиынды жаңа форматта, тың бағытта өткізуге болатынын көрсеттік. Сол арқылы жасотандықтар ашықтықтың озық үлгісін танытты. Сондықтан бұл съезді «Жас Отан» жастар қанатының жаңғыруының жарқын көрінісі ретінде қарастыруға әбден болады. Еліміздің барша жастары ортақ мүддеге ұйысып, ұзақ мерзімді мақсаттарымыздың жолында күш біріктіруі тиіс. Елбасымыздың сенімді тірегі болып, тың бастамалар мен стратегиялық шешімдердің басты қозғаушы күші болуы қажет. Бұл ретте жастарға жүктелер міндеттің де салмағы жеңіл болмасы анық. Осы жолда ел жастары ортақ мүддеге ұйысуы керек. Ал оның негізгі үйлестірушісі болу «Жас Отан» жастар қанатының мойнына жүктеліп отыр, — деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.  Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Жас Отанның» алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарына назар аударып, бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді.

Гала-форум барысында өз саласында биіктерді бағындырған, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосқан жас қазақстандықтар сөз алып, әріптестеріне жетістікке жетудің қыр-сырын айтып берді.

Съезд жұмысында жастарға рух берген паралимпиадашы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматовтың сөздері болды. Жасы 20-ға енді толған жас жігіттің өмірге деген құштарлығы жасотандық жастарды бейжай қалдырмады. Ол өзінің протезбен алғаш рет он қадам жасаған сәтіндегі қуанышын айтқанда, Гала-форум қатысушылары түгелдей орнынан тұрып қол соқты.

Мен де қарапайым балалар секілді өстім. Спортпен шұғылдандым, жақсы нәтижелерге қол жеткіздім, бала күнімнен олимпиадаға қатысуды армандайтынмын. Алайда 2011 жылы тағдырым күрт өзгерді. Екі аяғымнан айырылдым. Дегенмен өзіме деген сенімімді жоғалтпадым. Алғашқы қадамдар маған оңайға соқпады. 2013 жылы отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрама командасына қабылдандым. Соңғы кездері денсаулығында мін жоқ жастардан жақсы жұмыс іздеп жүргендіктерін жиі естимін. Айфон-10 немесе пәтер алғысы келеді. Сонда есіме протезбен алғаш рет 10 қадам жүргенім түседі. Ол мен үшін үлкен бақыт еді. Ал өз аяғыңмен жүру, әр таңды ата-анаңмен бірге қарсы алу, саябақтарда қыдыру адам айтып жеткізгісіз бақыт емес пе?! Кейде құрдастарым сәтті ойын көрсетуде жетекші орында болғанды ұнатады. Қандай жағдайға да қармастан, әйтеуір бір шара ұйымдастырғысы келеді. Шын мәнінде, мен осындай жағдайда нағыз критерийлерге сенемін. Өйткені көшбасшы болу үшін де өзгелерге пайдаң тиюі қажет. Жетекші ол адамдарға, халыққа пайдасын тигізетін, өзіне және өз еліне сенетін азаматтар болуы керек, — деді Серік Есматов.

Айта кетейік, «Жас Отан» жастар қанаты өзінің құрылымын, жұмыс тәсілін және орталық кеңсесін түбегейлі өзгертті. Жұмыстың барлық бағытына жаңа тетіктер мен құралдар енгізілді. Соған орай бастауыш департаменттер мен бөлімдердің орнына жасотандықтар «Жүрек», «Сана» және «Даму» атты үш негізгі бағытқа бөлінді. Соған сәйкес әр бағытқа белгілі бір міндеттер жүктелді.

Жастар қанатының тағы бір жаңалығы — биыл өз тарихында алғаш рет Орталық кеңес мүшелерінің онлайн-сайлауын өткізді. Орталық кеңес ұйым жұмысының негізгі бағыттарын анықтап, жастарды алаңдатқан мәселелерді зерделеп, оларды шешу жолдарын ұсынады. Одан бөлек, партия жұмысында жастардың мүддесін қорғайды. Сондықтан ашық сайлау аталған органның тиімділігін арттырып, ұйымның әлеуетін одан әрі күшейте түсті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Орталық кеңеске Ақтөбе облысынан «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин мен «Ақтөбемұнаймашкомплект» ЖШС мұнай өндірісінің темір ұстасы Қуанышбек Әбдірахманов сайланды.

Айта кетейік, бұл жолғы съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шынайылық форматында онлайн режимде көрсетілді. Соның нәтижесінде форум жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнің барлық интернет қолданушысы 360 градуста көруге мүмкіндік алды. Бұл биылғы съездің басты ерекшеліктерінің бірі болды.

ЖАҢА ӘЛЕМГЕ ЖОЛ САЛАМЫЗ

Асылжан БҮРКІТАЛИН,

«Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:

  • Біз, өскелең ұрпақ, ұлтымыздың бар қадір-қасиетін бойымызға сіңіріп, бізден кейінгі келер болашақ ұрпаққа аманат ретінде жеткізу үшін сол жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Осы ретте «Жас отанның» атқарып отырған қызметінің маңызы зор. Біз — ел ертеңіне бейжай қарамайтын жалынды жастар бұл съезден көп нәрсе күттік. Ойлағанымыз болды. Еліміздің әр өңірінен жиналған, бойында күш-қуаты тасыған жастар бас қосып, екі күн бойы ауқымды мәселелерді талқылады. Махатма Гандиден «Әлемді өзгертемін десең, өзіңнен баста» деген керемет ой қалды. Расымен де, атомдардың жиынтығы молекуланы құрайтындай, адамдардың жиынтығы әлемді құрайды. Демек, еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтуі үшін әрбір азамат өзін дамытудан бастауы қажет. Құжаттың басты мән-мағынасы — жас қазақстандықтардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау. Жастардың ең сапалы білімге қол жеткізуіне, компьютер сауаттылығын кеңінен арттыруына ықпал ету, қазақ және ағылшын тілін дамытуға арналған ортаны қалыптастыру секілді бастамалар құжатта қарастырылған. Сонымен қатар жас қазақстандықтарға басқа ел мәдениетінің өкілдерімен танысуға мүмкіндік беретін жастардың пікір алмасу жүйесін жолға қою да ескерілген. Дамудың барлық кезеңінде жеңімпаздар мен жеңілгендердің болатыны тарихтан белгілі. Жеңімпаздардың қатарында қалып, жаңа әлемде өз жолымызды қалдыру үшін алғашқы қадамымыздан бастап жас қазақстандықтар аянбай еңбек етуі қажет. Осы адал еңбек пен білімнің арқасында ғана өзіміздің дара жолымызды тарихтың беттерінде қалдыра аламыз. Болашақ біздің қолымызда. Біз жаңа әлемге жол саламыз!

 Қуат ӘБІЛҚАЙЫР,

журналист:

  • «Жас Отанның» IV съезіне Ақтөбе облысынан делегат болып барғаныма өте қуаныштымын. Және өзім қарайлас барлық жастардың да еш өкініші жоқ деп ойлаймын. Екі күнге жоспарланған шараның бірінші күнінде біздерді 4 сессияға бөлді. Мен әр облыстан жиналған жастармен бірге жұдырықтай жұмылып пікір алмасу алаңдарында бар күшімізді ортаға салдық. Мен «Білім. Ғылым. Инновация» сессиясында болдым. Бізге түскен тақырып Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5 наурыз күні жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында жүрді. Пікірсайысқа берілген тапсырма: «2022 жылға дейін студенттер үшін 75000 орындық жаңа жатақхананы қай облыстардан салу керек және 11000 жаңа стипендия техникалық мамандықтармен қоса тағы қандай мамандықтарға бөліну керек» деген сауалнама. Барлық облыстардағы студенттік жатақханаларда орын саны сырттан келген студенттерге жетпей қалатынын тілге тиек етіп, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі мамандықтарға грант санын әлде де көбейтсе екен деген ой тастадық. Пікірталас біткеннен соң Н.Назарбаев университетінің конференция залында спикерлердің сөзін тыңдап, сұрақ-жауап алмастық. Әсіресе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың рухани әңгімесі жастардың көңілінен шықты. Қорытынды сөзімді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың мына сөзімен аяқтасам деймін: «Нағыз патриот — қазіргі әлемде болып жатқан жаңалықтарды еліне енгізіп, артта қалғандарды алға жетелейтін адам».

 Нұрталап АЙБАЗАР,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  студенті:

— Мен 2016 жылдан бері «Жас Отанның» мүшесімін. Осы жылдар аралығында біз жасотандықтар  түрлі шаралар атқардық, түрлі кездесулерге қатыстық. Дегенмен  «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі менің студенттік шағымның  ең жарқын, жарық сәттерінің бірі болды. Көптеген жаңа өзім секілді ертеңіне сеніммен қарайтын, болашақ өз ісінің мамандарымен танысып, өрісім кеңи түсті. Мен съезд жұмысында «Қазақстанда жасалған» атты сессияда болдым. Бұл жерде жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесі кеңінен сөз болып, Асылжан Мамытбеков, Павель Казанцев секілді елімізге белгілі азаматтардың сөзін тыңдау бақыты бұйырды.

Наурызбек САРБАСОВ,

жас кәсіпкер:

  • «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі біз секілді өз ісін қолға ала бастаған жастар үшін таптырмас кездесу алаңы болды. Жаңаша серпін беріп, ойымызды, ойлау қабілетімізді одан сайын арттыра түсті. Өзім секілді, тіпті менен де жас жалынды жастарды көріп, болашаққа нық сеніммен қарай бастадым. Күн санап емес, сағат санап көркейіп келе жатқан бас қаламыз Астананы көріп тағы бір жасап қалдым. «Жас Отанның» съезінде маңызды дүниелердің айтылуы мені ерекше қуанышқа бөледі.

  Газеттің арнаулы тілшісі Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button