«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

Ақпан: агломерацияның жолы айқын

Жылдың ең қысқа айы — ақпандағы шаруаларды тілге тиек етсек, ең алдымен ойға оралатыны — Ақтөбе агломерациясынының даму жолдарының айқындалуы. Бұл мәселе ай соңында Астанада Үкімет деңгейінде қаралды. ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Үкімет мүшелері алдында агломерацияның даму бағыттарын баяндап берді.

Үкімет мүшелері айтылған ұсыныстарды бірауыздан мақұлдады. Сонымен, ендігі шаруа — белгіленген жұмыстарды атқаруға кірісу.

Әрине, өткен айда өзге де бірқатар бағыттар жоспарлы істер жүзеге асырылды. Солардың кейбіреуіне тоқтала кетсек….     

Экономика өсімі — 105 пайыз!

Ақпанда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «2017 жылдың  әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2018 жылға арналған  міндеттері туралы» есеп беру кездесуі болып өтті.

Онда 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы барлық көрсеткіштер бойынша 5%-ке өсіп, оң динамика көрсеткені атап өтілді.

Сондай-ақ, облыс еліміздегі инвестиция өсімі бойынша көшбасшылардың бірі ретінде  танылды. Облыс экономикасына 437 миллиард теңге инвестиция тартылды. 6600 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 40 мың адам кешенді жұмыспен қамту шарасына тартылды.

Алдағы қызметтер ауқымында басты шаруалардың бірі — биыл облыста 25 өнеркәсіп кәсіпорны жаңғыртылып, цифрландырылатыны айтылды. Бұл ретте 38 миллиард теңге салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017»-нің 18 инновациялық технологиясын енгізу жұмыстары жалғаспақшы.

Былтыр 200 ауылшаруашылық кооперативі 2100 тоннадан астам ет, 3 мың тонна сүт және 1700 тонна көкөніс және басқа да өнімдер өндірді. Облыста  ара, қоян, құлпынай, таңқурай өсіру және тағы басқа бағытта 188 жоба жұмыс жасауда.

Аймақаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерімен, сондай-ақ көршілес Ресейдің бірқатар аймақтарымен ынтымақтастық орнатылды.

2017 жылы өңіраралық ынтымақтастық бойынша тауар айналымы 26,8 миллиард теңгені құрады.

Міне, осындай және басқа да жетістіктер есеп беру барысында көпшілік назарына ұсынылды.

Халық қалаулылары — өндіріс орнында

Біз әдетте депутаттардың маңызды мәселелерді талқылап, тұрақты комиссияларда, сессияларда шешім шығаруын көруге ғана үйренгенбіз. Халық қалаулыларының «Ақтөбе» индустриялық аймағында болып, осында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысуы олардың өндіріс мәселелерін де жетік білетіндігін көрсетіп берді. Олай болатын себебі, басқасын айтпағанда, Асқар Садықов, Асхат Айтжанов, Сергей Вишняк әрқайсысы құрылыстың да, басқа да экономикалық құрылымдардың құпияларын жетік білетін мамандар. Олар индустриялық аймақта болған кезінде мұндағы шаруа жайымен танысып қана қойған жоқ, сонымен бірге кейбір күрделі мәселелерді кәсіпорын басшыларымен бірлесіп талдады. Өздерінің нақты ұсыныстарын айтты.

Мәселен, осындағы жобалар бойынша болашақта  өндірістік көлемді қаптар, темірбетон шпалдары, жел генераторлары, болат құймалары шығарылады. Ал олардың тұтынушылары бар ма? Аталған өнімдердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі қандай? Бұл тұрғыдан депутаттар кәсіпкерлерге нақты сұрақтар қойып, жанды жауаптар күтті.

Демек, жергілікті депутаттардың мұндай қадамдары құптауға тұрарлық.

Басты байлық — денсаулық

Ақтөбе медициналық кластерін әрі қарай дамыту аясында нақты шаралар жалғастырылуда. Мәселен, балалар онкогематологиялық орталығын ашу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру мәселесі облыс басшысының әлемдегі жетекші балалар онкогематологі, Германиядағы «Шаритэ» университеттік медициналық кешенінің профессоры  Гюнтер Хенцемен кездесуінде талқыланды.

Облыстық балалар клиникалық ауруханасында Гюнтер Хенце ақтөбелік дәрігерлерге семинар өткізді. Балалар онкогематологиясы бойынша мәселелер жан-жақты талқыланды. Балаларға онкологиялық көмек көрсететін қызметті құрудың тиімділігі және балалар арасында аталған сырқаттың алдын алу, онымен күрес жөнінде кеңес берді. Сондай-ақ отыз бала тексеруден өтті.

Сал ауруына шалдыққан екі жастағы ақтөбелік баланың Оңтүстік Кореяның Кенгбук университетінің  ұлттық госпиталінде тегін емделіп қайтуы да жақсы жаңалықтың бірі болды.

Университеттің ұлттық госпиталі емді қайырымдылық негізінде тегін жүргізді. Балаға арнайы оңалту бағдарламасын дайындады.

Барлық жақсы — балаларға!

Бір кездері қоғамда осындай ұран болған. Енді Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңаша сипат алған «Бақытты бала» ауқымды жобасы балалардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдай жасалуына бағытталуда. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев: «Бірде-бір бала назардан тыс, қолдаусыз қалмайды» деп атап көрсетті.

Қысқасы, Ақтөбеде балалар жылы ресми түрде бастау алды. Әрине, бұл —көпшіліктің қолдауымен оңды шешімін табатын шаруа. Балалар болашағымыз болғандықтан, оларға қатысты игілікті істерден, қамқорлық көрсетуден ешкім де тыс қалмағаны дұрыс.

Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында «Жүрек жылуы» деп аталатын қайырымдылық концерті болып өтті.

«Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешеніндегі үйден балалар үйінің 3 түлегіне пәтер кілттері табыс етілді.

Жетім балаларға көмек көрсету мақсатында мақсатты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Осы орайда 19 баланың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы алғашқы жарнасына қолма-қол ақша салынды. Тұжырымдап айтар болсақ, Ақтөбеде тұрғын үйге мұқтаж 372 бала болса, соның 258-іне демеушілер бекітілген. Демеушілердің көмегімен 7 250 000 теңге қайырымдылық төлемі жиналғаны — балаларға бүйрегі бұратын, жүрегі ауыратын азаматтардың бар екендігінің айғағы.

* * *

… Сонымен, ақпан наурызға жол ашты. Көктем көп жақсы істердің бастаушысы болсын дейік.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button