Басты жаңалықтар

Робототехника — нанотехнологияның алғашқы сатысы

Робототехника саласы оқушыларға XXI ғасырдың жаңа технологиялық жетісіктерімен танысуға, IT-технологияларды тез меңгеруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Ақтөбе өңірінде де робототехника үйірмесіне қатысатын жастардың саны артып келеді.

 71 МЕКТЕПТЕ ҮЙІРМЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Жаңа технологиялардың  қарқынды дамуы өскелең ұрпақты жоғарғы білікті  техникалық сала мамандары ретінде даярлауды талап етеді. 2016-2017 оқу жылдарында өңірдегі білім беру ұйымдарында  робототехника үйірмесі енгізілді.

Облыста робототехника үйірмесі 2012 жылы қалалық техникалық шығармашылық орталығында ашылды. Бүгінде робототехникамен  айналысатын балалардың қызығушылығы өте жоғары.

— Қазіргі таңда облыста 71 мектепте робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Қалалық техникалық шығармашылық орталығында 40-тан астам оқушы тегін қосымша білім алып жүр.

Робототехника оқушылардың ойлау жүйесін дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге, сондай-ақ математика, физика, информатика, технология, инженерлік негіздерін білуге ықпал етеді. Облысы бойынша 8 қосымша білім беру ұйымында робототехника үйірмелері жұмыс істейді. Олар Әйтеке би, Ойыл, Байғанин, Мәртөк, Хромтау, Шалқар, Қобда аудандары және Ақтөбе қаласында. 2016 жылы білім мазмұнын жаңарту шеңберінде робототехника бойынша 160 мұғалім  педагогикалық шеберлік орталығынан курстан өтсе, ал өткен жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру  ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалынан 141 мұғалім білімін жетілдірді.

Робототехника лабораториясының  міндеті — оқушылардың жаңашыл техникалық білім алуға деген құштарлығын дамыту. Қазіргі таңда бұл  үйірме  оқушылардың бос уақыттарын пайдалы да көңілді өткізетін орнына айналды. Биыл 56 мектепке робототехника жабдықтарын алу жоспарланды. Алдағы уақытта барлық мектептерде робототехника үйірмесі ашылатын болады, — дейді облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Шарипа Шакирова.

 ОБЛЫС АУДАНДАРЫНДА ҚАЛАЙ ДАМУДА?

Ауылдық жерлердегі қосымша білім беру ұйымдарындағы робототехника үйірмесі тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыс аудандарында робототехника жақсы дамып келеді. Әсіресе, Әйтеке би және Мәртөк аудандарының оқушылары жоғары көрсеткіш көрсетуде.

Әйтекебилік оқушылар инновациялық технологияларға машықтанып келеді. Қазір аудан бойынша үш мектепте арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Робототехникалық құрылғыларды меңгерген өнертапқыш балалар бүгінде түрлі олимпиадалардың жүлдегерлері. Қазір Әйтеке би ауданы бойынша үш мектепте арнайы кабинет жұмыс істейді. Әйтеке би ауданындағы Комсомол, Қарабұтақ және Талдысай орта мектептерінде осындай инновациялық технологиялар кабинеті бар. Бұл жұмыстарға өткен жылы облыстық бюджеттен 6 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Оқушылар сабақтан тыс бос уақытында қызығушылық танытып робот түрлерін құрастырады.

— Комсомол орта мектебінде өткен жылдан бастап 5-сыныпта робототехника бойынша элективті курс өткізіліп келеді. Қарабұтақ орта мектебінде 2017 – 2018 оқу жылында «Робот техника» үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірме жетекшісі жоғарғы білімді, бірінші санатты, бейнелеу және сызу пәнінің мұғалімі — Ерланғали Төребеков. 2016 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінен «Робот техника» курсынан өтті. Мектеп жанынан ашылған үйірмеге бүгінде 30 оқушы қатысады. Өткен жылдың қараша айында мектепке 11 комплект робот келді. Практикалық жұмыс барысында оқушылардың робот техникаға деген қызығушылығы басым болды. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейіне қарай тапсырмалар беріледі.

Биылғы жылы қаңтарда Ақтөбе қаласында өткен «Робо сумо» облыстық чемпионаты кезінде Комсомол орта мектебі және Қарабұтақ орта мектебінің екі командасы қатысып, нәтижесінде Қарабұтақ орта мектебінің оқушылары жүлделі ІІ орынға ие болды. Болашақта олар аймақтық жарыстарға қатысып, республикалық жарыстарда өздерінің шеберліктерін арттыруға ниетті, — дейді Әйтеке би аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Пірмағамбетова.

Жуырда Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылындағы Ж.Сәрсенов атындағы орта мектебіне жеке кәсіпкер М.Қалиев «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілік танытып, толықтай робототехника кабинетінің құрал-жабдықтарын алып берді. Енді аталған елді мекеннің оқушылары да робототехника саласымен кеңірек танысып, білімін жетілдіретін болады.

 ӨНЕРТАПҚЫШ ӨРЕНДЕР

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында  робототехника шеберханасы бар. Қазір мұнда 7-15 жас аралығында 120 оқушы білім алуда. Олар қазір бағдарламалау негіздері арқылы роботтарды құрастырып, машықтанып жатыр. Ақтөбе қаласындағы №32 орта мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Ерназ Ізімғалиевті де бұл сала ерекше қызықтырады.

— Менің Шығармашылық академиясындағы үйірмеге қатысқаныма бес ай болды. Алдымен компьютер арқылы бағдарламалауды үйреніп, роботтарды құрастырып байқап көрдім. Роботтарға түрлі  бағдарламалар орнатып, сол арқылы адам секілді құрастыруға да болады. Бір ыңғайлысы бұл роботтарды телефонмен басқаруға да мүмкіндік бар.

Біз қазірден бастап робототехника саласын еркін меңгерсек, жаңа технологияларды дамыта аламыз, — дейді ол.

Шығармашылық академиясындағы робототехника шеберханасына оқушылар 7 жастан бастап ақылы түрде қабылданады. Оқу бағдарламасы балалардың инженерлік ойлау қабілетін дамытады дейді мамандар.

— Шығармашылық академиясындағы робототехника шеберханасы өткен жылы ашылды. Оқу бағдарламасы екі жылға құрылды. Аптасына екі рет 1 жарым сағаттан өтеді. Оқушылармен бір шеберхана меңгерушісі және екі педагог жұмыс істейді.

Оқушылар роботтарды жасап, оған белгілі бір мақсат қояды. Мәселен, бір объектіні табу, бір сызықтың бойымен жүру, бұрылу, қарсы шабуыл жасау. Үйірмеге қатысушылар «Робо сумо», «Робо футбол», «Кегельринг» байқауларына қатысып, сынғы түсті. Алдағы уақытта шәкірттеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, биіктерден көрінетініне сенемін.

Шеберхана «3D принтер», «3D сканер» секілді толық материалдық-техникалық базамен қамтылған. Нанотехнологияның ең бірінші қадамы — осы работотехнология саласын дамыту деп ойлаймын, — дейді робототехника шеберханасының меңгерушісі Әлихан Садық.

ЖЕТІСТІКТЕР

Өткен жылы Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында «Kazrobotics-2017» халықаралық робототехника фестивалі ұйымдастырылды. Аталған фестивальға еліміздің 14 облысынан 141 бала қатысты. Финалдық кездесуде робоспорттың футбол, сумо, сызықпен жүру, кегельринг және биатлон категориялары бойынша өтті. Жалпы командалық есеп бойынша Ақтөбе облысының құрамы жүлделі 2-орынға қол жеткізді. Олардың қатарында түрлі категория бойынша Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының оқушылары Иван Исхаков, Никита Евграфов, Ерғали Мазикенов, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ержан Өмірзақов, Абылай Хамитов, басқа да жүлдегерлер бар.

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қаңтар айында қалалық техникалық шығармашылық орталығында робототехникадан Ақтөбе облысының ашық чемпионаты өтті. Оған облыстың 38 командасынан 80-нен астам оқушы қатысты.

Кіші категория бойынша қалалық техникалық шығармашылық орталығы жеңімпаз атанса, ІІ орынды Әйтеке би ауданының оқушылары, ІІІ орынды Мәртөк ауданы иеленді. Ал жоғарғы категория бойынша Ақтөбе политехникалық колледжі жеңімпаз болды. Жүлделі ІІ-ІІІ орындарды «Білім-инновация» дарындыларға арналған лицей-интернаттың оқушылары  иеленді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button