Басты жаңалықтарЭкономика

Қаңтар: қай тұстамыз?

Жыл басы әдетте алдағы жақсы істердің бастауы іспетті, сондай-ақ өткен кезеңнің қорытындысын шығаратын кезең.

Қадап айтатын ең басты жаңалық — 2017 жылы өңір экономикасы 5 пайызға өсті. Экономиканың қай саласында болмасын, елеулі өзгерістер орын алды. Жыл қорытындысы осыны көрсетеді. Бұл туралы газетімізде жан-жақты жазылды.

Ал қаңтарда нендей шаруалар атқарылды? Қандай мәселелерге назар аударылды?

Біз осы сауалдарға жауап іздеп газетіміздің өтіп бара жатқан айдағы сандарына тағы бір көз жүгіртсек.

Меморандумдар мәнісі

Облыс әкімдігі, жұмыс берушілер және кәсіподақ басшылығы арасындағы үш жақты келісімдерге сәйкес меморандумдарға қол қою биыл да жалғасты.

Меморандумдар мәнісі неде? Талдап көрелік.

Хромтау ауданындағы «Восход-Oriel» ЖШС бас директоры Серік Ибатовтың айтуынша, кәсіпорында өткен жылдармен салыстырғанда, өнім көлемі артқан, соған сай еңбек ұжымындағы жұмысшылардың да саны өскен. Шетелдік нарыққа, әсіресе, Ресей, Ұлыбритания, Қытай мемлекеттеріне өнімдерін экспорттайтын кәсіпорынның әлеуеті жыл өткен сайын жақсарып келеді. Мұнда былтыр орташа жалақы мөлшері — 292 мың теңгені құраған. Биылдан бастап жалақы 10 пайызға өскен.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ облыстағы мұнайдың 67 пайызын, газдың 88 пайызын өндіріп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 6 мыңнан астам адам еңбек етеді, олармен өткен жылы жаңа ұжымдық келісімшарт қабылданған. Аталған құжатқа сәйкес әлеуметтік төлемдердің көлемі өскен, тамақтандыру жайына ерекше көңіл бөлінген. Биыл мұнайшылардың еңбекақысы орташа есеппен алғанда 15 пайызға көтерілмекші.

Меморандумға қол қойған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев шығарылатын мұнай көлемінің азаймауы қажеттігін алға тартты. Тағы бір шарт — өндірісте мейлінше отандық өнімдер пайдаланылуы қажет.

Өткен жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ облыс үшін өнер орталығы ғимаратын салып бергені көпшілікке белгілі. Облыс басшылығы мұнай компаниясына биыл тағы бір жобаны ұсынды. Ол — жаңа ақпараттық технологиялар орталығына қатысты.

Арқалық рельс арқауы зауытында да ілгерілеулер байқалады. Бұл кәсіпорында тапсырыстар мөлшері өсе түскен, соған байланысты жұмысшылардың жалақысы да жоғары. Ұжымда әр адамға әлеуметтік қолдау пакеті жылына бір миллион теңге мөлшеріне дейін жеткен. Міне, бұл — меморандумның жемісі.

Осындай мәселелерді қозғаған меморандумдар облыстағы барлық ірі компаниялармен жасалуда. Жұмысшылардың мүддесін қорғауға, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған бұл шара өз тиімділігін беруде. Алда да жақсы жалғасын таба берсін дейік.

Су тапшылығы қашан жойылады?

Жергілікті әкімдердің есебінде кездесуге қатысушылар жиі көтеретін мәселенің бірі — ауыз су жайы екені байқалады.

Мәселен, қала аумағындағы Ақшат елді мекенінде қазіргі уақытта ауыз сумен қамтудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Бірнеше бөлікке бөлінген Ақшатта әзірге орталықтандырылған ауызсу көзі жоқ. Тұрғындар суды облыс орталығынан тасып ішіп отыр.

Ал Хромтау ауданының Никельтау ауылында 1947 жылы пайдалануға берілген су құбыры осы уақытқа дейін  бірде-бір жөндеу көрмеген.  Су құбырлары әбден ескірген. Сондықтан да тұрғындар бау-бақша өсіру мүмкіндігінен де тыс қалуда.

Жалпы осы аудандағы ахуалды бағамдасақ, орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту  92,3 пайызға жетті делінеді.  Өткен жылы Бөгетсай ауылының су құбыры желілерінің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген.

Сарсай ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да ойдағыдай атқарылыпты. Сонымен бірге, аудандық бюджеттен Тасөткел, Қопа ауылдарына су құбыры желілерінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Ойыл ауданының Сарбие ауылында тұрғындарды ауыз су сапасы алаңдатады. Алдағы уақытта суды тұщытып беретін қондырғы қою жүзеге асырылатыны айтылыпты.

Біз шолу барысында бірнеше мысалды ғана келтіріп отырмыз. Ал облыс бойынша байқап қарасақ, ауыз суға қатысты мәселелер басқа да жерлерде баршылық екені байқалады.

Адамның қалыпты тіршілігіне қатысты ең негізгі қажеттілік болып саналатын суға сұраныстың, оның сапасына көңіл толмаушылықтың жыл сайын әкімдер есебінде қайталанып айтыла беруі осы салаға жауап беретін басшыларды ойландыруы керек шығар…

Жаңа жоба: «Бақытты балалық шақ»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл «Бақытты балалық шақ» атты ауқымды жоба жыл бойы жүзеге асырылатынын осы қаңтар айында көпшілікке мәлім етті.

Белгілі болып отырғаны — өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатысуымен Ақтөбе қаласының барлық аулаларын балалар ойын алаңдарымен жабдықтау ісі қолға алынатындығы.

Жалпы алғанда, аталған акция білім беру, мәдениет, шығармашылық, спорт, интеллектуалдық тәрбие мен балаларды дамытуға бағытталған сегіз бөлім бойынша жүзеге асырылмақ.

Қай қоғамда да «Барлық жақсы — балаларға!» ұраны алға тартылғанымен, көп шаруалар сөз жүзінде қалып қоятынын байқап жүрміз. Ал Ақтөбеде енді қолға алынған «Бақытты балалық шақтан» күтеріміз көп.

Өткен жылдың жақсы жобалары биыл да жалғасады. Сол қатарда «Туған жер» акциясы тағы да күн тәртібінде тұрмақшы.

Ал құрылысы жүріп жатқан «Аналарға тағзым» орталығы — ізгілікті де игілікті істердің ұйытқысына айналмақшы.

Енді бір ерекше сәт — Астананың жиырма жылдығына әзірлік Ақтөбеде де басталып кетті.

Қаңтардан бастау алған жақсы жаңалықтарымыз жемісті болғай.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button