ЖаңалықтарСпорт

Ақтөбелік шаңғышылар Талғарда шеберлік класын өткізді

Алматы облысындағы «Алатау» бірегей шаңғы-биатлон кешені базасында ақтөбелік команданың жетекші шаңғышылары Қуанышбек Құдайбергенов пен Нұркен Асқар Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Оксана Яцкаямен бірге Талғар қаласының мектеп оқушылары үшін шеберлік кластарын өткізді.

Бұл шараны «Самрұқ-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры әріптестерінің қолдауымен Қазақстан шаңғы жарысы ұлттық федерациясы ұйымдастырды.

Шеберлік класы барысында ақтөбелік кәсіби шаңғышылар жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне спорттың қысқы түрінің денсаулыққа пайдасы туралы айтып, шаңғымен жаттығуға қатысты тәжірибелерін бөлісті, әдіс-тәсілдерді үйретті.

— Біз Қуанышбек Құдайбергенов екеуміз әрбір оқушымен жекелей жұмыс істеп, олардың шеберліктерін жетілдіруге күш салдық. Балалардың ұмтылысы, қиындықтардан қорықпай, көрсеткен әдістері сан мәрте қайталап, игеруге тырысуы бізді қуантады. Олардың арасынан болашақта чемпиондар шығатынына сенгіміз келеді, — дейді шаңғы жарысы бойынша спорт шеберлігіне кандидат Нұркен Асқар.

Төрт Олимпиадаға қатысқан, Азия ойындарының жеті мәрте чемпионы атанған Оксана Яцкая мектептің жаттықтырушылары Нұржан Баяхметов пен Құрманғазы Әбдікерімге кеңес берсе, Қуанышбек Құдайбергенов пен Нұркен Асқар балаларды шаңғы тебу кезіндегі техникалық жетілдіру жұмыстарымен шұғылданды.

— Бұл шеберлік класы маған көп нәрсе үйретті. Қуанышбек, Нұркен ағалар секілді шаңғымен әдемі қимылдар жасағым келеді. Бұрын оларды телеарна арқылы әртүрлі жарыстар мен чемпионаттардан көріп жүретінмін. Енді олардың тікелей тәлімін алудамын. Бұдан былай Ақтөбеде де ұстаздарым бар деп айтатын боламын. Олар бізге жиі келіп тұрса екен деген тілегім бар, — дейді 7-сынып оқушысы Қарлыға Айтуған.

    Нұр ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button