ЖаңалықтарМәдениет

Мәдениет қызметкерлерін марапаттады

Облыстың мәдениет саласы қызметкерлері 2017 жылды қорытындылады.

Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиын Өнер орталығында өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Облыс басшысы жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтап, мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті.

— Біз өнер адамдары мен мәдениет қызметкерлерінің жемісті еңбек етулері үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық және алда да солай бола бермек. Бүгінде Ақтөбеде барлық мәдениет ұйымдарының өз ғимараттары бар.   Облыс орталығында бұл мәселе шешілді, енді аудандардағы осындай мәселелерді шешуді қолға аламыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ол облыстың мәдениет саласы қызметкерлері үшін 2017 жыл табысты деп санайтынын жеткізді. Бұл жылы Қарғалы ауданының Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылында, Алға ауданының Самбай ауылында Мәдениет үйлері салынды, Бестамақ, Алтықарасу ауылдарындағы, сондай-ақ, Ақтөбедегі «Геолог» мәдениет үйі жөндеуден өтті.

— 2017 жылы әнші Димаш Құдайберген мен күйші Ардақ Елеусіз біздің өңірдің даңқын асырды. Бұл — үлкен жетістік. Сондай-ақ, Астанадағы Ақтөбе облысының күндерін де табысты өткіздік, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жандос Еспанбетов, Айнагүл Өлмесекова, Валентина Софина, Валихан Кенжебаев сынды өнер шеберлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып отыр. Ал облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Дина Ниязова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хаттарымен марапатталды. Өз марапаттарын оларға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев табыстады.

Бұдан соң осы саланың ардагері Өтеміс Әкімов, ақын Нұрлыбек Қалауов және биыл жаңа ғимаратқа, Өнер орталығына көшкен ұжым — облыстық филармонияның атынан оның директоры Елубай Кенжалиев сөз сөйлеп, мәдениет саласын дамыту мақсатындағы игі бастамалар үшін облыс басшылығына алғыс айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Жиын одан әрі басқарма басшысы Маржан Қорғанбаеваның жылды қорытындылауға арналған баяндамасымен жалғасты. Оның айтуынша, облыста 490 мәдениет мекемесі бар. Биыл олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты көптеген істер істелген. Мысалы, облыстық «Алақай» қуыршақ театрына шағын автобус сатып берілсе, облыстық филармония ғимаратында концерт залы жиһаздары жаңартылған. Бірқатар ұжымдарға қосымша штаттар берілген.

Бұл жұмыстар алда да жалғасын табады: Мәртөк ауданының Саржансай ауылында Мәдениет үйі, Хромтау ауданында Өнер орталығы, Ойыл, Шалқар аудандарында ауылдық клубтар салынбақ, т.б.

Сонымен қатар, 1200 орындық залы бар Өнер орталығы енді облыстық филармония ғимаратына айналып отыр. Ал филармонияның бұрынғы ғимараты қалалық Мәдениет үйіне беріледі. Маржан Қорғанбаева қалалық Мәдениет үйінің осы кезге дейін, яғни 40 жыл бойы өз ғимараты болмағанын айтты. Биыл бой көтерген тағы бір мәдениет ошағы — «Жұбановтар әлемінде» атқарылар істер жастар мен балалар шығармашылығын ұштауға бағытталмақ.

Астанадағы халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі, «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен «Туған жерге тағзым» форумы сынды үлкен шараларға мәдениет саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Осыған орай көптеген ұжымдар мен жекелеген адамдарға, оның ішінде қолөнер шеберлеріне облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Олардың арасында облыстық тарихи-өлкетану музейі, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония, т.б. бар.

Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button