ЖаңалықтарСпорт

Спортшылар 2017 жылды осылай қорытындылады

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында «Спортшылар балы — 2017» шарасы өтті. Салтанатты жиында жылдың ең үздік  спортшылары, бапкерлері, аталған саланы дамытуға үлес қосқан басқа да мамандар марапатталды.

Облыстағы спорт мамандарының басын біріктірген мерекелік басқосуда алдымен Тауық жылында атқарылған іс-шаралар мен қол жеткізген жетістіктер қамтылған шағын бейнефильм көрсетіліп, артынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алды:

— Әр ұлтты, мемлекетті басқаларға таныстыратын салалардың бірі — спорт. Сіздердің жеңістеріңіздің арқасында өзге мемлекеттер Қазақстанның бар екендігін біледі, қазақ ұлтын біледі. Сіздер неше түрлі жарыстарда, чемпионаттарда жеңімпаз болған кезде, Қазақстанның Әнұраны ойналады, Туы көтеріледі. Соған қарап, бәрі біз туралы біледі. Соның арқасында біздердің абырой-беделіміз артады.

Осы 26 жылда Қазақстанның спорттан қандай жетістікке жеткенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қандай дүниежүзілік чемпионаттар, Олимпиадалар өтсе де, соның бірде-біреуі қазақстандық жеңімпаздарсыз болған емес. Барлығында біздің жерлестер жүлделі орындарға ие болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа қатысты жүргізіп отырған саясатын білесіздер. Барлық билік өкілдеріне берілген тапсырма бар, ол — сіздерді қолдау, спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту. Сол арқылы еліміздің беделін әрі қарай асқақтату — басты мақсат. Біз де Елбасының тапсырмасын орындай келе, сіздерге жағдай жасасақ деп жұмыс істеп жатырмыз.

Өтіп бара жатқан жылдың біз үшін ерекшелігі — ақтөбелік Есет Қуановтың самбодан әлем чемпионы болуы. Одан кейін күрестен біздің Мейрамбек Айнағұловтың күміс жүлде алғаны, сондай-ақ, бір топ жігіттердің Азия чемпионаттарында жүлдегер болғаны бар. Біз енді күрес, самбомен тоқтап қалмай, басқа да спорт түрлерін дамытуымыз  керек. Ақтөбе әр уақытта бокстан жақсы орындарға ие болған. Біз соны әрі қарай жалғастыруымыз  керек. Спорттың барлық түріне көңіл бөлуіміз қажет. Осы мақсатта былтырдан бастап ерлер арасында волейбол, баскетбол командаларын, биыл хоккейден, мәнерлеп сырғанаудан жастарды дайындап жатырмыз. Енді хоккейден де Ақтөбеден команда шықса деген мақсатымыз  бар. Одан кейін шаңғы спортына да ерекше көңіл бөліп, қысқы спортты дамытқалы жатырмыз. Оған біздің ауа райы мүмкіндік беріп отыр. Материалдық-техникалық базаға келсек, Ақтөбе қаласында спорт алаңдары көптеп салынып жатыр. 2-3 жылдың ішінде барлық аудан орталықтарында жабық спорт кешендерін салып бітірсек дейміз.  Биыл сондай кешенді Қобдада салдық. Енді Мәртөк, Әйтеке би, Қарғалы аудандарында салсақ деген ойымыз бар. Бұл жерде біз кәсіпорын, компаниялар басшыларын жұмылдыратынымызды айта кету керек. Осы орайда, сіздердің аттарыңыздан осы іске атсалысып жатқан барша кәсіпкерлерге рақмет айтамын.

Келер жылы қысқы Олимпиада өтеді. Өкінішке қарай, онда бізден баратын спортшы жоқ. Бірақ бұдан да нәтиже шығаруымыз керек, бұған қатысты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді.

Облыс басшылығы атынан сіздердің жеңістеріңіз үшін рақмет айтқымыз келеді. Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймыз. Табыс тілейміз. Еліміздің көк Туын желбіретіп жүре беріңіздер! — дей келе,  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы лайықты деп шешкен үздіктерді марапаттады. Атап айтсақ, «Жыл жаңалығы — 2017» болып самбодан 2017 жылғы әлем чемпионы Есет Қуанов танылса, «Үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі — 2017» атағы Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне берілді. «Үздік облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі — 2017» аталымы бойынша «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрметке бөленсе, «Үздік аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі — 2017» болып Мұғалжар аудандық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі атанды. «Үздік жаттықтырушы — 2017» грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рақымжан Бақытжанов ,«Үздік жас спортшы — 2017» жүзуден Азия чемпионатының күміс жүлдегері Диана Назарова, ал «Үздік спорт федерациясы — 2017» облыстық теннис федерациясы болды. Сонымен қатар, «Үздік мүмкіндігі шектеулі спортшы — 2017» грек-рим күресінен есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы ҚР чемпионы Малайдар Бексұлтанға, «Үздік ауылдық жердегі әдіскер-спорттық нұсқаушысы — 2017» Байғанин ауданы әдістемелік орталығының әдіскер спорт нұсқаушысы Төлеген Жанпейіске, «Үздік ауыл жаттықтырушысы — 2017» Шалқар ауданы №1 В.Цеханович атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресінен жаттықтырушысы Еңсепов Жетпісбайға табысталды.  «Үздік спорт журналисі» ретінде «AQTO’BE» телеарнасындағы «Спорт time» бағдарламасының жүргізушісі Айбек Намазбаев марапатталды. Жоғарыда аталған марапат иелеріне дипломдар мен ақшалай һәм бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Спортшылар балы — 2017» салтанатты шарасы өнерпаздардың дайындаған мерекелік бағдарламасына ұласты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button