«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Қозғаушы күшке айналды

Форумнан соң

Бәріміздің де жүрегіміз туған жер деп соғады. Елге қызмет еткіміз келеді. Біздің жас кезімізден мақсатымыздың өзі осылай болды.

Мен 1970 жылы Ташкент электротехникалық байланыс институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолымды өзім туып-өскен Шалқар ауданында бастадым. Аудандық байланыс желісінде бас инженер, бастық болып қызмет еттім. Ол жылдары елді мекендерде бұл салада жетіспеушіліктер көп еді. Соған қарамастан алыс ауылдармен байланыс орнатуға қол жеткіздік.

Кейін облыстық техникалық-байланыс басқармасында бас инженер болып он сегіз жыл бойы қызмет атқарғанымда осындай жұмыстарды облыс көлемінде жалғастырдық. Осы кезеңде көптеген жаңарулар болды. Байланыс қызметі сапалық тұрғыдан жетілдірілді. 1995 жылы Ақтөбеге ұялы байланыстың алғашқы қарылғашы келді. Сол істің бастауында болдым. «Алтел» компаниясының филиалына басшылық етіп, байланыстың жаңа түрін ел игілігіне әбден енгізгенше он жылдай жұмыс жасадым.

Ақтөбеде өткен «Туған жер» республикалық форумы барысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп-біліп отырғанымда менің ойыма осы өткен еңбек жолдарым оралды.

Шынында да, біздің әрқайсысымыз елге не бердік, не қызмет жасадық деген сауалды санамыздан шығармауымыз керек. Сонда ғана туған жеріміз көркейеді, көгереді.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бұл бастамасы біздің жүрегімізге жылы тиді. Себебі, осы өңірден түлеп ұшқанымен жан-жақта, қызмет бабымен тіпті шалғайда жүрген жерлестеріміз аз емес. Олардың көпшілігі облыс әкімінің шақыруын қабыл алып, форумға ерекше ынтамен келді. Және барлығы бірдей осында бас қосқандарына риза көңілдерін білдіріп, қолдарынан келген көмектерін аямайтындықтарын айтуда.

Соңғы жылдары облыс орталығы адам танымастай өзгерді. Қаншама жаңа тұрғын үйлер салынуда. Әлеуметтік-мәдени құрылыстар бірінен соң бірі бой көтеруде. Форумға келген жерлестеріміз соның бәрін шын көңілден тамашалап, жақсы бағасын беріп жатты.

Менің ұлым Мұрат Жөребеков Ақтөбе қаласындағы №25 орта мектептің түлегі. Алғашқыда Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті бітірді. Одан кейін білім жетілдіріп, Алматыдағы менеджмент, экономика және болжамдау институтында оқыды, Шотландиядағы «Strathclyde» университетінің магистратурасын тәмамдады. Қазіргі уақытта Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бойынша Қазақстан Республикасы өкілетті органы — «PSA» ЖШС-ның бас директоры қызметін атқаруда. Бұл компания Қазақстанның батысындағы облыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатыр. Алдағы уақытта әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеуде.

Келешекте баламның да «Туған жер» акциясына белсене қатысатынына сенемін. Өйткені ол да қай жерде қызмет жасамасын, мүмкіндік тапқан уақытта елге қарай бүйрегі бұрып тұрады. Және хабарласқан сайын облыстағы оң өзгерістерге тілектестігін білдіріп отырады.

Форум болып өткенімен, оның ықпал-әсері енді күшейіп келе жатыр деп ойлаймын. Түптеп келгенде, осының бәрі елдіктің, Отанды сүюдің, бір-бірімізге жанашырлықтың қозғаушы күші деп білемін, сондықтан да қолдаймын.   

 Өтеміс ЖӨРЕБЕКОВ,

байланыс қызметінің ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button