«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Тілегі бірдің тірегі мықты

Форумнан соң

«Туған жерге туың тік» дейді халық даналығы. Қайда жүрсең де жүрегіңді жылытып, көңіліңді алаңдататын сондай бір ыстық мекеннің болғанына не жетсін. Рас, біздер алысқа ұзап кете қойған жоқпыз.

Менің өзім бұрынғы Қарабұтақ ауданында дүниеге келгеніммен, он жеті жасымнан Шалқар қаласында аудандық білім бөлімінде есепшілік қызметпен еңбек жолымды бастадым. Міне, содан бері қырық жылдан сәл асатын уақыт өтті. Ең бірінші еңбектегі ұстазым Ыбырайым Мырзалин мектепті жаңа ғана бітірген маған есеп-қисаптың құпияларын үйретіп, тәрбиеледі. Осындай қамқорлық нәтижесінде мен аудан бюджетінің сексен пайызын ұстап отырған аудандық білім бөлімінің бас есепшісі болып тағайындалдым.

Жалпы білім саласында еңбек еткендіктен аудандағы мектептердің жай-күйі, олардың түлектері туралы деректерді жақсы біліп отырдым. Кешегі күні Ақтөбе қаласында өткен форумға республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген, есімдері елге танымал көптеген шалқарлық азаматтар келгенінен хабардармын. Олардың жақсы істеріне сүйсініп отырамын.

Мәселен, біздің ауданның Айшуақ орта мектебінің түлегі, қазіргі уақытта Маңғыстаудағы «Интер-Строй-Ақтау» фирмасының директоры Нұрдәулет Сәдуов ініміздің осы форумға қатысқанын теледидар арқылы көрдім. Көпшілікке танымал кәсіпкер бауырымыз бұрын да туған жеріне келіп, қолынан келген көмегін көрсетіп жүр. Бегімбет ауылына мешіт салып берді. Басқа да өндірістік қуаттарды іске қосуға ниеттеніп жүргенін естідік.

Егер әрбір азамат қолынан келгенінде осындай бір оңды істер атқарып жатса, туған жеріміз гүлденіп, көркейе түспей ме?!

Менің жолдасым Қайсар Үсенов отыз жылдай ішкі істер органында қызмет етті. Зейнеткерлікке шыққан соң кәсіпкерлікті қолға алды. Кафе, наубайхана ашып, халыққа қызмет ету саласын өрбітті. Міне, бұл да біздің елді көркейтуге отбасылық үлесіміз деп есептейміз.

«Туған жер» республикалық форумы тілегі бір түлектердің басын қосты. Ол тілек туған жерді көркейтуге үлес қосу десек, алғашқы жол салынды. Алдағы уақытта оның кең өріс алып, дами түсетіндігіне өз басым сенемін.

 Айзат ҮСЕНОВА,

білім беру саласы кәсіподағының ардагері.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button