Басты жаңалықтарЭкономика

Экспо-дан тартылған жол өңірді өзгеріске бастайды

V халықаралық инвестициялық форум қорытындысы бойынша 200 миллиард теңгенің он бір меморандумына қол қойылды.

Ақтөбе облысы экономикасының жетекші салалары бұрынғыдай өнеркәсіптік және мұнай-газ секторы болып табылады. Алайда алдағы уақытта мұның өзіне өзгерістер енуі мүмкін. Өйткені соңғы жылдардағы экономикалық түрленулер өндірісті әртараптандырып, жаңа басымдықтарды белгілеуді алға тартуда.

Мемлекет басшысы қойып отырған талап та осы. Елбасы Үкімет мен облыстардың әкімдеріне жаңа технологияны дамытуды тапсырды.

«EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне ұсынылған инновациялар мен мүмкіндіктерді қалайша тиімді және қапысыз пайдалануға болады? «Болашақтың энергиясы» әлеуетін аймақтарды дамытуда қалай пайдаланған жөн? Осындай сан сауалдардың жауабы Ақтөбе қаласында өткен  «Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумында жан-жақты айтылды. «ЭКСПО-2017: өңірлердің даму серпіні» пленарлық мәжілісі барысында оған қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Форум тақырыбы кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. ЭКСПО өткізу барысында Энергетика министрлігі Ақтөбе облысын инновацияны енгізу жөнінен жетекші аймақтардың бірі ретінде атап көрсетті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келушілерге құтты қадам тілеген форумның жұмысына 500-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пирметов, Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Стефано Раваньян, шетелдік сарапшылар мен инвесторлар, ұлттық компаниялардың, қазақстандық және халықаралық даму қаржы институттарының, БАҚ-тың өкілдері, отандық және шетелдік бизнесмендер, жас ғалымдар, мемлекеттік органдардың басшылары бар.

Бас пленарлық мәжілістің тізгінін қолға алған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы жанындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов:

— Біз биылғы жылы Үшінші жаңғыртуды айқындадық, сондықтан да бәріміздің санамызда сілкініс орын алуы тиіс. Форумның осы өңірде өтуінің де өзіндік мәні бар, себебі Ақтөбе облысы инвестиция тарту бойынша бірінші орынды иеленіп отыр, — деп алғы бағытты айқындап берді.

 Уақытпен сабақтас серпін

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз басында инвестиция салу үшін перспективалық жобалар ұсынылған, бизнес жүргізу мақсатында аймақтың басымдықтарын таныстырған форумға қатысуға келген қонақтарға алғыс сезімін білдірді. Ол аталған жиын аясында әлемдік экономика ахуалында экономикалық өсімді қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін шетелдік нарыққа шығару, Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграция, тағы басқа көптеген өзекті мәселелер талқыланып отырғанын қанағаттанған көңіл күйде атап өтті.
— Бұл ауқымды жиынның тақырыбы кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Биылғы жылы бұрынғы кеңестік аймақта тұңғыш рет Қазақстанда біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткізілді. Мемлекет басшысы алға қойып отырған басты міндет — елімізге жаңа технология мен инвестицияны тарту және енгізу. Экологиялық проблемаларды шешуге, энергияның дәстүрлі емес көздерін дамытуға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылады.

Жалпы алғанда 140 мыңдай ақтөбелік Астанадағы көрмеге қатысты, оның ішінде 20 мыңнан астам кәсіпкерлер болды. Олар озық технологияларды өздерінің өндірістерінде енгізу мүмкіндіктерін зерттеді және заманауи әлемдік стандарттарға жауап беретін 20 технологияны таңдап алды. Қазіргі уақытта біз оларды енгізумен шұғылдану үстіндеміз. Бұл жобалар бойынша инвестицияның жалпы мөлшері 128 миллион доллар құрайды,— деп хабардар етті көпшілікті Бердібек Сапарбаев.
Ол бірқатар енгізілетін жобалар туралы қысқаша баяндап берді. Облыста жасыл технологияны дамыту үшін инвестицияның жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 4 жоба қосымша жүзеге асырылуда. Бұл қатарда «Кемпірсай Энерджи» ЖШС-ның бірінші кезегі 100 МВт қуаттылықпен, одан әрі 300 МВт-ға дейін ұлғайтумен жұмыс істейтін жел электр станциясы, Қарғалы су қоймасында қуаттылығы 500 кВт шағын гидро электр станциясы, Мәртөк ауданында қуаттылығы 450 кВт желмен жұмыс істейтін энергетика қондырғысы және «Юнайтед Энержи Ақтөбе» ЖШС-ның жел генераторы өндірісі бар.
— Аталған технологияларды қолдану аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға, энергияны тұтыну тиімділігін көтеруге, еңбек өнімділігін 10-15 пайызға арттырып және электр энергиясын тұтыну қардарлығын қысқартуға мүмкіндік береді, — деп атап көрсетті облыс әкімі. — ЭКСПО өнеркәсіптік секторға ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік саланың дамуына да жаңаша серпін берді. Мысалы, біздің жоғары оқу орындарымыздың оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілсе, денсаулық сақтау саласында құрылған «Ақтөбе Медикал Центр» медициналық кластерін одан әрі дамытуға мүмкіндік жасауда.

Бүгінгі күні мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында денсаулық сақтау саласы бойынша жалпы құны 48 миллион доллар тұратын 37 жоба жүзеге асырылуда. Барлық құрылыстарда неміс, оңтүстік корей, австрия, түрік өндірушілерінің инновациялық жасалымдары пайдаланылатын болады, оның ішінде  ЭКСПО-ға ұсынылғандары да бар.
— Біздің Мемлекетіміздің басшысының бастамасы бойынша табысты өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесі күшті, инновациялық Қазақстанның түпқазығын нығайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге аймақтар үшін жаңа технологияларды енгізуде мол мүмкіндіктерді де ашты, — деп атап көрсетті облыс әкімі. — Біздің облысымыз аймақтың экономикасына отандық және шетелдік инвестицияның келуін ынталандыру үшін жақсы имиджге және ауқымды әлеуетке ие. Облыс бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Бүкіләлімдік банктің рейтингінде жетекші орында тұр. Ағымдағы жылдың 9 айында инвестиция өсімі 120%-дан асып, сыртқы инвестициялар 1,8 есеге ұлғайды. Облыста инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қажетті барлық шаралар қабылдануда. Осы мақсатта индустриалды аймақ ашылып, жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта оның тең жартысы аумағы пайдаланылуда. Мұнда 9 жоба жүзеге асырылуда, оған шетелдіктер де қатысуда, инвестицияның жалпы мөлшері 35 миллион доллар құрайды.
— Біз ынтымақтастыққа әрқашанда әзірміз және қуана қарсы аламыз, — деп түйіндеді сөзін Бердібек Сапарбаев.

 Мақсат — болашақтың энергиясын пайдалану

Форум басталар қарсаңда Өнер орталығының фойесінде облыстың инвестициялық әлеуетін көрсететін көрме ұйымдастырылды. Инвесторларға тау-кен металлургия, мұнай-газ, агроөнеркәсіп, энергетика және туристік сала, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындарда енгізілетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің жаңа технологиялары таныстырылды. Сонымен бірге бизнес жүргізу үшін дайын алаңдар, аймақтың минералдық-шикізат базасы, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобалар ұсынылды.

Инвестициялық жобалар ауқымында Қарғалы ауданындағы қоңыр көмір, Темір ауданындағы титанды-цирконды руда, Шалқар ауданындағы тау-кен-металлургия кешені құрылысы, «Көктас-Ақтөбе» ЖШС цемент зауыты, индустриалды аймақтағы «Атлант Ақтөбе» электрлі шойын балқыту зауыты, «Ақбұлақ» АҚ кәріздік тазалау құрылғыларын жаңғырту, тағы басқа бірқатар жұмыстарды игеру көзделген.

Уақытша немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер қонысжайлары үшін күн энергиясы есебінен жылыту және ыстық сумен жабдықтаудың мобильдік жүйелерін енгізуді «Светоком» компаниясы жоспарлауда. Ал «Ақбұлақ» АҚ Финляндияның «Wilkinmдki» тазалау қондырғылары кешенін пайдаға асырмақшы.

«Автопарк» ЖШС күн батареясымен жұмыс істейтін эко-автобустарға қызығушылық танытуда. «Энергосистема» ЖШС мен «ТК Фарм» компаниясы жаңғырмалы энергия көздерін, яғни күн панелдерін іске жаратуды ойластыруда.

Ынтымақтастық ұлғая береді

Көршілес Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг өздерінің қашаннан осы өңірмен тығыз байланыста екенін мәлімдеді, ал Бердібек Сапарбаев оны әріптестерінің «Орынбордың бас қазағы» деп санайтынын әзілмен жеткізді.
— «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің біздің аумақтағы созылып келе жатқан құрылысы аяқталды. Мен сіздерге осы жаңа жолмен келгенімді мәлімдеймін, — деді Юрий Берг. — Өткен жылы Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин Астанаға сапары алдында ұзындығы 52 шақырымға созылатын осы жол аумағы мәселесін шешуге қатысты бізбен кездесу өткізген еді. Оның алдында бұл жайды Нұрсұлтан Назарбаев та қозғаған. Президенттердің тапсырмасы орындалды. 2003 жылдан 2016 жылға дейін өзара сауда көлемі 2,6 есе ұлғайды, өткен жылдың қорытындысы бойынша оның сомасы 734 миллион доллар құрады. Орынбор облысында қазір 369 бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді, оның 85-і қазақстандық капиталдың қатысуымен деп есептеледі. Біздің Новотроицкідегі зауытымыз сіздерден хром тұзын алады, ал сіздердегі Ақтөбе рельс арқалығы зауытына Оралдың шойыны жеткізіледі.

Юрий Берг екі өңір арасындағы көп жылғы әріптестіктің алдағы уақытта да жалғасын табатын өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізі болатындығына сенім білдірді. «Біздің тарихи өткен жолдарымызда да, қазіргі уақытымыз бен болашағымызда да көптеген ортақ жайлар бар, — деді ол. — Бірлескен жобалардың бірі — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі болып табылады.

Өзге де көптеген келісімшарттарымыз бар. Демек, бізді алдағы уақытта да ауқымды қызықты жұмыстар күтіп тұр. Алдағы қараша айының 2-3 жұлдызында бізде өтетін «Орынбор — Еуразияның жүрегі» форумында сіздерді күтетін боламыз.

Біз сенімді достар болып қала береміз. Бірге дамып және өркендеудің мүмкіндігін жасағаны үшін Қазақстанға, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа рақмет!».

 Қостанайдың электромобильдері іске қосылады

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Aktobe Invest» халықаралық форумының жыл өткен сайын серпін алып келе жатқанын атап көрсетті.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Қостанай облысының бренді ретінде жергілікті өндірістің электрокар болғаны көпшілікке мәлім. Биылғы жылы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында оны жаппай шығару қолға алынды. Тіпті Елбасының өзі оған мініп көрді. Қазақстан Президенті сынақтан өткізген көлік S2 жинақы алдыңғы жетекті кроссвердің JAC iEV6S электрлендірілген варианты.

— Қазіргі уақытта біз Елбасының тапсырмасына сәйкес арнаулы электрмен қоректендіру құрылысын бастадық. Такси қызметіне электромобильдерді пайдаланғымыз келеді, — деді Архимед Мұхамбетов. — Соңғы алты жарым жыл аумағында Қостанайда 28,5 мың автомобиль құрастырылды. Біздер жеті әлемдік брендтегі автомобильдердің қырықтан астам моделін өндірісте игердік. Оларды жинақтау құрастырудың ұсақ та, сондай-ақ ірі де желілік әдісімен жүзеге асырылады. Біздің бағдарымыз — өзіміздің автомобильдерімізді Ресейге және Тәжікстанға экспортқа шығару.

Ақтөбе облысында көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Жалпы өнім көлемі индексінің 70 пайызға өсуінің өзі үлкен жетістік. Әлеуметтік-экономикалық дамудың табыстарына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жүйелі жұмысы арқылы қол жеткізілгенін айтқым келеді.

Архимед Мұхамбетұлы сондай-ақ, биыл Қостанай облысының Ақтөбедегі күндері өткізілетінін айта келіп, мұның өзі аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетіндігін тілге тиек етті. «Сонымен бірге біз Батыс Қазақстан мемлекеттік университетімен мамандарды тартуға қатысты серіктестік қызметті өрістетуге ниеттіміз. Біздің өңірде білікті дәрігерлер тапшы, сондықтан бұл проблеманы осындай байланыс арқылы шешпекшіміз», — деді ол.

Форумға қатысушылар алдында Италияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Стефано Раваньян, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, «Al Masaood Oil and Gas» компаниясының бас директоры Ахмад аль-Таннир, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пирметов және «Blockchain Fund» қорының президенті Андрей Карпухов сөз сөйледі.

Форум қорытындысы бойынша жалпы құны 200 миллиард теңгеден асатын 11 меморандумға қол қойылды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button