ЖаңалықтарСпорт

Бақытжан мен оның алауы автокөлік пен әкімнің кубогын иемденді

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласы әкімі кубогына арналған ат жарыс өтті. Сәйгүліктер сайысында еліміздің өңірлерінен бөлек, көршілес Ресей Федерациясының өкілдері де бақ сынасты.

Жарыстың өзі тоқ бәйге және аламан бәйге бойынша ұйымдастырылды. Облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті Азат Жүкеннің айтуынша, 50-ге жуық қатысушының арасынан Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды сияқты облыстардың шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік ат, епті шабандоздарын ерекше атап өтуге болады. Бұл қатарда өзіміздің де мықтыларымыз бар. Әсіресе, олар — аударыспақ, теңге ілу ұлттық ойындарымызда оза шауып жүргендер.

Ипподромда өткен салтанатты шараға атпен шауып келген Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов алғашқы боп лебізін білдіріп, жарыс жолына түскендерге сәттілік тіледі:

— Сүйікті қаламыз, құтты мекен — Ақтөбеде өтіп жатқан ат жарысына қош келдіңіздер! Ат спорты ата-бабамыздан келе жатқан спорттың бір түрі екенін білесіздер. Сондықтан бұл жарыстың орны бөлек.

Ат жарысқа қатысу үшін көршілес Ресей елінен де келіп отырғандар бар. Осындағы барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спортымыз дами берсін демекпін, — деді.

Тоқ бәйге бойынша сәйгүліктер 11 шақырымға шапты. 8 қатысушының арасынан ақтөбелік Аслан Еркіновтің тұлпары мәре сызығын бірінші боп кесіп өтіп, жеңімпаз атанды. Одан кейінгі жүлделі орындарды ресейлік Денис Орлов пен қостанайлық Қуаныш Өтегендер өзара бөлісті.

Ал 21 шақырымды қамтыған аламан бәйгеде маңғыстаулық шабандоз Бақытжан Жеткізгеннің аты озды. Жүлделі II және III орындарды қостанайлық Сергей Үргенішбаев пен қарағандылық Мирас Тілеуберлиндер еншіледі.

Аламан бәйгеде қарсыластарын шаң қаптырған 13 жастағы Бақытжанға бас жүлде — «Лада Гранта» автокөлігі мен әкімнің кубогы табыс етілсе, басқа жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, ақшалай сыйлықтар берілді.

Бәйгенің соңында бас жүлде иесі — Бақытжан Жеткізгенді әңгімеге тартқанымызда, бұл жеңісінің басы емес екенін, бұған дейін Алматыда Президент Кубогына өткізілген жарыста I орынды жеңіп алғанын білдік. Оның осындай жетістікке жетуіне, әрине, тізгіндеген тұлпарының да үлесі зор. 3 жастағы «ер қанатының» аты — Алау.

— Осындай ат жарыстарына мектептің 4-сыныбында оқып жүргеннен қатысамын. Дайындығым жақсы болды. Атым да менің үмітімді ақтап, соңына дейін шыдап бақты. Оған ризамын… Бәйгеге әкем мен бапкеріммен келіп отырмын, — деп атап өтті Бақытжан.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button