Басты жаңалықтарМереке

«Қарттарым, аман-сау жүрші»

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Салтанат сарайы» мейрамханасында Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ардагерлермен мерекелік дастарқан басында кездесті.

Дастарқанға шақырылғандардың басым бөлігі — облыстық ардагерлер кеңесі мен «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері.

Жалпы бүгінгі күні облыста 88 мың зейнеткер бар. Олардың 90-ы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 7 мыңнан астамы — тылда еңбек еткендер.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарияларды мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Әрбір қоғамда ақсақалдардың орны бөлек. Себебі сіздердің ақылдарыңыз, даналықтарыңыз әр уақытта қоғамның әрі қарай дамуы үшін өте қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, сіздер — Қазақстанның алтын қорысыздар, таусылмайтын қазынасысыздар. Сіздер өмірдің небір қиындықтарынан өтіп, Қазақстанның қазіргі егеменді ел болып, халықаралық дәрежеге жетіп, дамып жатқаны сіздердің төккен терлеріңіз бен еткен еңбектеріңіз арқасында. Бүгінгі күні де сіздердің орындарыңыз бөлек.

Елбасының «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын орындауда сіздердің қазіргі ұрпаққа берер ақылдарыңыз, өсиеттеріңіз — таусылмайтын байлық. Сіздердің әрқайсысыларыңыздың өмірлеріңіз болашақ жастарға үлкен өнеге. Біз, қазіргі ұрпақ, сіздердің алдарыңызда борыштымыз. Егер біз сіздерді сыйлап, құрметтеп өтетін болсақ, ата-бабамыздан келе жатқан үлкенді сыйлау, үлкеннің алдында бас ию, қызмет ету өз жалғасын табады.

Облыс басшылығы атынан барлығыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, ұзақ ғұмыр сүріңіздер! — деді облыс әкімі.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, еңбек ардагерлері Сматолла Беркімбаев, Сапар Сағынтаев, Николай Дулялар жылы лебіздерін айтып, облыс әкіміне ризашылықтарын білдірді.

Кездесуде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әсем әуен, сазды би ырғақтарымен көпшіліктің көңілін көтерді.

«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалым Қамысбаевтың айтуынша, мереке күні ардагерлер қаланың көрікті жерлерін аралап, экскурсия жасаған.

Бүгінгі күні біздің өңірімізде көптеген өзгерістер болып, облыс экономикалық-әлеуметтік жағынан жақсы дамып жатыр. Бұл бізді қуантады. Мен — облыстың құрдасымын. Сондықтан облыстың алдыңғы қатарда болуы, дамуы мен үшін маңызды, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button