Жаңалықтар

«SMART CITY-Ақылды қала» жобасы жүзеге асырылуда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласындағы «Ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыру мәселесі қаралды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов баяндама жасап, «Ел Айна» ақылды қала тұжырымдамасы қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға негізделгенін атап өтті. Жобаны «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қауіпсіз қала, «ақылды» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, медицина және электронды әкімдік бағыттарында 2020 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр.

— «Ел Айна» жүйесі қаланың өміріне қатысты әртүрлі ақпараттардың бір орталыққа жинақталып, оны жедел өңдеп, нәтижелерін қалалық әкімшілік аппаратына беруін қамтамасыз етеді. Осы тұжырымдаманы іске асыру арқылы қауіпсіздік деңгейін жоғарылатып, қала тұрғындары үшін жаңа коммерциялық және әлеуметтік бағдарламаларға, сондай-ақ Ақтөбе экономикасын дамытуға бағытталған инвестиция тарту мүмкіндігін тудыратын жаңа иновациялық салаларға қол жеткіземіз, — деді Ілияс Испанов.

«Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында қазірдің өзінде бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, қала мектептеріне «Білім ал» білім беру ақпараттық жүйесі енгізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқару орталығы құрылуда, барлық көшелерді жарықтандыру жүйесінің энергетикалық аудиті жүргізілуде, қалалық автобустар «AktobeBus» мобильді қосымшасын іске қосуға мүмкіндік беретін GPS-трекерлермен жабдықталған. Аталмыш қондырғы арқылы жолаушылар қоғамдық көліктерді бақылап, өз уақытын үнемдейтін ыңғайлы бағыттарды таңдай алады.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктерді электрондық терминалдармен жабдықтау, коммуналдық қызметтер үшін барлық түбіртектерді төлем құжатына біріктіру, диспетчерлік қызметтің бірыңғай орталығына жинақталған «қауіпсіз автобустар мен таксилер», «ақылды аялдама», «ақылды көлік тұрағы», «ақылды бағдаршамы» бар интеллектуалды көлік жүйесін құру және Ақтөбе қаласы тұрғынының әлеуметтік картасын жасау жоспарлануда.

Жобалардың дені мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылады деп күтілуде.

Жиналыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді.

— Жоба шеңберінде әзірленген барлық ақпараттық жүйелерді уақтылы жаңартып отыру үшін басқа деректермен, оның ішінде республикалық базамен осы бастан ықпалдаса жұмыс жасау керек. Бұл — қаржыны үнемдеудің тиімді тәсілі. Мемлекет басшысының, Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес, Оңтүстік Корея, Ресей секілді басқа елдердің «ақылды қала» тұжырымдамасын дамыту саласындағы тәжірибелерін үйренген дұрыс, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев

Жиын соңында облыс әкімі «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешенінде қалалық әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындардың құзырындағы барлық мемлекеттік қызметтерді көрсете алатын «Халықтық кеңсе» орталығының бөлімшесін  ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button