Жаңалықтар

25 ақтөбелік кәсіпорын «Экспо-2017»-нің технологияларын енгізеді

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ұйғарымымен Ақтөбе облысы «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған инновацияларды жүзеге асыруға қолайлы жетекші аймақтардың бірі болып танылды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов мәлім етті.

Оның айтуынша, көрме жұмыстарымен танысуға облыстағы ірі кәсіпорындардың 92 өкілі барған. Олар инновациялық технологияларды егжей-тегжейлі зерттеп, бастамашыларымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, 25 ақтөбелік кәсіпорын Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жалпы құны 43 миллиард теңге құрайтын технологияларды өз өндірістеріне енгізбек.

Бұл технологияларды қолдану аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға, энергияны пайдалану тиімділігіне және еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

— «ЭКСПО-2017»-де көрсетілген технологиялардың, жаңалықтардың өңірді дамытуға үлкен әсерін тигізетін мүмкіндігі бар. Оларды экономиканың түрлі салаларына, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына кеңінен енгізу қажет, — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Жалпы, «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Ақтөбе облысының 136 мың тұрғыны қатысқан. Бұл іс-шара соның ішіндегі 14 мың оқушының әрі қарай білім алуына және ғылыми жұмыстармен айналысуына ынта-жігерін арттырды.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды қолдану мәселесі 12-13 қазанда «ЭКСПО-2017: өңірлердің дамуына жаңа серпін» атауымен өтетін «Ақтөбе-Инвест-2017» дәстүрлі форумы барысында болашақ инвесторлармен талқыланатын болады.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button