«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Ақтөбеде нан шығаратын зауытты іске қосқым келеді

Алтай ЖОЛАМАНОВ, Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы «Хлебопродукт-2» жабық акционерлік қоғамының бас директоры:

— Менің ата-бабам Ақтөбенің Ойыл ауданы Құрман ауылының 4-бөлімшесінде тұрған. Атам Елеусін Жоламановтың сүйегі сол жерде жатыр. Атамның басына ескерткіш орнаттық. Мұны жергілікті тұрғындар жақсы біледі. 1928 жылдардағы ашаршылық кезінде ата-бабаларымыз жан сауғалап, Ресей аумағына қоныстанған. Міне, содан біздер тарап, бүгінде өзіміздің арғы тегімізді ақтөбелік санап, Ақтөбенің әр жетістігін мақтанышпен қабылдап отырамыз. Орынбор өлкесінде туып-өссем де, маған Ақтөбе ыстық көрінеді, өз Отаным санаймын. Кәсіпкерлік саласының тізгінін қолға алғасын, көп уақыт бола бермейді. Дегенмен арасында уақыт тауып, Ақтөбеге барып тұрамын, ата-баба аруақтарына Құран бағыштаймын. Оның үстіне, Ақтөбеде туыстарым тұрады. Солармен қауышамыз.

Ресеймен шекаралас жатқан Ақтөбенің әлеуеті зор. Соңғы кездері Ақтөбе әлеуметтік-экономикалық жағынан айтарлықтай дамыды. Сондықтан мен де  кәсіпкер әрі менеджер ретінде туған елге өз үлесімді қосуым керек.

«Туған жер» республикалық жерлестер форумы — өте жақсы бастама. Форумның өтетінін естіп, оған құрметті қонақ ретінде шақырту алғаныма қатты қуандым. Ең бастысы,құтты мекенге табан тіреймін. Жер-жердегі ақтөбеліктермен жақын араласудың сәті туады. Әрине, бұған дейін де ақтөбеліктермен байланысып, жұмыс жасап жүрмін. Дегенмен, бұл форумның маңызы ерекше. Осындай бастамаға мұрындық болып жатқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғыс айтамын. Орынбор облысындағы Ақтөбе күндері кезінде екі ел арасында сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту бағытында бірқатар келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылды. Осындай игі істердің жүзеге асуына ықпал етіп отырған Бердібек Машбекұлының бұл қадамын облыста кәсіпкерлік саласын, кәсіпкерлер ісін дамытуға айрықша көңіл бөлгені деп түсінген абзал.

Қазір Орынбор облысында кәсіпкерлікпен шұғылданамын. Бірнеше нан шығаратын зауытқа, әлеуметтік дүкендерге иелік етемін. Бүгінгі күнге дейін нан шығару ісіндегі бизнесімнің 70 пайызын әлеуметтік ғимараттарға нан жеткізуге, соларды толықтай нанмен қамтамасыз етуге арнап отырмын. Әлеуметтік дүкендерде зейнеткерлерге, әлеуметтік топтағы отбасыларға нан арзан бағамен сатылады.  Әрине, бұл сол кездегі басшылықтың берген дұрыс ақыл-кеңесінің арқасы әрі бұны бизнесімді өркендетудегі тиімді қадам деп түсінемін.  Сол сияқты, біз бүгінде Қазақстанның бірқатар аймақтарына ұн жеткіземіз. Алдағы уақытта Ақтөбеде нан шығаратын зауытты іске қосу ойымда бар. Бұл форум осындай мүмкіндіктерді екі ел арасында тиімді жүзеге асыруға өз әсерін тигізбек. Себебі, мен өзімнің кішкентай Отаным — Ақтөбеге қол ұшымды беруге әр кез дайынмын.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button