Басты жаңалықтар

Шалқар ауданының күндері өтті

 «Туған жерім — нұрлы елім»

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясындағы облыс орталығындағы Шалқар ауданының күндеріқазақ халқының ХVII ғасырда ел азаттығын қорғау жолындағы күреске белсене атсалысқан асыл перзенті, батыр, би әрі ірі қолбасшы — Тілеу Айтұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл рәсім 22 қыркүйек, қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келді.

Ертеңгілік ескерткіш жанындағы алаңға ардагерлер, кәсіпкерлер, студент жастар, қалың көпшілік жиналды. Ескерткішке Шалқар аудандық әкімдігі, республикалық іскер әйелдер қауымдастығының филиалы, басқа да көптеген ұжымдар атынан гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар алдында еңбек ардагері Жеткерген Елемес, кәсіпкер Сәуле Дәулеталина, т.б. сөз сөйлеп, Шалқар ауданы күндері аясындағы шаралардың сәтті өтуіне тілектестіктерін жеткізді.

Ұлы Даланың жусаны…

 «Табыс» базарында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне халық көп жиналды. «Жусанға жайылған малдың еті де, сүті де құнарлы болады, сондықтан ертерек келіп тұрмыз» — десті сатып алушылар.

Жәрмеңкеге Шалқар қаласы мен 12 ауылдық округтен шаруа қожалықтары өз өнімдерін — ет пен балық, көкөністер, шұбат пен қымыз, айран, құрт-ірімшік әкелді. Ақтөбелік тұтынушыларға 24 бас жылқы мен ірі қара, одан бөлек, ұсақ мал еті, 500 килограмм балық, 7 тонна көкөніс, 500 литр шұбат, осындай мөлшерде қымыз, сондай-ақ, ешкі сүті, бөдене жұмыртқасы, құрт-ірімшік, айран, т.б. ауыл дәмі ұсынылды. Еттің бір килограмының бағасы — 1150 теңге, ал шұбат пен қымыздың литрі 650 теңгеден сатылды.

«Есенай» шаруа қожалығының басшысы Мәжит Жақыпов — өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасынан бағбандықпен айналысып келе жатқан жан. Қазір жасы 80-нің үстіне шыққан қарт бау-бақша өсіру ісіне бала-келіндерін және бір немересін де баулыпты.

— Қожалықта алты адам еңбектенеміз, жаз айларында тағы екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз, — дейді Мәжит аға.

«Есенай» шаруа қожалығы 1998 жылы құрылыпты. Биыл 10 гектар алқапқа көкөніс еккен. Жәрмеңкеге картоп, қауын, қияр, қызанақ және баялды сынды көкөніс түрлерін әкеліп, базардағы бағадан едәуір арзан бағаға сатты.

— Көкөністеріміз тез өтіп кетті. Ауылдан келген өнім таза болады, жұртшылық арзандығынан да бұрын сонысына қызығады, — дейді Мәжит аға.

Шетырғыз ауылдық округінің әкімі Жалғас Табынбековтің айтуынша, бұл ауылдық округ аумағында 41 шаруа қожалығы бар:

— Біздің аумақтан Шетырғыз өзені мен бастауын Мұғалжар тауынан алатын Қайыңды өзені ағып өтеді. Сондықтан тұрғындардың басым бөлігі бақша салу, мал бағу, шөп шабу сынды шаруалармен тұрақты айналысады. Жұмыссыздар жоқтың қасы. Қазір ауылымызға газ жүргізіліп жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге біздің қожалықтардан ет, шұбат пен қымыз, сүт өнімдері әкелінді, — дейді ол.

Ал Бозой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлшат Дәулетова да:

—Біздің ауылдық округ аумағында 45 шаруа қожалығы бар. 80-нен астам адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді. Жылқы санын 3 мыңға жеткізіп отырған қожалықтар бар. Бүгінгі жәрмеңкеге мал шаруашылығындағы дәстүрлі басқа өнімдерді айтпағанда, ешкі сүтінен жасалған шұбат та әкелдік, — деді.

Жәрмеңкеге орай, «Табыс» базарында шалқарлық өнерпаздар күшімен концерт те ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сатып алушыларға тегін палау мен бауырсақтар ұсынылды.

Тахауи ескерткіші жанындағы мереке

 Шалқар ауданының ұйымдастыруымен, сенбі күні ертеңгілік Ақтөбедегі еңселі ескеркіштердің бірі — достықтың символы сынды Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов ескерткіші жанында көше мерекесі өтті. Аталмыш ескерткіш Шалқар топырағының даңқты перзенттерінің бірі —Тахауи Ахтанов көшесі бойында орналасқаны белгілі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ алдымен Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Одан соң жиналған көпшілік алдында облыс әкімі сөз сөйледі.

—«Туған жерім — нұрлы елім» акциясын қолға алғандағы мақсатымыз — ауыл мен қала арасындағы байланыстың үзілмеуі, тамырдан ажырамаудың қамы. Қаладағы кәсібі бар, үлкен табыстарға жеткен азаматтар — туған жеріне, ауылдағы ағайынға, ал ауыл жұрты да қаладағы туыстың жағдайына қарайласып жүрулері керек. Шалқар — талай тарихи тұлғалар шыққан, қасиетті, киелі өңір. Бұл ауданның тек Ақтөбе аймағы ғана емес, бүкіл еліміздің дамуына қосар өзіндік үлесі бар. Бүгін, міне, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев сынды әдебиетіміздің асқар шыңдарына айналған тұлғалар ескерткіші жанында бас қосып тұруымыздың өзі— үлкен оқиға. Рухани жаңғыру туған топырақтан шыққан осындай тұлғаларды құрметтеу, оларды кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету арқылы жүзеге асады. Бұл — ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға бағытталған істердің бір бөлшегі, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жиында Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев Ақтөбе қаласындағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен бір топ азаматқа 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек сертификаттарын тапсырды.

Одан әрі жиын «Самға» дуэтінің орындауындағы Үмбетбай Уайдиннің сөзіне жазылған Емберген Терековтің «Шалқар вальсі» әнімен басталған концертке ұласты.

Шалқарлықтар бұл күні Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінде де концерт ұйымдастырды. Қайырымдылық шара барысында балаларға ертегілік көріністер көрсетілді. Сондай-ақ, «Үміт» сәбилер үйіне 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек, кондиционер және осындағы 68 баланың әрқайсысына арнайы сыйлықтар табысталды.

Сонымен бірге, Шалқар ауданы күндері аясындағы түрлі мәдени шаралар да көпшілік көңілінен шықты. Солардың бірі — «Көл Шалқар, кеште көрдім айдыныңды» атты жыр кеші. Кеш Шалқар аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Сағи Жиенбаев  атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өтті. Жыр кешіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақындар Гүлімай Әбішқызы мен Сәтжан Дәрібай, ақын Гүлжайнар Қалдина, сондай-ақ, Жанғабыл Қабақбаев, Бердібай Кемал сынды қаламгерлер қатысты.

Ал Шалқар халық театры Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында «Бала кімдікі?» қойылымын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл күні театрға көрермен өте көп жиналды. Жастардың көп жағдайда ойсыз қадамдарға баратынын, оның салдарын алға тартқан қойылым көрерменді бір күлдіріп, бір жылатты. Қойылым мақсаты — жастарды жеңіл көзқарастан арылып, өмірге жауапкершілікпен қарауға шақыру.  Халық театры артистерінің өнеріне жұртшылық риза болып, қол соқты.

Қазанғаптың күйі, Мейрамбектің шеберлігі…

Ақтөбедегі Шалқар ауданының күндері сенбінің кешінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық саябақтағы шаралар арқылы жалғасты. Оларды тамашалаған көпшілік қауым арасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова болды.

Саябаққа жеті киіз үй тігілді. Киіз үйлер маңына жиналған көпшілік түрлі спорттық, танымдық ойындарға қатысып, жастар жағы алтыбақан маңын төңіректеді. Алтыбақанды Шалқар қалалық №4 орта мектебі құрса, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту ойындары Қорғантұз орта мектебі ұжымының күшімен ұйымдастырылды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Шалқар өңірінің тарихы мен осы топырақтан шыққан даңқты тұлғалар өмірінен сыр шертетін бірнеше кітап көрмелерін әзірлеп әкеліпті. Әбілмәлік Сәдуұлы, Бағдагүл Қаналина сынды қолөнер шеберлері тамаша туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Балалар назары, әсіресе, сонау Айшуақ ауылынан Нұрбек Есенғалиев пен Әділет Раев әкелген тазы тұқымды иттерге көбірек ауды.

—Ата-бабаларымыз итті жеті қазынаның бірі санағанда, аңшылық дәстүрге қатысы бар жүйрік тазыларды ерекше бағаласа керек. Тазы баптау ісіне ден қойғанда, біз сол көне дәстүрді жаңғыртуды ойладық. Әсіресе, жарғақ тазылар қазір жоғалуға айналды. Соларды сақтап қалсақ дейміз, — деді Нұрбек.

Шалқар қалалық Оқушылар сарайы қызметкерлері — Сая Бекенова мен Әсем Батырғарина балаларды өлке тарихынан хабардар ету мақсатында ұйымдастырылған танымдық ойындарға тартты.

Ал грек-рим күресі бойынша биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұловтың шеберлік сабағын өткізуі үшін құрылған ашық алаңдағы күрес залына қарт та, жас та көп жиналды.

Мейрамбек бізге:

—Менің үлкен арманым — қазақ палуандарының даңқының арта беруі. Осы жолда өзім де тер төгіп, алда үлкен асуларды бағындыруды көздеймін. Сонымен қатар, соңымыздан келе жатқан буынға білгенімізді үйретуге де әзірміз, — деді.

Шеберлік сабағында Мейрамбекпен бірге, кадеттер арасында үлкен жетістіктерге жеткен Әділет Сисембаев, Дәулет Жалғасовтар да жастарды күрестің қыр-сырына баулыды. Жалпы, Шалқар қаласындағы В. Цеханович атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі оқушыларының грек-рим күресі бойынша жетістіктері бүкіл еліміздің мақтаныш етуіне лайық екенін атап өткіміз келеді.

Бұл жолы да аудан күндері әдеттегідей гала-концертпен аяқталды. Гала-концертте Қазанғап атындағы саз мектебінің оркестрі әйгілі күйшінің туындыларын ұсынды, сондай-ақ, Асхат Тарғын, жас әнші Айым Ұзақбаева, т.б. өнер көрсетті.

Индира ӨТЕМІС,

Перизат ЖАҢҒЫЛЫШБАЕВА. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button