ЖастарЖаңалықтар

Есеп тыңдалды, делегаттар сайланды

Сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының кезектен тыс VII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оған 80-ге жуық делегат қатысты.

Конференцияны «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов ашып, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін мандат комиссиясының құрамы сайланып, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Махаббат Жамалова баяндама жасады.

Бүгінгі конференцияға «Нұр Отан» партиясы жарғысының талаптарына сәйкес «Жас Отан» жастар қанатының 8167 мүшесінің басын біріктіретін барлық бөлімшелерден делегаттар қатысып отыр. Делегаттардың сапалық құрамының көрсеткіштері мынадай: қызмет бойынша аудандық бөлімше басшыларының саны — 14, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің саны — 3, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері — 4, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшылары — 6, бизнес өкілдерінің саны — 4, мемлекеттік қызметкерлер — 7, білім саласының мамандары — 14, партия қызметкерлері — 2, сондай-ақ 26-сы — студент. Білімі бойынша делегаттардың 85 пайызы — жоғары білімі бар азаматтар, — деді М.Жамалова.

Конференцияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Бірінші мәселе — Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты делегаттар ортаға шығып, өз пікірлерін білдірді. Жастар бірауыздан Елбасының алға қойған міндеттерін орындауда өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Жиында екінші мәселе — 2016 жылы және 2017 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Асылжан Бүркіталин жиналғандарға атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «Жас Отан» жастар қанатының құрамында 8167 адам бар. Биыл 2016 жылмен салыстырғанда жасотандықтардың саны 2 115 адамға артқан. Облыс бойынша 1 төраға, аудандық және қалалық бөлімшелерде 13 жетекші жұмыс жасайды. 13 бастауыш бөлімшеде жас мамандар, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және облысымыздағы жастар ұйымдарының көшбасшылары қызмет етеді.

— Осы уақыт аралығында біздің ұйым 2519 іс-шара өткізді, оның ішінде 3-еуі республикалық деңгейде өтті. Сондай-ақ «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің қатысуымен 210 форум-конференция, 202 семинар-тренинг, кездесу, 155 дөңгелек үстел, акция, 150 сенбілік, 146 спорттық, 143 қайырымдылық, 113 интеллектуалды шаралар өткізілді. Көктемгі су тасқыны кезінде 150 ерікті жұмыс жасап, 50-ден астам экологиялық акция, сенбілік ұйымдастырылды. Жастар су тасқынынан зардап шеккен мың адамға гуманитарлық көмек көрсетті, — деді А.Бүркіталин.

Ол сөзінің соңында партия төрағасының «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсырмалары толыққанды орындалғанын жеткізді.

Конференция соңында «Жас Отан» жастар қанатының Астанада өтетін кезекті ІV съезіне делегаттар сайланып, олардың тізімі жарияланды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button