Жаңалықтар

Бағыт — барлық салада ілгерілеу

Брифинг

Облыс экономикасының дамуында өзіндік орны бар Мұғалжар өңірінде өткен сегіз ай аумағында атқарылған істер жөнінде аудан әкімі Ербол Данағұлов «Ақтөбе ақпарат» орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында әңгімелеп берді.

Аудандағы басты сала саналатын өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 239,9 миллиард теңге құрап отыр. Мұнда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалады. 1478,6 мың тонна шикі мұнай өндірілді, бұл — облыста жалпы өндірілген мұнайдың 46,4 пайызы. Мұнайға ілеспе газ көрсеткіші 2955,6 мың тоннаға жетті.

Аудан басшысы негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесіне арнайы тоқталды. Бүгінгі қол жеткізілген нәтиже 53,6 миллиард теңге ауқымында, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе артық.

Мұғалжардың аграрлық саласында да ілгерілеулер бар. Бүгінгі күні 20 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 395 шаруа қожалығы, 16 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2 ауылдық тұтыну кооперативі, 2 сервистік дайындау орталығы және 1 несие серіктестігі тіркелген.

Ауыл шаруашылығында жалпы өндірілген өнім 9 миллиард 118 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі — 7 миллиард 313 миллион теңге. Ауыл шаруашылығы саласына 60 миллион теңге инвестиция тартылып, бұл қаражатқа негізінен ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында биылғы жылы 200 ірі қара, 50 жылқы, 270 қой сатып алу жоспарлануда. Аталған бағдарламаларға сәйкес «Дастан-Б», «Заманай», «Аман-Сапар», «Сағындық» шаруа қожалықтары жұмыс істеуде.

Ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. «ҚандыағашКоммерцГрупп» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 10 тонна шұжық, ет консервілерін шығаратын шағын ет комбинатын іске қосып, өнімдерін сауда орындарына жіберуді бастады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 360 миллион теңге инвестиция тартылды.

Ақкемер елді мекенінде «Елек-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі тәулігіне 1,5 тонна модулдік сүт қабылдау пунктін орналастырып, іске қосуда және 5,8 миллион теңгеге арнайы сүт тасымалдайтын автокөлікті «Ақтөбеагросервис» ЖШС арқылы лизинг желісі бойынша алып отыр. Сонымен қатар, осы ауылда «Тайбурыл» шаруа қожалығы 100 басқа арналған сүтті-тауарлы ферма ашуды жоспарлап, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Алдағы уақытта осы ауқымда шағын сүт өнімдерін өндіру цехын ашу да жоспарда тұр.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қандыағаш қаласында кәсіпкерлікті жан-жақты дамытудың мүмкіндігі мол. Қазіргі уақытта тіркелген шағын және орта бизнес субьектілері саны 3163 бірлікті құрайды. Оларда жұмыс істейтіндер саны 5981 адамға жетті. Есепті кезеңге кәсіпкерлер өндірген өнім көлемі 3 миллиард 851 миллион теңге деңгейіне көтеріліп отыр. Әрекетсіз және жұмысы уақытша тоқтап тұрған кәсіпкерлік субьектілері саны азайды.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақты айтар болсақ, биылғы жылдың сегіз айы ішінде құны 454,7 миллион теңге тұратын 17 жоба мақұлданды. «Жас Старт» және «Кең дала» бағдарламалары бойынша барлығы төрт жоба құжаттары дайындалып, алдағы айларда несие алу жоспарлануда.

«Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негізге оқытуға 343 адам жоспарланып, оның үштен біріне жуығы несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Биылғы сегіз айда 422 жұмыс орындары ашылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту ауданда әлеуметтік мәселелерді шешудің басты көзі ретінде қарастырылуда. Өткен жылы «Жалмағамбетова» жеке кәсіпкерлігі осы желі бойынша 100 орындық балабақша құрылысын салуға кіріскен еді. Биыл осы ғимарат пайдалануға беріліп, бүлдіршіндерге есігін ашпақшы.

«ҚазСтройИнновация», «ҚазСтройПромГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Қандыағаш қаласында және Ақкемер ауылында балабақша салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үстінде.

Сондай-ақ Қандыағаш қаласында денешынықтыру кешенін, Жұрын ауылында отбасылық дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу мақсатында әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Таяуда ғана Ембі қаласында ақтөбелік кәсіпкер Сәуле Дәулеталинаның иелігіндегі 150 орындық «Нұр дана» балабақшасы пайдалануға берілді.

Аудан әкімі сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Халықаралық спорттық сайыстардан жүлдемен оралған дзюдошылар Жандос Қалабай, Әлнұр Құлнияз, Әділет Ахметов, Серікқали Алдаберді, боксшы Айдос Медет, пауэрлифтингтен оза шапқан Таисия Дьяченко, Жанасыл Хабидулла, Нұржан Жазымов, Айдар Бауыржан есімдерін мақтанышпен атады және олардың ауданда спортты дамытуға қосып жүрген үлестеріне тоқталды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button