«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Байлығы мол өлкенің игілігі

Туған жерім нұрлы елім

Аудан

Байғанин ауданы —  табиғи пайдалы қазбаларға бай, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аудан. Байғанин ауданының жер көлемі  облыстың жер көлемінің 20 пайызын алып жатыр. Бүгінгі күні аудан әлеуметтік-экономикалық дамуы  жағынан жоғары көрсеткіштерге ие. Келер жылы Байғанин ауданына 90 жыл толады.

Биылғы жылы аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі  4,8 пайызға артып, нәтижесінде 89,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Атап айтсақ,  949,2 мың тонна мұнай, 594,3 млн текше метр газ, 48,9 млн кВт электр қуаты, 2,3 млн текше метр су өндірілген. Сондай-ақ  биыл ауданға 16,7 млрд теңге инвестиция тартылған.  Аудан бюджетінің жалпы кірісі 3,7 млрд теңге болса, қазіргі таңда 2,1 млрд теңге түсім түскен. Ал салық базасын кеңейту мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бюджетке түскен қосымша қаржы мөлшері —  231 млн теңге.

Ауыл шаруашылығы

5,7 млрд теңгенің өнімі

Биыл ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша  5,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп,  нақты көлем индексі 1,9 пайыз өсімді көрсетті.

Ауданда 7 айдың қорытындысы бойынша 6,5 мың тонна ет, 6,5 мың тонна сүт, 469,2 мың дана жұмыртқа өндірілген. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде мал мен құстың саны артқан. Атап айтсақ, ірі қара малының саны 3,6 пайызға, жылқы 15,6 пайызға, құс 7,7 пайызға көбейген. Сондай-ақ аудан бойынша  биылғы жылы асылтұқымды 322 ірі қара, 207 қой, 11 жылқы малы сатып алынған.

Алдағы уақытта «Сыбаға»  бағдарламасы бойынша 200 ірі қара, «Құлан»  бағдарламасы   бойынша  50 жылқы , «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 270 қой сатып алу жоспарланып, осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын 10 өндірістік кооператив, 324 шаруа қожалығы бар. Сондай-ақ аудан орталығында бір ет, бір сүт өңдеу цехы жұмыс жасайды. Дәстүрлі емес шаруашылық түрлерімен айналысатын 11 шаруашылық бар. Қазіргі таңда шаруашылықтың осы түрімен айналысуға тұрғындар тарапынан  қызығушылық танытушылар көп.

Сонымен қатар биыл ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын дамыту  мақсатында «Нұржібек» ауылшаруашылық кооперативі  құрылып, «Ауыл несие  серіктестігі» арқылы 18 млн теңге несие алып, өз шаруашылығын дамытуда. «Агробизнес — 2020» бағдарламасы негізінде субсидиялау арқылы шаруашылықтардың  мал жайылыстарына  ауданда 4 құдық қазылды. Жыл аяғына дейін тағы екі құдық  қаздыру жоспарланып отыр.

Биылғы жылы ауданға 156,2 мың тонна мал азығын дайындау туралы тапсырма берілді. Қазіргі таңда мал азығын дайындау жұмыстары  95 пайызға орындалды. Аталған жұмыстарға  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бір литрі 124 теңгеден есептеліп, 40 тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға таратылды. Ал ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында  ауданда  9 млн теңге инвестиция тартылып, 3 шаруа қожалығының негізгі қорлары жаңартылды.

Құрылыс

35 тұрғын үй пайдалануға  берілді

Аудандағы құрылыс жұмыстарының  көлемі — 1,1 млрд теңге.  Жыл басынан бері жеке  тұрғындар қаражаты  есебінен 3 567 шаршы метр болатын 35 тұрғын үй пайдалануға  берілген. Жыл соңында  5,6 мың шаршы метрді құрайтын 46 жеке тұрғын үй және 6 екі пәтерлі жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Келер жылы екі қабатты 8 пәтерлі үй және екі пәтерлі 10 үй салу жоспарланған. Ауданда тұрғын үй кезегіне тіркелгендердің саны – 156.

Инфрақұрылым

Ауызсу. жасыл аймақ

Бүгінде аудандағы 24 елді мекендегі  23 134  тұрғынның  48,0%-ы  газбен, 60,8%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұлақтыкөл ауылындағы ауызсудың сапасы ішуге жарамсыз болуына байланысты су тазартатын қондырғы сатып алу үшін аудандық бюджеттен 19,9 миллион теңге қаражат бөлінген.

Биылғы жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында  Жарқамыс, Кемерши, Жаңатаң, Ебейті елді мекендеріне ауызсу құбырларын жүргізуге  200,0 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған объектілер 2018 жылы пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде келер жылы аудан халқының 78,1%-ы ауызсумен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, бүгінгі күні  бюджеттен  34,4 млн теңге қаржы бөлініп, Қарауылкелді ауылында ұңғыма қазу, Ноғайты елді мекенінде ауызсу құбырын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы  Жарқамыс, Кемерши, Жаңатаң, Бұлақтыкөл, Баршақұм елді мекендерінде құм көшкінін тоқтату мақсатында  жалпы алаңы 26 гектар жерге жасыл желек аймағын құруға жобалау-сметалық құжаттары жасалған. Биылғы  жылы Жарқамыс ауылындағы  құм көшкінін тоқтатуға жергілікті бюджеттен 6,5 млн теңге қаражат бөлінген.

Жол

7 КӨШЕГЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы құны 3,6 млрд теңгеге республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автокөлік жолының  220-236-шы шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, қараша айында  пайдалануға беріледі. Ауданда соңғы үш жылда Қарауылкелді ауылындағы 7 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп,   асфальт төселген, бір көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды.

Биылғы жылы Қарауылкелді ауылының екі көшесіндегі автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өтіп, Қарауылкелді-Жарқамыс бағытындағы жолдың 20 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ бүгінгі күні Қарауылкелді ауылындағы екі көшеге автокөлік жолдарын салуға және жаяу жүргіншілер жолының құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары  дайындалуда.

Кәсіпкерлік

 Қайырымдылық көмектер көрсетілді

Байғанин ауданында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны —  1026, оның 967-сі —  белсенді. Биыл жыл басынан бері аудан бойынша  38 кәсіпкер өз бизнесін бастап, бүгінде қарқынды  жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлік саласы бойынша  ауданның экономикалық  тұрғыдан белсенді  тұрғындарының 31,7 пайызы жұмыспен қамтылған.

Бүгінде аудан аумағында  «Газ Процессинг Компани» ЖШС Қожасай кен орнынан шығатын газ өнімін қайта өңдеу мақсатында  жаңа зауыт салу үшін құрылыс жұмыстарын  жүргізуде. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында  банк несиесінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдіктер беру  бағыты бойынша 4,5 млрд теңгенің жобасы өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында  жетіспейтін инфрақұрылым  желілерін тарту үшін жоба құжаттары  облыстық өңірлік үйлестіру кеңесіне тапсырылды.

Жыл сайын ауданның шаруашылық құрылымдары мен жеке кәсіпкерлері облыстық, аудандық  деңгейде өткізілетін ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысып, өз өнімдерін ұсынады. Биыл аудан орталығында әлеуметтік дүкен ашылып, жыл басынан бері әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілді.

Жұмыспен қамту

452 жаңа жұмыс орны ашылды

Биылғы жылы  халықты жұмыспен қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар аясында ауданда 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Бүгінге дейін 452 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты — бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша  31 адам Байғанин аудандық техникалық колледжінде білім алды. Ал мобильді оқу орталығы арқылы 25 адам оқытылып жатыр.

Аталған бағдарламның екінші бағыты —жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауданға 140,0 млн теңге қаржы бөлінді. «Ақтөбе ауыл микрокредит» несие ұйымы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 6 адам  69,1 теңгеге несие алды.

Бағдарламаның үшінші бағыты — халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша әлеуметтік жұмыс орнына 47, қоғамдық жұмыстарға 321, «Жасыл ел» жасағына 271 адам жұмысқа орналастырылды.

 Білім беру

ҮШ ЖАҢА МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ

Елбасы Жолдауында айтылған апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқытудың мәселелерін шешу, мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшығын түбегейлі қысқартуға байланысты биыл Қарауылкелді ауылында 300 орындық мектеп пен 100 орындық интернат, сондай-ақ  Қаражар және Жаңатаң елді мекендерінде 100 орындық мектептердің құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық  құжаттары дайындалуда.

Биыл ауданда «Рауан» балабақшасының пайдалануға берілуіне байланысты 1-3 жас аралығындағы  балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші  91,3%-ды, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 100%-ды құрады. Сондай-ақ  биыл  Жарлы ауылындағы 50 орындық балабақша мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке кәсіпкерге  беріледі. Ал Миялы балабақшасына жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілуде.

Биыл жаңа оқу жылында аудан мектептеріне 25 маман жұмысқа орналастырылады.  Өткен оқу жылын білім беру саласы қызметкерлері табысты аяқтап, Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш  86,4 балды құрады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 3,8 балға артық.

Аудандағы мемлекеттік білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды сатып алу және жеткізу бойынша 39 161,6 мың теңге қаржы қарастырылып, мектептер оқулықтармен қамтамасыз етілді.

Спорт

115 ҮЙІРМЕ, 2300 ОҚУШЫ

Ауданда 15 типтік жобадағы спорт зал, 82 спорт алаңы, 4 ату тирі бар. Ал аудан мектептерінде спорттың 15 түрінен 115 үйірме жұмыс жасайды. Бұл үйірмелерге 2300 оқушы, яғни мектеп оқушыларының 45 пайызы тартылған. Мектеп  спортшылары  облыстық, республикалық , халықаралық  жарыстарға қатынасып, жүлделі  орындарға  ие болып жүр. Барлық мектептердегі спорт залдардың бос уақытына жасалған кесте  бойынша  ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына мүмкіндіктері бар.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің  жоспарына сәйкес биыл  6-8 сыныптар арасында «Ұландар слеті» өткізіліп, оған 400-ге жуық оқушы қатысты. Ал маусым айында  ұлттық спорт түрлерін насихаттау және  аудан спортшыларын «Ақбидай — 2017» спорт ойындарына іріктеу мақсатында Қосарал елді мекенінде көкпар, аударыспақ, тоқбәйге, теңге алу сияқты спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, оған 150 спортшы атсалысты. Жаңатаң елді мекенінде аудан жастарының  ХХІХ жазғы спартакиадасын өткізуге  байланысты аудан аумағында жұмыс жасайтын «Ұлы Қабырға» ЖШС демеушілік жасап,  заманауи  спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жаңа алаңда өткен жазғы  спартакиадаға 420 спортшы қатысып, өзара сынға түсті.

Денсаулық сақтау

8 ауылдық округте дәріхана филиалы жұмыс жасайды

Ауданда орталық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт бар. Сондай-ақ аудан тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін 3 дәріхана жұмыс жасайды. Аталған дәріханалардың 8 ауылдық округ орталығындағы өз филиалдары бар.

Ауданда биыл жыл басынан бері қатерлі ісік, туберкулез, қан айналымы ауруларынан болатын өлім тіркелмеген. Туу және өлім көрсеткіштерінің төмендеуі байқалуда. Ауданның емдеу мекемелерінің дәрігер мамандармен қамтамасыз  етілуі 10 мың тұрғынға шаққанда 78,1 пайызды құрайды.

Ауданның денсаулық сақтау мекемелерінде жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді. Оның  ішінде тері аурулары дәрігері, нарколог, эндокринолог, рентгенолог, көз дәрігері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер тапшы.

Аурулардың алдын алу, асқынуларды азайту, науқастарды мүгедектікке жеткізбеу мақсатында  жыл сайын тұрғындарға скринингтік тексерулер жүргізіледі.

Мәдениет

Аудандық мәдениет үйіне жаңа жабдықтар әкелінеді

Қазір ауданда 39 мәдениет мекемесі жұмыс жасайды. Биыл үш жылдан бері апаттық жағдайда тұрған Кемерши ауылдық клубы «Сағыз Петролеум » ЖШС демеушілігімен  күрделі жөндеуден өткен.

Биылғы жылы аудандық Мәдениет үйінде жастар мен балалардың өнерін, шығармашылығын дамыту, жас таланттарды қолдау мақсатында «Балдәурен — 2017», «Жас дәурен — 2017» байқаулары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығына арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйінде облыстық деңгейде жерлес ақын, драматург, сазгер Бәкір Тәжібаевтың құрметіне «Ақбұлақ» ән байқауы өткізілді. Оған облыстың  барлық аудандарынан 16 үміткер қатысып, байқау жоғары деңгейде өтті.

Сондай-ақ, биыл ауданда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» атты мақаласын насихаттау, қазақтан шыққан хас батыр, әділдігімен қара қылды қақ жарған би Алтай Ебескіұлын ұлықтау мақсатында «Рухани жаңғыру және  азаттықты аңсаған Алтай  батыр» атты ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Ал жуырда көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің  80 жылдығына арналған «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» атты кеш өтті. Оған ақынның ұрпақтары, белгілі тұлғалар қатысты. Іс-шараның жалғасы Миялы ауылдық округінде өтіп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Биыл аудандық Мәдениет үйін заманауи техникалармен жарақтандыру мақсатында  жергілікті бюджеттен 15,4 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Көкбұлақ ауылдық клубы мен Жарқамыс ауылдық кітапханасына күрделі жөндеу жүргізілуде.

Данагүл ҚАЗИХАН.

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button