«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Ізгі мұраттың бастауы

Елбасының «Туған жер» бастамасы аясында өріс алған «Ақтөбе — құтты мекен» акциясы қазіргі кезде кеңінен қанат қағып, осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Кеше осы ауқымдағы шараларды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Сәния Қалдығұлова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сұхбат беріп, облыстың 85 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан істер жөнінде баяндады.

— Біз қолға алған акцияның басты мақсаты — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік-жеке серіктестік механизмін одан әрі дамыту, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне ықпал жасау. Бұл ретте Ақтөбе өңірінен шыққан жерлестеріміз мол үлес қосады деген ойдамыз, — деді ол.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын 338 жоба жүзеге асырылды. Белсенді азаматтардың, бизнесмендер мен меценаттардың көмегімен ағымдағы жылы жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын 555 жобаны іске қосу жоспарда тұр.

Демеушілік қаражаттар арқылы әлеуметтік нысандардың құрылысы, қайта қалпына келтіру және заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру, елді мекендерді абаттандыру, сондай-ақ жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың өзге де маңызды мәселелері шешімін табуда.

Ұйымдастыру комитетінің төрағасы атап көрсеткендей, әлеуметтік жобалардың басым көпшілігі — облыс орталығында. Олардың қатарында хоккей модулі мен денсаулық саябағының, тарихи-өлкетану мұражайының, гүлзарлар мен саяжолдардың құрылыстары бар.

Алға ауданында елеулі жұмыстар атқарылуда. Мұнда жалпы құны 417 миллион теңгеге бағаланатын 17 жоба жүзеге асырылмақшы. Қазірдің өзінде он бір жобаның жұмысы аяқталды.

Қобда ауданында жоспарланған 13 жобаның сегізі өз шешімін тапты. Аудан орталығында «Отан ана» демалыс саябағы ашылды. Бұл шараны атқаруға меценаттар бөлген 40 миллион теңге қаржы жұмсалды.

Әйтеке би ауданында мектеп стадионы қалпына келтірілсе, Байғанин өңірінде клуб пен саябақ құрылысы жүзеге асып, Қарғалыда аудан мектептерін компьютер техникасымен жарақтандыру көзделуде. Атап айтарлығы, осы жұмыстардың барлығы да осы елден шыққан азаматтардың араласуымен, қолдауымен атқарылмақшы.

— «Ақтөбе — құтты мекен» форумы қыркүйек айының соңғы онкүндігінде өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Оған әлемнің он бес елінен үш жүзден астам жерлесіміз қатысады деп болжануда. Қазірдің өзінде 218 адамнан хабарлама түсті. Америка Құрама Штаттарында тұратын ақтөбелік даңқты жерлесіміз, атақты гимнасшы Валерий Люкин біздің шақыруымызға алғашқылардың қатарында үн қосты. Көптеген бизнесмендер туған жерді түлетуге мүдделілік танытуда. Оларға жүзеге асырылуын күтіп тұрған инвестициялық жобалар ұсынылмақшы. Мәскеудегі Олег Гайданов басқаратын Ақтөбе жерлестігі ұйымы да осы шараға ұйымшылдықпен қатыспақшы. Отыздан астам маман дәрігер елге қарап елеңдеп отыр. Олардың көшбасында Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев секілді белгілі азаматтарымыз бар. Сондай-ақ, осы қарсаңда Ақтөбе өңірінің көрнекті азаматтары қамтылатын энциклопедиялық анықтамалық жарыққа шықпақшы, — деді Сәния Қалдығұлова.

…Туған жерге жүрегі бұрмайтын адам болмайтын шығар. Бұл шара сондай ізгі мұраттың, игілікті істердің бастаушысы болмақ.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button