«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ырысы мол Ырғыз

Аудан


Бүгінгі Ырғыз — жол мәселесі шешімін тапқан, өлең төсегі көгілдір отынға кенелген, ауыз суы әр шаңырақта ағып жатқан, береке дарыған жері бар, бірлігі жарасқан елі бар аудан.

Биыл өткен алты айдың қорытындысы бойынша Ырғызда 162,2 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Есепті кезең ішінде ауданның ауыл шаруашылығы саласында да көрсеткіштер көңіл көншітеді. Жалпы өнім көлемі 2 566,2 млн теңгеге жетті.

Қазір алға қойған биік межелерге қол жеткізу және міндеттердің үдесінен шығу мақсатында Ырғыз ауданы бойынша барлық салада нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. 

 Ауыл шаруашылық

 134099  ТОННА МАЛ АЗЫҒЫ ДАЙЫНДАЛДЫ

Ауданда өткен алты айдың қорытындысы бойынша 162,2 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді немесе нақты көлем индексі 7,1 пайыз өсімді көрсетті.

Бүгінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны — 242 бірлік. Оның ішінде 19 — жауапкершілігі  шектеулі серіктестік, 10 — өндірістік кооператив, 201 —  шаруа қожалығы, 12 —  ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 15 бірлікке артқан.

Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізовтің айтуынша, биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім өндіру көлемі — 2566 млн 200  мың теңге. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде ет — 3212,6 тонна, сүт —  5043,1 тонна, жұмыртқа — 612,2  мың  дана, жүн — 134,6 тоннаға жетті.

Маусымның 12-сі мен тамыздың 6-сы аралығында мал азығын  дайындаудың екі айлық тапсырмасы барлық ауылдық округ әкімдеріне жүктелген болатын. Бүгінгі күнге аудан бойынша  134099  тонна мал азығы дайындалды. Сол сияқты, мал қыстатуға жеткілікті мал азығын дайындап, уақытында тасып алу жұмыстары  жалғасуда, — деді аудан әкімі М.Елеусізов.

Бүгінде ауданның ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі — 13,3 млн теңге. Алты айда негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі —  953,6 млн теңге.

Құрылыс

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі — 205,1 млн теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда — 144,6 пайыз. Халықтың жеке қаражатымен жалпы алаңы 3139 шаршы метр 30 тұрғын үй салынды.

Қазір аудан бойынша 13 жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй, 4 елді мекенді сумен қамту жұмыстары, 1 мектеп құрылысы, 1 әкімшілік ғимараты және Ырғыз ауылында 4 көше күрделі жөндеуден өткізілуде. Өткен жылы Ақши ауылындағы 100 орындық мектеп құрылысы үшін жобалау-іздестіру жұмыстарына облыстық бюджеттен 3500,0 мың теңге бөлінген болатын. Құрылысты жобалаушы  «BEST-7» серіктестігі сметалық құжаттаманы жасақтады. Жобаның сметалық құны — 314 916 000 теңге. Жобада орта мектеп құрылысы, шаруашылық аймақтары қарастырылған. Аталған нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы  конкурс жариялап, «Сак Групп» серіктестігі жеңімпаз болып анықталды. Бүгінгі күні ғимараттың бірінші, екінші қабаттары мен акт, спорт залдардың қабырғасы қаланып, төбесі жабылды. Қазіргі кезде ішкі сылақ жымыстары жүргізілуде. Яғни, құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы жасалынды.  Құрылыс жұмыстарына 43 адам тартылды, оның ішінде 16 адам — жұмыссыз, — деді аудан әкімі.

Мемлекеттік бағдарлама

7 МАМАНҒА КӨТЕРМЕ ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛДІ

Ауданда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тапсырма 64,4 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша  1 шаруашылық 5000,0 мың теңгеге 184 саулық қой, 10 асыл тұқымды қошқар сатып алды. Бұл бағытта тапсырма 68,1 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша да нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша  4,0 млн теңгеге 1 жоба мақұлданды. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының»

бірінші бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды кәсіптік оқытуға 30 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қайта даярлауға 18 адам жоспарланды. Аталған бағдарламаның екінші бағыты — «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізге оқытуға 83 адам жоспарланып, қазір оның 42-сі білім алуда.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бойынша 21 адамға несие беру жоспарланып, 2 адам 8 млн 215 мың теңге алды.

Ауданда «Өрлеу» жобасы бойынша биыл 6 айда құрамында 1070 адамы бар 182 отбасына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде жобаға қатысуға ниет білдірген 24 отбасының құжаттары дайындалып, 16 отбасының 95 мүшесіне 1,4 млн теңге тағайындалды. Бүгінде соның 8-і кәсіптерін бастады.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша биыл ауданда 13,8 млн теңгеге 7 жоба жүзеге асырылатын болады.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша өткен 6 айда Ырғызда 7 маманға көтерме жәрдемақы берілді.

Жол

ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

«Орталық — Батыс» дәлізі, яғни «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш» автомобиль жолдарын қайта жаңғырту құрылысына тапсырыс беруші  — «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалы. Қазіргі таңда жол құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжат жасақталуда. Биыл 2 тамызда аудан орталығында аталған жоба бойынша ғылыми-техникалық кеңес өтіп, аудан аумағынан өтетін бөлігі жөнінде ақпарат жинақталуда. Осыған сәйкес жоспарға өзгерістер енгізіліп, толық іске асады.

Бүгінгі күні Ырғыз ауданы Ырғыз ауылындағы ауылішілік автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан  мердігер мекеме —  «Атом-БГ» ЖШС. Жоба құны — 187 608 366,40 теңге.  Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, биыл тамызда аяқтау жоспарлануда. Белгілі болғандай, биыл көшелерді күрделі жөндеуге бөлінген 128,9 млн теңгеден

1 шілдеге  96 млн теңге игерілген.

Аудан әкімінің айтуынша, қазір Ырғыз аулындағы Ә.Жанкелдин көшесіне — 1194 метр, Ө.Қанахин көшесіне — 345 метр, Т.Жүргенов көшесіне — 1194 метр асфальт жамылғысы төселіпті. Сонымен қатар, Әбілқайыр хан көшесіне — 1300 метр, Ө.Қанахин көшесіне — 503 және Ә.Жанкелдин көшесіне — 500 метр жүргінші жолы салынған.

Бөлшек сауданың көлемі — 594,2 млн теңге немесе нақты көлем индексі  — 100, 3 пайыз.

Жұмыспен қамту — 201 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңіне — 100 пайыз.

Ауданның барлық бюджеті — 3 млрд 482 млн теңге.

Алты айдағы аудандық бюджеттің кірісі — 1737,7 млн теңге. Орындалуы — 101,2 пайыз.  Шығысы 1786,1 млн теңге. Орындалуы — 100 пайыз.

Салық төлемдерінің жоспары — 264,6 млн теңге. Орындалуы — 284,9 млн теңге (107,7 пайыз).

Дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші — 20,4 (31 адам), мейірбикелермен қамтылуы — 77,0 (117 адам).

Кәсіпкерлік субъектілерінің саны (1 шілдеге) — 599 бірлік.

Газ

АУЫЛДАРҒА ГАЗ ТАРТЫЛАДЫ

Ырғыз ауданы бойынша «КС-13 Шетырғыз-Ырғыз» 165 шақырымдық газ құбырының құрлысына 6,1 млд теңге бөлініп, қаржы толық иегерілді. Тапсырыс беруші — облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.  «КС-13 Шетырғыз-Ырғыз» газ құбыры құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме —  «ОксиБилд» ЖШС.

Ырғыз ауылішілік төменгі-орташа-жоғарғы қысымды газ құбыры құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер — «СМК ТехнологИнжиниринг» ЖШС. Жобаның жалпы ұзындығы — 52 км, соның ішінде жоғарғы қысымды — 1 км, төменгі қысымды — 43 км, орташа қысымды — 8 км. Ырғыз ауылішілік газ жеткізу құбырының құрылысына 581 000 000 теңге қаржы бөлініп, толығымен иегерілген.  Тапсырыс беруші — «ҚазТрансАймақ» АҚ.

Бүгінгі күнге Ырғыз ауылындағы 1230 тұрғын үйдің 315-і газ құбырына қосылып, 30 жеке тұрғын үйге газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған 885 үйге газ тартуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні Ырғыз ауылындағы бірқатар мектептер мен балабақша ғимараттарының жылу қазандықтарын газбен қамту жұмыстарының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.

Аудан бойынша Құрылыс, Шеңбертал, Ақши, Жаныс би ауылдарына және ауылішілік  газ жеткізу құбырына жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, Құрылыс ауылына — 305,0 млн теңгеге, Шеңбертал ауылына —  174,0 млн теңгеге, Ақши ауылына — 215,0 млн теңге, Жаныс би ауылына — 380,0 млн теңгеге құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу жөнінде ҚР Қаржы министрлігі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына сұраныс жолданды.

Қазіргі уақытта Құрылыс, Шеңбертал, Ақши ауылдарының ауылішілік газ жеткізу құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Ауызсу

ХАЛЫҚТЫҢ  76,4 ПАЙЫЗЫ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗСУДЫ ПАЙДАЛАНАДЫ

Аудандағы 19 елді мекеннің 9-ы, яғни аудан тұрғындарының 76,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу желісін пайдаланады. Биыл Ақши  ауылындағы сумен қамту желілерін қайта жарақтандыру жұмыстарын «Сак Групп» ЖШС жүргізуде. Ал Белшер ауылындағы сумен қамту желілері құрылысын мердігер мекеме «НұрСтройОйл» серіктестігі басшылығы өз мойнына алған. Нұра, Мамыр ауылдарының тораптық ауызсу құбыры құрылысына және Белшер ауылының дербес ауызсу құбыры құрылысына ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті арқылы мемлекеттік сатып алуға  ашық конкурс жарияланып, «Стройкомплект — 2030» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда Нұра, Мамыр ауылдарының тораптық ауызсу құбыры құрылысы бойынша 300 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен қатар биыл Жаныс би және Шеңбертал ауылдарын сумен қамту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

Білім

АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕП ЖОҚ

Ауданның білім беру саласында 23 мектепке  дейінгі  білім  беру  ұйымы, оның  ішінде 9 шағын орталық және 14 балабақша жұмыс жасайды. Шағын орталықтарда және мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 985  бала қамтылған.

Аудандағы  жалпы  орта білім беретін  мектептер саны —  21, олардың 14-і — орта, 7-еуі — негізгі, оларда 3006 бала білім алды.

Аудан әкімінің айтуынша, Ырғызда апатты жағдайдағы мектептер жоқ.

Оқушылар аудан орталығындағы бір мектепте үш ауысымда оқиды. Бүгінгі күні облыстық бюджет қаржысына Ырғыз гимназиясының, сондай-ақ, Шеңбертал, Жаныс би ауылдарындағы мектептердің құрылысын салудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілуде, — деді М.Елеусізов.

Ауданда жаңа оқу жылына жалпы білім беретін мектептер үшін 2, 5, 7 сынып оқулықтарына қажетті қаржы 100 пайыз бөлініп, келісімшарт жасалды.

Аудан әкімі өз сөзінде жыл сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан және қамқорлыққа алынған мектеп оқушылары үшін мектеп жанындағы сауықтыру  лагерлері қызмет жасайтынын айтты. Биыл 2715 бала лагерьмен қамтылған.

Қазіргі таңда ауданның білім беру саласына 23 маманға сұраныс бар. Алдағы оқу жылына білім беру ұйымдарының сұранысы негізінде келісімшартпен 16 маман жұмысқа шақыртылды.

Мәдениет

 ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАНЫНА — 20 ЖЫЛ

Ырғыз ауданы бойынша «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында жергілікті мемлекеттік органдардағы кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп отырады. Биыл  бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша кіріс құжаттарының жалпы саны 13392 болса, оның ішінде мемлекеттік тілде орындалуы — 13351, ал шығыс құжаттарының жалпы саны 7970 болса, оның ішінде мемлекеттік тілде орындалуы — 7945.

Аталған мемлекеттік бағдарламаны  іске асыру үшін жоспарға сәйкес «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Таза, мінсіз асыл сөз…» атты шешендік өнер байқауы және «Мемлекеттік тіл — мемлекеттік қызметте» атты жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы байқау ұйымдастырылған.

Ауданда халықтық атағы бар Ырғыз халық театры, Ырғыз халықтық – этнографиялық фольклорлық ансамблі, Қартановтар отбасы, «Ақши сазы» әжелер ансамблі және «Мәні» мәдениет үйінің әуесқой театр ұжымдары жұмыс жасайды. Сонымен бірге қуыршақтар театры жолға қойылып, өз көрермендерін тапты. Театр ұжымы балаларға арналған қойылымдарын аудан орталығымен бірге, Құтикөл, Белшер, Ақши ауылдарына арнайы барып, көрсетіп келді.

Биыл «Аймақты әнмен тербетіп…» өнер байқауына 20 жыл толмақ. Бұл шараға да ішкі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі — өнер мерекесінде әр жылдары эстрада, терме жанры бойынша жүлделі орын алған өнерпаздар туралы мәліметтер жинақталуда.

Спорт

МАҚСАТ — ВЕЛОСПОРТТЫ ДАМЫТУ

Ырғыз ауданы бойынша бұқаралық спорттың дамуы тұрақты көрсеткіштерді көрсетуде. Аудан халқының саны 15214 адам болса, оның  21 пайызы, яғни 3194 азаматы бұқаралық спортпен тұрақты айналысады.

Аудан бойынша Ырғыз балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және білім беру мектептері бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосуда.

Қазіргі таңда аудан спортшылары облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда.

Ауданда велоспортты насихаттау мақсатында ардагер спортшы Әлібек Сариннің ықпалымен мекеме қызметкерлері мен мектеп оқушыларының  қатысуымен апта сайын велошеру өткізілуде. Мүгедек азаматтарды қолдау бағытында аптасына 3 рет тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан спорттық үйірме жұмыс жасап, жарыстар ұйымдастырылады.

Биыл Ырғыз ауылынан мәдени-сауықтыру спорт кешені құрылысын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Өңірде экономикалық өсімге, әлеуметтік дамуға және қоғам өмірінде көптеген ілгерілеушіліктерге қол жеткізілді. Бұдан әрі де экономикалық шараларды одан әрі алға бастыра отырып, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау салаларындағы жағдайды жақсарта түсуге тиістіміз, — деді сөзінде аудан әкімі Мәди Елеусізов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button