«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

40 жаңа автобус пайдалануға берілді

Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданындағы тұрақ алаңында 40 жаңа автобус халық игілігіне берілді. Осы салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Облыс әкімі «AktobtBUS» мобильді қосымшасымен танысып, Ақтөбе қаласының «Жолаушылар автокөлік кәсіпорны» ЖШС-ның жүргізушілеріне ЛиА3 525660 жаңа  автобустарының кілттерін салтанатты түрде табыстады. Автобустар GPS-навигация жүйесімен жабдықталған. Мобильді қосымша қала тұрғындары мен қонақтарына онлайн режимде жолаушылар көлігін қадағалауға және қажетті бағытты таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ автобус қайда келе жатқанын көруге, аялдамаға келу уақытын білуге болады.

Бұдан былай қала көшелеріне №46, №48, №8, №32 маршруттар бойынша 38 жаңа автобус шығады. Қалғандары резервте тұр. Әрбір автобуста қазақтың белгілі ақын-жазушылары мен батырларының есімі жазылып, «Ақтөбе» футбол және баскетбол клубтарының логотиптері бейнеленген. Соңғы үлгідегі жаңа қоғамдық көліктер сұранысқа сай. Іші кең әрі жайлы.

— Біздің мақсатымыз — қазіргі заман талабына сай автобустар қала тұрғындарына қызмет етуі керек. Ең негізгісі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттайды. Байқасаңыздар, автобустарда батыр бабаларымыздың есімдері жазылған. Жақында жаңадан волейбол командасын құрдық. Енді «Ақтөбе» футбол клубының ішінен жаңадан баскетбол командасы ашылды. Бұл команда Қазақстанның жоғарғы лигасында ойнайтын болады. Неғұрлым жастарды спортқа баулысақ, олар соғұрлым денсаулығы мықты Қазақстанның азаматы болып шығады. Бүгінгідей қала халқына деген игі істер көп болса, Ақтөбеміз нағыз құтты мекен болмақ, — деді облыс әкімі өз сөзінде.

«AktobtBUS» мобильді қосымшасында шағымдар мен ұсыныстарға арналған бөлім бар. Сонымен қатар жолаушылар тасымалының және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл қосымшалар кез келген ұялы телефондағы «AppStore» және «PlayMarket» қызметтерінде қолжетімді.

Жаңа автобустарда үш бейнебақылау камерасы орнатылған. Пайдалануға берілген 40 автобус бюджет қаражатынан 1,2 миллиард теңгеге сатып алынды.

Шара кезінде «ҚМГ Өнімдері» АҚ-мен келісімге сәйкес «Жолаушылар автокөлік кәсіпорны» ЖШС-ның аумағында газ құю станцияларының құрылысы жүргізілетіні айтылды. Оларды үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы әкімдігі Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп, тағы 100-ден аса автобусты сатып алуды жоспарлап отыр.

 

                                                                                                          Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button