Жаңалықтар

21 шаруашылықтың саудасы

Өткен сенбі күні «Табыс» коммуналдық базарында облыстық ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге қала мен аудандардан 21 ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Жәрмеңкеде  Қобда ауданынан келген «Батпақты» шаруа қожалығы, Білтабан ауылдық округінің шаруашылықтары және Мұғалжар ауданының Ақкемер, Ащысай ауылдық округтерінен келген кәсіпкерлер мен Ойыл ауданының «Бек» шаруа қожалықтары белсенділік танытты. Аталған шаруашылықтардың өнімдері әп-сәтте өтіп кетті. Сондай-ақ Қурайлы, Новый ауылдық округтерінің кәсіпкерлері әкелген ет, «Алдияр» шаруа қожалығы әкелген сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Ал қаладағы «Бизнесті дамыту орталығы» серіктестігінің көкөністерін жұртшылық талап алды.  Саудаға шыққан өнімдердің барлығы қала базарының  нарқынан әлдеқайда төмен бағамен сатылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  маркетингтік ақпаратпен қамтамасыз ету және инвестиция  қызметі бөлімінің бастығы Е.Жолымовтың айтуынша,  жәрмеңкеде 2 тонна картоп, 1,9 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 1,4 тонна ет өнімдері, 0,3 тонна сүт өнімдері және 0,4 тонна балық  сатылған.

Жалпы, жәрмеңкеде 1,4  миллион теңге көлемінде  өнім сатылды.

Ал келесі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 13 наурызда «Табыс» коммуналдық базарында өтеді.  Жәрмеңкеге Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Шалқар аудандарынан кәсіпкерлер қатысады. Сатылатын өнімнің барлығы сапалы әрі халыққа қолжетімді  бағамен ұсынылады.

Қала тұрғындарын жәрмеңкеге шақырамыз!

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button