ЖаңалықтарСпорт

Бас бапкердің шеберлік сабағы

Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайының алаңында street workout спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының бас бапкері Айтым Жақыпов шеберлік сабағын өткізді.

Street workout — адамның өз дене салмағымен жаттығу жүргізуді қамтитын трендтік спорт бағыты. Негізгі жаттығулары турниктерде, спорттық құрылымдарда орындалады.

Спорт сарайының алаңына күш шеберлігін шыңдауға жиналған жастар саны да, ойынды тамашалауға келген көрермендер де көп болды.

Street workout Қазақстанда 2009 жылдан бастап дамып келеді. Өзінің қолжетімділігінің арқасында Ақтөбе қаласында аталған спорт бағытының танымалдығы артуда.

Ақтөбеге арнайы келген Айтым Жақыпов бұл спорт түрінің жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

— Жастар —  ел болашағы. Әрбір ата-ана баласының чемпиондардан үлгі алып, спортпен шұғылданғанына қуанады. Спорт — нағыз мінез қайралатын жер. Мен бұған дейін еліміздің Ақтау, Атырау қалаларында болдым. Ақтөбе қаласы ерекше ықыласпен күтіп алды. Алаңға жиналған жастардың бойындағы спортқа деген құлшынысты көріп, қуанып тұрмын. Бүгінде жастарға жаттығумен айналысуға барлық жағдай жасалған, — деді А.Жақыпов. Айтым Жақыпов биыл тамыз айының соңында Street workout спортынан Қазақстан чемпионаты өтетінін атап өтті. Сондықтан ақтөбелік спортшылардың жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндіктері бар.

— Он төрт жасымнан бастап осы спорт түрімен шұғылданамын. Қалалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болдым. Енді республикалық деңгейде күшімді сынап көргім келеді. Бүгінгі шеберлік сабағы қызықты өтті. Енді бас бапкердің үйреткен жаттығулары бойынша өз шеберлігімді шыңдайтын боламын, — деді спортшылардың бірі Олег Курильский.
— Street workout Олимпиада комитетінің шешімімен спорт түрі болып қабылданды.

Түрлі спорттық алаңдар салынғалы, қызығушылардың саны да артып келеді. Бүгінде Ақтөбе қаласында Street workout спортымен айналысатын 300-ге жуық, ал Қазақстанда 75 мыңдай адам бар, — деді қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров.

«Қоныс» спорт сарайының алдындағы алаң арнайы құрылымдармен жабдықталып, Қазақстандағы «Bar Bars» тобының street workout  мамандарымен зерттелген. Сондай-ақ әлемдік стандарттарға сай жаңартылған.

Бұл алаң  — жастардың street workout спортымен шұғылдануына мүмкіндік беру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің қалаға ұсынған сыйы. Ақтөбе облысының әкімдігі осы алаңды орнатуға қолдау көрсетіп, аталмыш спорт түрінің дамуына үлес қосты.

Айтым Жақыпов енді шеберлік сабақтарын өткізу үшін Қазақстанның Қостанай, Рудный қалаларына аттанды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button