БілімЖаңалықтар

Мектептер неге аттестациядан өте алмайды?

Депутат Асхат Айтжановтың төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және басқарма, департамент басшылары мен  аудандық, қалалық  мәслихаттың хатшылары қатысты.

Ұлттық қор және 10 мектеп

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова білім жүйесінің жағдайы мен оны дамыту бойынша баяндама жасады.

Былтыр білім беру саласына 66, 8 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 6,3 миллиард теңге білім беру ұйымдарына, 4,4 миллиард теңге құрылыс, қайта жөндеу жұмыстарына бөлінген. Биыл жыл басынан бері білім беру саласын қаржыландыру 80,2 миллиард теңгені құрап отыр. Еліміздің 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін былтыр облыста барлығы 4655 орын болатын 41 мектепке дейінгі ұйым ашылған. Соңғы үш жылда жеке балабақшалардың саны үш есеге көбейген. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы саны 862 орын болатын 10 мектепке дейінгі ұйым іске қосылыпты. Сонымен бірге өткен жылы 4 мектептің құрылысы басталса, биыл Ұлттық қордың есебінен 10 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ басқарма басшысы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Былтыр облыс бойынша, білім беру орындарындағы компьютерлік паркті жаңартуға 156,0 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.  Шағын жинақталған 108 мектепке 216 интерактивті құрал сатып алу үшін трансферт бөлініпті.

Осы және өзге де мәселелерді баяндаған  Сәуле Өмірбековаға депутаттар сұрақтар қойды. Депутат Тәттігүл Талаева балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету және асханаларда фасфудтардың сатылуына қатысты мәселе көтерді. Ал депутат Бақытжан Ержанов Шалқар ауданына қарасты Шілікті ауылындағы мектептің білім сапасын сынады. Аталған ауыл мектебіндегі балалар ҰБТ қорытындысы бойынша ең төменгі көрсеткішке ие болған. Жалпы аудандағы «Алтын белгі» алған оқушылардың ішінде 23 балл жинағандар болыпты. Басқарма басшысы ыстық тамақпен қамту мәселесінде айтарлықтай проблема жоқ екенін, бірақ бар мәселені шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Ал  Шалқар ауданындағы мектептердің білім сапасы басты назарда екенін, бұл бағытта арнайы тексеру шаралары жүріп жатқанын жеткізді.

Сәуле Өмірбекованың айтуынша, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша Ойыл, Мұғалжар аудандары жетекші орындарға шыққан. Ал ең төменгі көрсеткішті Шалқар, Әйтеке би аудандары алыпты.

Сондай-ақ депутаттар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, салаға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін енгізу, үш ауысымды мектептердің санын азайту, оқулықтармен қамтамасыз ету секілді мәселелер бойынша тапсырмалар берді.

Білім сапасы неге төмен?

Жиында облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Жанна Қайшығұлова білім беру ұйымдарындағы білім сапасы мен өзекті мәселелерді жан-жақты айтып берді. Оның айтуынша, биыл 118 мекеме аттестацияланса, оның ішінде 55-і өтпей қалған.

Аттестациядан өтпеген мекемелерге барып, олардағы проблемаларды талқылап, шешу жолдарын қарастырамыз. Бірақ бірде-бір мекеме аттестациядан өтпегені үшін жабылған жоқ. Қазіргі күні білім саласындағы проблеманың бірі — мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиешілердің жетіспеуі. Облыс бойынша 7 колледж тәрбиешілерді оқытып, шығарады. Бірақ әлі күнге дейін аймақта қолында дипломы бар білікті маман жоқ. Екінші мәселе — жекеменшік балабақшалардың жайы. Жыл сайын жекеменшік балабақшалардың саны көбейіп жатыр. Бірақ олардың қай жерде орналасқандығы, қаншалықты қажет екендігі жөнінде ешқандай мониторинг жүргізілмейді. Департамент тексере алмайды.  Департамент тарапынан салық комитетіне ұсыныс тастаған кезде олар жауапкершілігі шектеулі серіктестігі немесе жеке кәсіпкер болып тіркеледі. Негізгі қызметінде білім, балабақша жұмысы секілді тармақтар жазылмайды. Осыдан біраз уақыт бұрын департаментке прокуратурадан мұсылман халал балабақшасы туралы деректі анықтау жөнінде тапсырма түсті.Тексере келе бұндай балабақша Ватутина көшесінде ашылғаны анықталды. Бірақ олар бізге ашылғаны жөнінде хабарлама жібермеген. Нәтижесінде жеке кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылып, соттың шешімімен балабақша жабылды. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланбайды. Олар тек қана ашылғаны және жабылғаны жөнінде департаментке хабарлама жібереді. Ал жекеменшік балабақшалар ешқандай хабарлама бермей отыр, — деді Жанна Қайшығұлова.

Департамент басшысы балабақшалардың материалдық-техникалық жағдайына тоқталды. Бұндай мекемелердің көпшілігі Кеңес өкіметі тұсындағы санитарлық талаппен жұмыс істейді. Мәселен, балалар ойнайтын алаң бетонмен жабдықталған. Ал қазіргі талап бойынша жабынды жұмсақ болуы керек. Осы ретте санитар мамандар мекеме басшылығына әкімшілік айыппұлдар салады.

Сондай-ақ департамент басшысы, бір емес, үш рет аттестациядан өтпеген қала мектептері бар екенін айтты. Мәселен, №20, №18 және Белогор орта мектептері сынақты үшінші рет тапсырғанда барып әрең өткен. Ал Шалқар ауданындағы Қызылту  орта мектебі мен Қарғалы ауданындағы Қосестек орта мектебі аттестациядан өте алмапты. Бұның барлығына мектеп ішінде бақылаудың жоқтығы және менеджмент жүйесінің әлсіздігі себеп болып отыр.

Сондай-ақ облыс мектептеріндегі білім сапасы өте төмен. ҰБТ нәтижесі мен департамент өткізген бақылау  жұмыстарының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мәселен, биыл ҰБТ-да жоғарғы көрсеткішке ие болған Ойыл ауданындағы мектептердің білім сапасы —  нашар. Яғни үлгерім жүз пайыз болғанымен, сапа көрсеткіші өте төмен. Бұндай көрсеткіш  4-9-11 сынып оқушылары арасында жүргізілетін сырттай бағалау сынағы кезінде анық байқалады. Оқушылар өте төмен балл жинайды. Мәселен, биыл 45 мектептің алпыс пайызы төмен көрсеткішке ие болған. 4-сынып оқушысының орташа балы — 17, 9-сынып — 39, 11-сынып оқышысының балы 41-ді көрсеткен.

Білім саласындағы тағы бір проблема — мұғалімдердің өз мамандығына сәйкес келмейтін пәндер бойынша сабақ беруі. Былтыр 80 мектепте 189 маман емес мұғалім анықталса, биыл 75 мектептің ішінде 285 мұғалім анықталып отыр. Оның 35-інің педагогикалық білімі жоқ. Тіпті мұғалім болып жүргендердің арасында медицина маманы, сатушы, эколог, электриктер де бар. Мәселен, Шалқар ауданындағы Алабас орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бола тұра, ағылшын сабақтарын өзге мұғалімге берген.

Депутаттар бұл мәселелерді тыңдаған соң сұрақтар қойып, жауапты мекемелерге тапсырмалар берді.

Бастау ауылы бой көтереді

Сессия отырысында 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов баяндама жасады.  Оның айтуынша, облыстық бюджетті нақтылау және қайта бөлу кезінде  1 миллиард 995 миллион теңге сомасында ұсыныс түскен. Басқарма жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуына мониторинг жүргізді. Талдау нәтижесінде облыстық бюджеттің 2017 жылдағы  кірістері мен шығыстарын арттыру есебінен бюджет қаражатын қайта бөлу көзделді. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық шығындар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі жобалар қаржыландырылмақ.

Сондай-ақ жиында  Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінде пилотты жоба ретінде Бастау ауылы бой көтеретіні айтылды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 34 миллиард 219 миллион теңге қаржы қарастырылмақ. Оның 17 миллиард 734 миллион теңгесі жеке қаржы есебінен, 13 миллиард 263 миллионы республикалық бюджеттен және 3 миллиард 621 миллионы жергілікті бюджет есебінен қарастырылады.

Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллиннің айтуынша, Бастау  елімізде теңдесі жоқ ауыл болмақ. Тұрғын үйлер мен  ауылшаруашылық нысандарын салуға 221 гектар жер бөлу көзделген. Ауылда тұрғындардың өмір сүруі үшін барлық мүмкіндік жасалады.  Жобаны іске асыру кезінде 1000 жұмыс орны ашылады.

Сессияда қаралған мәселелер бойынша бірауыздан шешім қабылданды. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев алда атқарылатын шаруаларға тоқтап, өңірдің өркендеуі үшін қолға алынған жобаларды қолдаған депутаттарға алғысын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button