Басты жаңалықтарМереке

Мерекедегі шуақты сәттер

«ШамшырақАқтөбе» ЖШС ұжымы Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнін лайықты атап өтті.

22 маусымда Т.Ахтанов атындағы драма театрында облыстағы барлық БАҚ-тардың өкілдерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Журналистер қауымын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады. Театр фойесінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Көрмеге газеттердің көне тігінділері, әр кезеңдердегі баспаханалық жабдықтар, газеттер мен журналистердің әр жылдардағы наградалары, т.б. жәдігерлер қойылды. Салтанатты шараға жиналғандар көрмеге ерекше қызығушылық танытты.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұжым мерекелік дастарқанда бас қосты. Олар алдымен журналистика саласының ардагерлері — Нұрқайыр Телеуов, Идош Асқар, Нұқы Қартбаев, Төлеміс Меңдіғалиев, Геннадий Айымбетов, Сәбит Сүлейменов, Зияш Телеуова, Мейірхан Ақдәулетұлы, Муапих Боранқұлов, Мәлика Түгелова, Жұбаныш Байгуриновтерді ерекше құрметпен, салтанатты түрде қарсы алды. Сондай-ақ, мерекелік шараға қонақ ретінде Орынбор облыстық «Оренбуржье» газетінің бас редакторы Любовь Суркова, оның орынбасары Татьяна Богатенкова және осы басылымның жауапты хатшысы Владимир Воронцев та шақырылды.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыстар мен отбасы бақытын тіледі. Әдетте мереке күні лайықты еңбек еткендерге марапаттар мен жүлделер табысталатыны белгілі. Бұл басқосуда да сол дәстүр сақталды: көптеген қызметкерлер мерекеге орай марапатқа ие болды, олардың басым бөлігі — ұжым басшылығы тарапынан марапатталса, бірқатарына облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы ұйымынан сыйақылар бұйырды.

Ардагер журналист Сәбит Сүлейменов «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды.

Журналистерге алдымен «Ақтөбе» газетін 27 жыл бойы басқарған ардагер журналист Нұрқайыр Телеуов және Николай Хан атындағы сыйлықтар табысталды. Бүгінде жасы 90-ға таяған Нұрқайыр аға Телеуов өзі атындағы сыйлықты «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлжан Базылқызына өз қолымен берді. Ал Николай Хан атындағы сыйлыққа «Актюбинский вестник» газетінің журналисі Муапих Боранқұлов лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Үздік тілші», «Үздік фототілші», «Үздік сайт редакторы», «Үздік беттеуші», «Үздік терімші» т.б. көптеген номинациялар бойынша марапаттар тапсырылды. Ал газетте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер мен тәжірибелі журналистерге «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС атынан «Ақтөбе — Актюбинский вестник» төсбелгілері табысталды.

Кәсіподақ комитеті газет қызметкерлеріне Бурабай мен Меркідегі шипажайларға, «ЭКСПО-2017» көрмесіне және көпбалалы отбасылар балаларына қала сыртындағы лагерьлерге жолдамалар берілді.

Нақ мереке күні «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұжымы тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болды: газеттер тарихына арналған музей салтанатты түрде ашылды.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС қызметкерлерін, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы,  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, денсаулық басқармасы, басқа да ұйымдар мен мекемелер құттықтады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button