Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктер репрессия құрбандарын еске алды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Түйетөбе басында болып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингіге қатысты.

Алдымен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актерлері мен актрисалары қаралы шежіреден сыр шертетін қойылым көрсетті. Бұдан соң облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан жазықсыз жапа шеккендердің рухына бағыштап Құран оқыды.

Түйетөбе басына жиналған жұрт зұлмат жылдары қуғынға ұшырап, құрбан болғандарды бір минут үнсіз тұрып, еске алды.

Шарада өңір әкімі Бердібек Сапарбаев ел тарихындағы қайғы-қасіретке толы жылдар туралы айтты.

Тоталитарлық жүйенің салдарынан 3 миллионға жуық қазақ аштықтан қырылды. 1 миллион  100 мыңға жуық қазақ пана іздеп, басқа елдерге бас сауғалап кетуге мәжбүр болды.

Жалпы 1920-1940 жылдар аралығында Ақтөбе облысы аумағында 7 мыңға жуық адам репрессияға ұшырады. Олардың 2000-ға жуығы ату жазасына кесілді. Ұлттық рухты оятқан Алаш қайраткерлері, қазақ зиялылары құрбан болды. Олардың арасында Ұзақбай Құлымбетов, Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов сынды зиялылар да бар, — деді облыс басшысы.

Ақтөбе қаласынан — 1340, Шалқар ауданынан — 555, Табын (Байғанин) ауданынан — 465, Ойылдан — 260, Ырғыздан — 236, Темірден 388 адам жазаланды.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы —  тарих» деп тарихтың ұлтты тәрбиелейтінін айтқан. Жастар еліміздің тарихын білуі керек. Тәуелсіздіктің қадірін түсінуі тиіс. Ел басына күн туған қиын кездердің өзінде біздің ата-бабаларымыз сол тұстағы саясаттың салдарынан өздерінің туған елдерінен, туған жерлерінен күштеп  көшірілген — орыстарды, немістерді, поляктарды, украиндарды, шешендерді және басқа да ұлттардың өкілдерін жатсынбай, бәрін бірдей бауырына басты. Бүгінде қазақ жері бейбітшіліктің бесігіне айналды. Кең-байтақ елімізде түрлі ұлт өкілдері шат-шадыман, берекелі тірлік кешуде. Біздің басты байлығымыз, міне, осы — бірлігіміз.

Бұдан 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Біз жазықсыз шейіт болған азаматтарды ешқашан ұмытпаймыз, олардың рухына тағзым жасауды естен шығармаймыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жиын барысында сөз алған репрессия құрбанының ұрпағы Жәдігер Қадырбердиев былай деді:

Кеңес өкіметі тұсындағы солақай саясаттың салдарынан біздің әулетіміз де үлкен қасірет шекті. «Халық жауының» баласы болып өстік. Бұл өте ауыр тиді. Байғанин ауданының Баршақұм ауылында — Сағыз өзенінің бойында дүниеге келдім. Аяғымды тәй-тәй басқан сәбимін. Ешнәрсені білмеймін. Зұлмат жылдардың қасіретін  кейін білдік.

Менің атам Кердері Қадырберді ахун сол өңірде мешіт салған. Ел-жұртты имандылыққа баулыған. Сол себепті ол қуғынға ұшырады. 1932 жылы Түркіменстанда атылыпты. Әкем Жамалладин де — қуғын-сүргіннің құрбаны. Құжаттарда: «1937 жылы 26 тамызда «ату жазасына кесілсін» деген үкім шығып, 31 тамызда «үкім орындалды» деп жазылған. Әкемнің ағасы Сражатдин 1940 жылы жазаланды. Кейін оның ақталғанын білдік.

1937 жылы екі бірдей туысым жазаланды. Жем орталау мектебінің директоры Нәжімеддин Төрегелов пен Қарабұлақ орталау мектебінің директоры Ермұрат Әбішевті ұстап әкетті. Нәжімеддин 1946 жылы елге аман-сау оралды. Ал Ермұрат туралы әлі күнге дейін ешқандай мәлімет білмейміз.

Балаларыма, немерелеріме әрдайым ата-бабаларымыздың жазықсыз жапа шеккендігі жөнінде жиі айтамын.

Жиында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, репрессия құрбанының ұрпағы Хасан Сагаевқа сөз берілді.

Қасиетті қазақ жерінде 130-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстанға жан-жақтан келген түрлі ұлттың өкілдері осы қазақ елінде, қазақ жерінде есін жиып, еңсесін тіктеді. Өйткені олардың жүрегіне қазақтар үміт отын жақты, ертеңгі күнге деген сенімді ұялатты. Сол себепті де, біз күллі қазақ халқының алдында  басымызды иіп, алғыс айтамыз, — деді Хасан Сагаев.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай бастаған бір топ адам қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button