Басты жаңалықтар

Ғалымовтар отбасы — жеңімпаз!

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған шара өтті. Бас жүлдені иеленген Ғалымовтар отбасы республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғайтын болады.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.
Отбасылық құндылықтарды сақтауды, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуды, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыра түсуді мақсат еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен төрт жылдан бері ұйымдастырылуда. Байқау үш кезең бойынша өткізіледі: біріншісі — аудандық (қалалық), екіншісі — облыстық, үшіншісі — республикалық.
Конкурсқа облыстағы 500-ге жуық отбасы қатысып, оның 26-сы шешуші кезеңге жолдама алған. Нәтижесінде 7-еуі жүлделі орындарға ие болды.

Ұлттық конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алған және облыстық кезеңде жүлделі орындарды иеленген отбасыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Бас жүлдені Ойыл ауданында тұратын Ғалымовтар отбасы иеленді. Бұл отбасыға еліміздегі шипажайларда демалу үшін екі жолдама табысталды.

Бекіш ақсақал мен Айсұлу әже 9 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан 24 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Бекіш Ғалымов Социалистік Еңбек Ері, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері.

1961 жылы атам Ғалым Қосымбаев шопан таяғын әкеме аманаттаған. Әкем атамның сенімін ақтады. Қой шаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі лайықты бағаланып, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Әр жүз саулықтан әр жылдары 120, 130, 140, 163 қозы алды. 

1976-1986 жылдары қатарынан екі мәрте Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Анам Айсұлу — «Батыр Ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері.

2009 жылы әкем мен анамның алтын тойлары болды. Бұйырса, екі жылдан кейін гауһар тойларын тойлаймыз, — дейді қызы Әлия.

І орынды Исмаиловтар отбасы  (Қарғалы ауданы) алды. ІІ орын Нұғмановтар отбасы (Алға ауданы) мен  Қойшыбаевтар отбасына (Хромтау ауданы) берілді. Ал Самбаевтар  (Қобда ауданы), Сүйесіновтер (Байғанин ауданы), Бекеевтердің (Темір ауданы) отбасылары ІІІ орынға ие болды.

Салтанатты шара соңы өңір өнерпаздарының әсем сазды әні мен мың бұралған биіне ұласты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button