Жаңалықтар

Облыс кәсіпкерлігіндегі әйелдер үлесі — 55,4%

Форум

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының күмбезді залында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің I бизнес-форумы өтті.

Форумға облыстың барлық ауданынан 200 іскер әйел шақырылған.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

  • Форумға облыс орталығындағы кәсіпкер әйелдер ғана емес, аудандардағы іскер әйелдердің келіп қатысқанына қуаныштымын. Мұндай басқосу ең алдымен аудандардан келген өкілдерге өте қажет деп ойлаймын.

Бүгінгі күні Мемлекет басшысы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алға қойған негізгі мақсаты — кәсіпкерлік саласының дамуына серпін беру.

Кезінде көптеген адамдар іскер әйелдер кеңесінің маңызды ұйым болатынына сенбеді. Алайда бүгінгі күні облыстағы іскер әйелдер өздерін мойындатып, біртұтас, айқын мақсатының арқасында көпшілікке танылды. Бұл — ортақ жетістік. Бүгінгі өткізіліп отырған форум — осының айғағы, — деді Ләззат Рамазанова.

Форумда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бүгінде еліміздің барлық өңірінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесі жұмыс жасайтынын, сондай-ақ статистикаға сәйкес біздің облыста мемлекет тарапынан берілетін қолдауға ие мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын әрбір үшінші адам кәсіпкер әйел екенін жеткізді.

Бүгінгі күні облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірқатар әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жағынан алғанда біздің облыс елімізде алдыңғы қатарда тұр. Ал облыстағы белсенді кәсіпкер әйелдер қазіргі таңда осы бағыттағы жобаларға белсене атсалысуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әрдайым оларды аты-жөнімен атап, айтып отырады. Ал іскер әйелдердің жобалары нәтижелі.

Өткен жылы өз кәсібін жаңадан бастаған 967 кәсіпкер әйел тренингтен өтсе, олардың 20 пайызы бүгінде өз кәсібін дамытып отыр. Облыс орталығындағы іскер әйелдер аудандағы әріптестерін бәсекелес деп санамайды. Керісінше, оларға қолдау көрсетіп, өз тәжірибелерімен алмасады, — деді Қайрат Бекенов.

Шарада өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы жайлы облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова баяндама жасады.

Оның айтуынша, облыстағы 7 164 ұйымның жетекшілерінің 22,2%-ы — әйелдер. Ал кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің үлесі — 55,4%. Олардың дені сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс жасайды.

  • Бүгін осы шарамен қатар өткізілетін көрмеде кәсіпкер әйелдер өздерінің осы салада әртүрлі бағытта жасап жатқан жұмыстарын көрсетеді. Өкінішке қарай, бұл көрмеге 160-тан астам тапсырыс түскенімен, бүгінде олардан 42 кәсіпорын ғана өз жұмыстарын ұсынады, — деді К.Айдарханова.

Форум барысында кәсіпкерлер өздерінің сауалдары мен ұсыныстарын айтты. Мәселен, «Ақтөбе облысының дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы бірыңғай мектеп формасын тігуге байланысты өз ұсынысын жеткізді. Ол: «Неге мектеп формасын басқа жақтан әкелмей, Ақтөбеде тікпейміз?» — деді.

Сондай-ақ шарада балабақшаларда жан басына қаржыландыру жайы да сөз болды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бюджеттен бөлінетін 19 354 теңге балалардың барлық шығынын жаппайды.

Форумда аудандардан келген іскер әйелдер ауылдарға берілетін қаржылай қолдаудың  қолжетімділігі туралы сөз қозғады.

Шара аясында өңірдегі кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосқан бір топ іскер әйел  «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хатымен марапатталды.

Форум соңында аймақта әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және дамыту үшін облыс әкімдігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.

Владимир БУРЬЯНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button