Жаңалықтар

Суағарлар салынады, су құбырлары жөнделеді

Депутаттық күн

Облыстық мәслихаттың жоспарына сәйкес «Депутаттық күн» отырысы өтті. Басқосуға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары қатысты.

Жиында туристік қызметті және халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлының баяндамасы тыңдалды.

Басқарма басшысы туризмді дамыту бағдарламасына, туристік нысандардың қолжетімділігін жақсарту және туризм инфрақұрылымдарын дамыту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, туристік нысандардың құрылысы және жаңарту мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, Е.Кенжеханұлы баяндамасында «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық туралы айтты.

Бұдан кейін  құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының және облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Марат Итеғұлов төрағалық етті.

Басқосуда Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қаладағы автокөлік жолдары, суағарлар мен нөсерлік кәріздердің жағдайы, оларды жөндеу мен күтіп-ұстау туралы баяндама жасады.

Былтыр 43 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Мұның 4-еуінің құрылысы 2015 жылы басталған ауыспалы жоба. Осы жобалардың 3-еуіне күрделі, 33-іне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бюджеттен 3,1 миллиард теңге бөлінген. Былтыр жөнделген жолдың жалпы ұзындығы — 36,4 шақырым. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 12,4 шақырымға артық. Сондай-ақ, былтыр 2017 жылы аяқталатын 7  жобаның (4-еуі күрделі жөндеу, 3-еуі жаңа құрылыс) құрылысы басталды.

Жалпы ұзындығы 40,2 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар да 2015 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында асфальт жамылғысы жоқ 26 көшеге қиыршық тас төселді. Бұл үшін 100 миллион теңге бөлінді, — деді Ілияс Испанов.

Былтыр жолдарды жөндеумен қатар 5 көшеге ұзындығы 2,2 шақырым болатын суағар жүйесі салынды. Бұл жұмыстар Ғ.Жұбанова, 101-атқыштар бригадасы, А.Иманов, Сәңкібай батыр, М.Оспанов көшелерінде жүргізілді.

Қала басшысының айтуынша, биыл автокөлік жолдарын жөндеумен бірге бірқатар көшелерде суағар жүйелері салынатын болады. Бұл көшелер: З.Космодемьянская, Ливенцов, Папилов, М.Мәметова көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейінгі Капитан Бриг аумағында, Ағайынды Жұбановтар көшесі бойымен Пацаев көшесінен Бейбітшілік даңғылына дейінгі, Ағайынды Жұбановтар көшесі бойында Ғ.Жұбанова көшесінен М.Оспанов көшесіне дейінгі, Ембі көшесі, Ақтөбе көшесі бойында Пожарский көшесінен Бейбітшілік даңғылына дейінгі, Пожарский көшесінен Қобда тасжолына дейінгі аумақтар.

Сондай-ақ, биыл Батыс-2 шағын ауданы, Жүргенов, Қарасай батыр, Ряхов, Кленовая, Жазықов, Солнечная, Түріксіб, Вокзальная, Наумов, Білтабанов, Бауман, Бақтыбай батыр көшелеріндегі су құбырларын жөндеу жоспарланып отыр.

Талқылау барысында депутаттар, қоғамдық кеңестің мүшелері сауалдар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button