Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында мерекелік шеру өтеді

Оған 5 мыңға жуық ақтөбелік қатысады

Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған 18 этномәдени бірлестік  жемісті еңбек етіп жатыр.

Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы ақтөбеліктер үшін табысты өтті: Ассамблея төрағасының түрлі этномәдени бірлестіктердің атынан тағайындалған екі орынбасарының бірі — Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк болды. «Бұл — біз үшін үлкен абырой. Сондай-ақ, сессия алдында жас әнші Димаш Құдайбергенді Мемлекет басшысы қабылдап, бата берді. Димаштың «Тәуелсіздіктің 100 тұлғасы» жобасына енуі де тек Ақтөбе жұртшылығына емес, күллі қазақ үшін зор мәртебе. Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясына ақтөбелік теолог Асқар Сабдин де шақырылды. Ол дін тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, президиумда Елбасының қасында «Вяра» болгар және «Эллада» грек этномәдени бірлестіктеріне мүше жастар отырды. Бұрын-соңды біздің облыстағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері президиумда Мемлекет басшысымен бірге отырмапты. Демек, бұл да біздің мерейіміз», — дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы  Ақтөбе филиалы хатшылығының меңгерушісі Бұлбұл Елеусінова.

Біз мереке қарсаңында  Бұлбұл Елеусіновамен этномәдени бірлестіктердің тыныс-тірлігі туралы сөйлескен едік.

Мерейтойлық сессияға 32 делегат барды

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясына біздің облыстан қатысқан 32 делегатты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастап барды.

Шараға облыстағы 18 этномәдени бірлестіктердің бәрінің де өкілдері қатысты. Бұрын-соңды Ассамблея сессиясына барлық этномәдени бірлестіктің мүшелері қатыспапты. Биыл бірі қалмай, өз мүшелерінің айтулы жиынға қатысып, Елбасының өз ауызынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат, мұраттарын естіп келгеніне қуанышты. Әсіресе, сессияға жастар көп барды, — дейді хатшылық меңгерушісі.

Ол «Жаңғырудың негізі — тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында өткен сессияда көптеген мәселелер қаралғанын айтады.

Сессия барысында Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы негізгі міндеттерге назар аударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойын ортаға салды.

Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту бойынша арнайы құрылған Ұлттық комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, мақалада көрсетілген бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән берді. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункционалды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды.

Сондай-ақ, Елбасы Ассемблея мен мемлекеттік органдар жүзеге асыратын бірқатар жаңа міндеттерді айқындап, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді, — дейді Бұлбұл Елеусінова.

90-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері және 18 этномәдени бірлестік

Бүгінде біздің облыста 90-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. 18 этномәдени бірлестіктің барлығы да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.

Этномәдени бірлестіктердің басшыларының да, мүшелерінің де бір ғана мақсаты бар: елдің бірлігін, ынтымағын берік ұстау. Бірлестіктердің басшылары мемлекеттік саясатты мүшелерінің арасында кеңінен насихаттап жатыр, — дейді хатшылық меңгерушісі.

Облыстағы 18 этномәдени бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында орналасқан. Олардың жұмыс істеулері үшін барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық базасы мықты. Ғимаратта түрлі мәдени шараларға арналған 300 орындық зал, би өнеріне арналған зал, конференц-залы, түрлі шараларға дайындық өткізетін бөлмелер, компьютерлік кластар, этномәдени орталық жетекшілерінің кабинеттері орналасқан. Сондай-ақ, мұражай бар. Онда барлық этномәдени бірлестік өз жәдігерлерін қойған.

Этномәдени бірлестіктердің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытуға толық жағдай жасалып отыр. Олардың іс-шараларын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді.

18 этномәдени бірлестіктің өз ансамбльдері жұмыс істейді. Олардың жетеуінің халықтық, үлгілі деген атақтары бар. Ансамбльдер республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Қызылорда, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының этномәдени бірлестіктерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатыр. 

Сондай-ақ, қазір орыс, татар-башқұрт, украин, неміс этномәдени бірлестіктері өздерінің тарихи отандарымен іскерлік-мәдени қарым-қатынас орнатты, — дейді Бұлбұл Елеусінова.

Ассамблея жанында Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасайды. Ол Ақтөбе өңірінде болып жатқан қоғамдық шараларға өз үлесін қосады. Мысалы, кеше болған су тасқыны кезінде Қоғамдық келісім кеңесінің ұйытқы болуымен үлкен жиын өткізілді. 18 этномәдени бірлестіктердің қолдауымен жалпы 700 мың теңгеге су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай және заттай көмек көрсетілген.

Ассамблеяның негізгі қызметтерінің бірі — қайырымдылық көрсету. Меценаттардың басын біріктіріп, көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсетіледі. Мысалы, балаларды мектепке дайындау, аз қамтылған отбасыларға көмектесу, жұмыссыздардың жұмысқа орналасуына ықпал ету, тағы басқа игі істер тындырылуда, — дейді хатшылық меңгерушісі.

Ассамблея жанында 2015 жылдан бері медиация орталығы жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, аналар, жастар кеңестері құрылған. Аналар кеңесінің жанынан ашылған психологтар клубы бар. Психологтар Аналар үйіне барып, жастарға дәріс оқиды.

P.S: Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен биыл Ақтөбе қаласында және 12 ауданның орталығында мерекелік шерулер ұйымдастырылады. Шеруге облыс бойынша 5 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button