Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде құс еті өндірісі қашан дамиды? 

Былтыр облыста 174 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Аймақ халқын жұмыртқамен 100 пайыз қамтамасыз етіп отырған «Рамазан» құс фабрикасының өзінде өткен жылы 101 миллион дана жұмыртқа сатылымға шығарылды. Қазір аталған фабрикада модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңарту жұмыстарынан кейін кәсіпорын жылына 130 миллион дана жұмыртқа өндіру мүмкіндігіне қол жеткізбек.

 

Екі фабриканың ертеңі

Қазір облыста екі құс фабрикасы бар. Оның бірі —  жұмыртқа өндірісімен айналысатын «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, екіншісі — таза құс етін өндіретін «Аққұс» құс фабрикасы.

Бүгінгі күні «Рамазан» серіктестігінде 423 мыңның үстінде құс бар. Оның 350 мыңы — жұмыртқа өндіруге бейімделген аналық тұқым.

Жыл басында «Аққұс» фабрикасындағы құстың саны 203 мыңға жеткен. Бүгінде гормоналды емес өнім өндіруді мақсат еткен бұл құс фабрикасының өніміне қазір сұраныс жоғары. Фабрика бройлер етін өндірумен айналысады.

— Қазір Ақтөбе өзін-өзі толықтай құс етімен қамтамасыз етіп отырған жоқ. Сондықтан құс фабрикаларының санын көбейту — басты міндет. Бұл іспен айналысуға шаруашылықтар қызығушылық білдіріп отыр. Әрине, жергілікті әкімдік тарапынан мұндай идеяларды жүзеге асыруға қолдау бар. Бізге құс етін өндірушілер әлі де қажет, — дейді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.  

Жыл соңына дейін «Рамазан» құс фабрикасы жаңа технология негізінде жұмыс жүргізбек. Қазір аталған фабрикада қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Алдағы күні еуропалық стандартқа сай, неміс технологиясы негізінде істі жалғастыратын фабрикада құс саңғырығы құрғақ күйінде сыртқа шығармақ.

«Рамазан» құс фабрикасы өндірісті дамытып, өнім көлемін ұлғайту мақсатында модернизациядан өтіп жатыр. Яғни, қазіргі күні құс фабрикасында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта басқа желілер пайдалануға берілмекші. Егер қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталса, онда бұл кәсіпорын жылына 130 миллион данаға дейін жұмыртқа өндіретін мүмкіншілікке қол жеткізеді. Өз кезегінде құс өсіру ісі жаңа технологияға негізделіп,  нәтижесінде тауық саны артады. Сонымен қатар, бүгінгі күні ақтөбеліктер үшін күрделі мәселе туғызып отырған құс саңғырығының иісі жойылатын болады. Себебі, қаланың өсуіне байланысты құс фабрикасы маңайында орналасқан үйлердің тұрғындарынан осы мәселеге қатысты арыз-шағым көптеп түсіп жатады. Жаңа технологияны пайдаланудың арқасында бұл проблемалар тиімді шешілетін болады. Алдағы уақытта фабрикадан құс саңғырығы құрғатылған түрде шығарылады, — дейді П. Бимұратов.

 Субсидия кімге беріледі?

Ақтөбеде жұмыртқа тапшылығы жоқ. «Рамазан» құс фабрикасы аймақты 100 пайыз жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Артылған өнім Ақтөбеден бөлек, еліміздің 4 облысы — Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырауға  шығарылады. Әзірге ішкі нарықта жұмыс жасап жатқан «Рамазан» кәсіпорны  мемлекет тарапынан қолдауға да ие болып отыр.

«Рамазан» мемлекет тарапынан жақсы көмекке ие. Былтыр бұл кәсіпорынға өндірген 91600 миллион дана жұмыртқа үшін Үкіметтен 275 миллион теңге  субсидия берілді. Бұл — қайтарымсыз қаражат. Әрине, құс өсіріп, жұмыртқа өндіру оңай шаруа емес. Құсқа берілетін құрама жем өте қымбат тұрады. Оның үстіне, құс шаруашылығын дамытушылар ветеринарлық дәрілерді уақытында алуы керек, — дейді Панабек Бимұратов.

Оның айтуынша, жеке құс шаруашылығымен айналысатындарға субсидия берудің өз критерийлері бар. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қол жеткізу үшін құс шаруашылығында жылына 20 миллион данадан кем емес жұмыртқа өндірілу керек. Панабек Бимұратовтың айтуынша, әзірге мұндай мүмкіндікке ие болып отырған құс шаруашылықтары облыста жоқ.

Кооперативтерге құрама жем қажет

Былтыр «Рамазан» құс фабрикасы 101 миллион дана жұмыртқа өндірді. Ал облыс бойынша  бұл көрсеткіш — 174 миллион дана жұмыртқа. Бүгінгі күні «Рамазан» серіктестігі өз өнімдерімен облысты 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Облыста жұмыртқаға қажеттілік, яғни аймақ халқына шаққанда —150 пайыз. Тағы бір айта кететін жайт, қазір бұл фабрика құрама жеммен өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп отыр. Құрама жем кәсіпорынның өзінде дайындалады. Мұны айтып отырған себебім, бүгінде  ауыл шаруашылығы кооперациясын құруға байланысты шаруашылықтардан құрама жемге қатысты мәселе көтерілуде. Бұл орайда «Рамазан» серіктестігі құрама жемді қажет ететін кооперативтерге кез келген көлемде өнім дайындап беруге келісіп отыр. Қазір фабрика өз құстары үшін  тәулігіне 40-50 тонна құрама жем дайындайды.  Алайда серіктестіктің күніне 200 тоннаға дейін құрама жем дайындауға қуаттылығы жетеді. Бұл өз кезегінде облыстағы көптеген кооперативтерді құрама жеммен қамтамасыз етуге өзіміздің мүмкіншілігіміз бар деген сөз, — дейді Панабек Бимұратов.

Қосымша екі құс фабрикасы салынады

Қазір облыста қосымша екі құс фабрикасын салу ісі жоспарлануда. Оның бірі — «Рокос» кәсіпорны жылына қуаттылығы 20 мың тонна құс етін өндіруге бағытталған фабрика ашуды көздесе, екіншісі — Қарғалы ауданында инвестордың ықпалымен құс фабрикасын салу жоспарлануда. Панабек Бимұратовтың айтуынша, аталған жобалар келер жылы жүзеге асырылмақ.  «Бүгінгі күні облыста жұмыртқа тапшылығына байланысты мәселе жоқ. Жергілікті жерде өндірілетін жұмыртқаның сапасы өте жоғары. Алайда ақтөбеліктерді жергілікті құс етімен қамту көрсеткіші әлі де болса төмен. Қазір Ақтөбедегі «Рокос» серіктестігі  елімізге сырттан 42 мың тонна құс етін тасымалдайды.  Кәсіпорын басшылығы құс фабрикасын салу арқылы осы қажеттіліктің ең болмағанда жартысын өзімізде өндіруді жоспарлап отыр. Қазір алға қойған мақсат — жергілікті құс етімен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді экспортқа шығару», — дейді ол.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша,  жақында Ақтөбеде өткен Қазақстан-Израиль бизнес форумы аясында «Рокос» компаниясының өкілдері мен израилдық кәсіпкерлермен кездесіп, келіссөздер жүргізілген. Шетелдік мамандар ақтөбеліктерге құс етін өндірудің жаңаша технологиясын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісіпті.

Қазір облыста ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші  50 пайыздан артық емес. Бүгінгі күні нарықта Ресей, Украина елдерінен тасымалданатын тауық еті бар. Облыста қосымша құс фабрикасын салу ісі ішкі нарықта жергілікті өнімнің үлесін көбейту мақсатында жасалып отырған шара. «Рокос» компаниясы нарықтың көлемін біледі. Себебі бұл кәсіпорын бірнеше жылдан бері Қазақстан нарығына тауық етін сырттан тасымалдап жүр. Сондықтан осы бағытта әрекет етіп жатқасын кәсіпорын құс етін қанша өндіру керектігін, оны кімге, қалай сату, қандай бағамен өткізу қажеттігін айдан анық біледі. Сондықтан бұл жоба сәтті жүзеге асырылса, өндірілген өнімді өткізуде ешқандай проблема туындамайды. Бұл жоба биыл жүзеге асырылады, — дейді Анар Даржанова.

«Рамазанға» бәсекелес керек…

Өз сөзінде облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы құс етін өндіруде, жалпы кәсіпкерлік саланы дамытуда израильдік тәжірибенің артықшылықтарын сөз етті.

Израильде ауыл шаруашылығы саласы қатты дамыған. Сол елде білім алғасын, бұл саланы дамытудың артықшылықтарына көзімізді жеткіздік. Жақында Ақтөбеге келген Израильдің еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродский мемлекетті қалыптастыру мен дамытуда үш бағытқа айрықша мән беру керектігін айтты. Бүгінде Израильде тамақ қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Елдің қауіпсіздігі мен денсаулық қауіпсіздігі екінші, үшінші орынға қойылған.  Елшінің айтуынша, осы үш бағыт дамымай, мемлекет ешқашан дамымайды. Қазір Ақтөбеге құс еті, оның жұмыртқасы болсын сырттан тасымалданады.  Аймақты жұмыртқамен қамту көрсеткіші 100 пайыз болғанмен, Ақтөбеге Ресейден, Қостанайдан келетін жұмыртқа бар. «Рамазанға» бәсекелес керек. Егер ешқандай бәсекелес болмаса, онда кәсіпорын өз өнімінің бағасын өсіруге ұмтылуы мүмкін. Әрине, бұл нарық. Сондықтан өзге жақтың өнімінің болғаны біз үшін тиімді, — дейді Анар Даржанова.

Тұтынушылар тарапынан жұмыртқа пішініне байланысты арыз-шағым жиі түсіп жатады. Бұл мәселеге байланысты жауап қатқан А.Даржанова: «Жұмыртқа пішінінің өзгеруі маусымға, уақытқа байланысты болады. Дүкен сөрелерінде жұмыртқа әртүрлі санат бойынша сатылуға тиіс. Жұмыртқаның бірінші, екінші санатқа бөлінуі оның салмағына байланысты сұрыптаудан өтуіне негізделеді. Қазір саудадағы бар жұмыртқа — бірінші және екінші санаттағы өнімдер. Бірінші санаттағы жұмыртқаның салмағы —  55-65 грамм мөлшерінде болса, екінші санаттағы жұмыртқаның салмағы — 45-55 грамм. Бұл — жұмыртқаны қандай кәсіпорын шығарса да, мемлекеттік стандартқа негізделген жағдай. Бізде жоғары сортты жұмыртқа өндірілмейді. Жоғары сұранысқа иелері де — осы санаттағы жұмыртқа», — дейді ол.

P.S. Соңғы кезде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Анар Даржанова облыста бөдене бизнесі жанданып келе жатқанын айтады. «Бөдене жұмыртқасының пішіні тауық жұмыртқасынан 5 есе кіші болғанмен, 5 есе пайдалы. Бүгінде бөдене жұмыртқасы Жапонияда оқушыларға беріледі. Мұның ғарышкерлер үшін пайдасы зор. Сондықтан бөдене жұмыртқасы бірте-бірте біздің нормаға кіріп жатыр. Бүгінгі күні Ақтөбедегі мейрамханалар бөдене етін жеңсік ас ретінде қолдануда. Алдағы уақытта мұның өзі күнделікті тұтыну рационына көшеді деп ойлаймыз. Нарықта жаңа тауарлардың түрін дамыта беруіміз керек», — дейді А.Даржанова.

**

Ақтөбеліктерге жұмыртқа сатып алуда күдік ұялататын жайт — Қытайдың жасанды жұмыртқасы. «Әлеуметтік желілерде осындай әңгімелер жүреді. Облыс тарапынан Қытай жұмыртқасына сұраныс жоқ. Себебі, өзімізді-өзіміз жергілікті жұмыртқамен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сауда орындарында «Қытай жұмыртқасы сатылып жатыр» деген әңгімені естіген жоқпын. Әрине, «жоқ» деп нақты айта алмаймын, бірақ өз басым кездестірген емеспін», — дейді Панабек Бимұратов.

Мамандар ақтөбеліктерге сауда орындарынан жұмыртқа аларда оның сыртындағы маркасына ерекше мән беру керектігін айтып, кеңес береді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button