Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана пайдалануға берілді

Наурыз мерекесі күндері Ақтөбеде әлеуметтік сала қызметкерлері үшін шағын отбасына арналған бес қабатты жатақхана пайдалануға берілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы салынған жатақхана пәтерлерінің кілтін тапсыру салтанатына Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, жоба инвесторы, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Итеғұлов  және қала тұрғындары қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

Наурыз мерекесі қарсаңында медицина, мәдениет, білім және спорт сынды әлеуметтік сала қызметкерлері жаңа пәтерге ие болды. Жетпіс пәтерлік бес қабатты жатақхананың 47-сі — екі бөлмелі, 23-і — бір бөлмелі. Үйдің жалпы көлемі — 2920 шаршы метр.

Салтанатты шарада қала әкімі Ілияс Испанов жаңа пәтерге қол жеткізген ақтөбеліктерді қуанышымен құттықтады.

Наурыз мерекесі қарсаңында бірнеше іс-шара ұйымдастырылуда. Соның бірі — Ақтөбе қаласында 70 отбасы  жаңа пәтерге қол жеткізді. Наурыз мерекесін ата-бабамыз ежелден тойлаған. Бұл мерекені үлкен дайындықпен қарсы алған. Елімізде Наурыз мерекесі көрісуден басталады. Бұл шара осы мерекелердің жалғасы. Осындай қуаныш әрбір шаңыраққа бұйыра берсін. Қоныстой иелерінің отбасына бақ-дәулет тілеймін. Алған пәтерлеріңіз құтты болсын! — деді І.Испанов.

Жаңа баспанаға ие болғандардың дені — мәдениет саласының қызметкерлері. Олардың қатарында театр, халық шығармашылығы үйі, филармония, кітапхана қызметкерлері бар.

Біздің ұжымнан 4 адам жаңа пәтерге қол жеткізді. Соның ішінде камералық хордың жетекшісі, хор әртістері бар. Бәріміз де қуанып тұрмыз. Дегенмен әлі де ұжымда  пәтер кезегінде тұрған қызметкерлер бар. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы камералық хор әртістері  Петербор қаласында өнер көрсетіп, жүлделі оралды. Бұл ұжым Сингапурға жолдама алды. Қазір камералық хордың тыңдармандары көбейді. Жаңа пәтерге қол жеткізген әртістеріміз облыс әкімі Бердібек Машбекұлының әлеуметтік сала қызметкерлеріне осындай жағдай жасағанына үлкен ризашылықтарын білдіруде.

Бүгінгі күні филармонияда 220-ға жуық әртіс бар. Соның 30 пайызының басында баспана жоқ. Алдағы уақытта да әлеуметтік қызметкерлер үшін баспана мәселесін шешуде осындай жобалар қарастырылса деген – өтінішіміз бар, үмітіміз зор. Себебі жас маманды жұмысқа тарту үшін оларға бірінші кезекте баспана керек. Қазір филармонияда орташа жалақының көлемі — 60 мың теңге. Қызметкерлеріміздің осындай жолмен баспана алуына үлкен жеңілдіктер көрсетіліп отыр. Жаңа пәтерге қол жеткізген әртістер —  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары, — деді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.  

Мерекелік шарада жоба инвесторы, кәсіпкер Марат Итеғұлов құттықтау сөз сөйледі:

Көктем мерекесі — Наурызда айнала жаңарып, жаңғырады. Мереке қарсаңында біз ақтөбеліктерді қуанышқа бөлегіміз келді. Сол себепті шағын жатақхананы пайдалануға беріп отырмыз. Жетпіс пәтерлі жатақхана іші барлық талаптарға сәйкес келеді. Жуынатын бөлмелер түгел жабдықталған, әрбір пәтерге газ плиталар, есептеу қондырғысы  орнатылды. Тұрғындарға жайлы болу үшін жатақхананың әр пәтерінде балкон бар.

Бұл — Елбасы тапсырмасына сәйкес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасына ақтөбеліктер секілді біз де өз үлесімізді қосу ниетінде жүзеге асырылған жоба. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мұндай жобаны еліміз бойынша Ақтөбе  бірінші болып жүзеге асырып отыр.  Алдағы уақытта жатақхана аумағында шаруашылық, спорттық және балалар ойын алаңдары салынады. Жатақхана құрылысын салу барысында біз мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай туғызу үшін пандус орнаттық. Жатақхананы қысқа мерзімде тұрғыздық. Осында жайғасқан әрбір шаңыраққа жылылық, отбасы мүшелеріне денсаулық тілеймін, — деді кәсіпкер.

Инвестордың айтуынша, іші жылы әрі жайлы жатақхана құрылысына жергілікті материалдар пайдаланылған.

Мерекелік шарада филармония әртісі Мирбол Қоспанов жаңа пәтерге қол жеткізген әлеуметтік қызметкерлер  атынан облыс, қала басшыларына алғысын білдірді. Лента қию рәсімі жасалғаннан кейін қоныстой иелері шашу шашып, ішке енді. Қала әкімі Ілияс Испанов бастаған топ жатақхана ішін аралап, жаңа пәтерлердің бірінен дәм ауыз тиді.

Ақтөбеде әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнап үй салу туралы ұсынысты былтыр облыс басшысы айтқан болатын.

Жақын күндері Ақтөбеде еңбек жастары үшін салынған шағын отбасыға арналған жатақхана пайдалануға берілмек. Бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының үшінші бағыты аясында жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 4,1 шаршы метр болатын жатақхана бір және екі бөлмелі 115 пәтерден тұрады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button