Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе—Жамбыл: өңіраралық байланыс нығаяды

Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері

Өткен сенбіде Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне қатысты. Сондай-ақ екі облыстың басшылары өңіраралық кооперацияны дамыту мәселелері бойынша жиын өткізіп, меморандумға қол қойды.

177 тонна өнім сатылды

 Алдымен екі облыстың басшылары «ҚазАгроФинанс» АҚ қолдауымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Green House Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешеніне барды. Жылыжайды аралап, мамандармен тілдесті.

Жалпы аумағы 9,5 гектарды құрайтын жылыжай биылғы жылы пайдалануға берілмек. Оның құрылысына 5 740,0 млн.теңге жұмсалған. Алдағы уақытта жылыжай өз жұмысын бастаса, 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Айта кету керек, жылыжай кешені голландиялық құрылғылармен жабдықталады.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев пен Кәрім Көкірекбаев «Қоныс» спорт сарайының алдында өткізілген Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысты. Екі облыстың басшылары жәрмеңке аясында тауар өндірушілердің әкелген өнімдерін қарап, шаруалармен тілдесті. Сондай-ақ кең сахнада өнер көрсеткен жамбылдық өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жамбылдықтар Ақтөбе халқына 105,5 млн теңгені құрайтын 177 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Атап айтсақ, оның ішінде 23 тонна ет, 10 тонна шұжық, 13 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер, 6 тонна макарон өнімдері, 10 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 7 тонна балық, 2 тонна бал және 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері бар. Сонымен қатар жәрмеңкеде Ақтөбе облысындағы мал бордақылау алаңдарынан 3 тонна қой еті мен 3 тонна сиыр еті сатылды.

Жәрмеңке таңғы сағат 8-ден басталып, жамбылдық тауар өндірушілер тұрғындар келгенше азық-түлігін белгіленген орындарға орналастырды. Жамбыл облысынан келген 90-ға жуық сауда өкілдері мен 50-ден астам тауар өндірушілер жәрмеңкеде өз өнімдерін 10-20 пайызға арзан бағамен ұсынды. Жәрмеңке аясында ақтөбеліктер Жамбыл облысынан келген ауыл шаруашылығы өкілдеріне өздерінің ризашылықтарын білдіріп, сапалы өнімдерін таласып алып жатты.

Сондай-ақ жәрмеңкеде «Қоныс» спорт сарайының алдындағы кең сахнада жамбылдық өнерпаздар өнер көрсетіп, ақтөбеліктерге әннен шашу шашты. Жәрмеңкеге келген жұртшылық жамбылдық әншілердің өнеріне ерекше қол шапалақтап, ризашылықтарын білдіріп жатты.

 «Сіздерден үйренетініміз көп…»

Бұл күні Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев «Батыс-2» ауданындағы жаңадан салынған Оқушылар сарайына барды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жамбылдық делегацияға жаңа жобаны таныстырып, алдағы уақытта сарайда оқушылардың шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

Айта кету керек, өткен жылы құрылысы басталған Оқушылар сарайы «АктобеЭлектроСетьСтрой» ЖШС-ның жүзеге асыруымен биыл пайдалануға берілмек. Жалпы құны 2,0 миллиард теңгені құрайтын жоба алдағы уақытта оқушылардың шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысып, дамуына мүмкіндік береді. Жаңа ғимаратта заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған планетарий мен обсерватория, 50-ге жуық үйірмелер мен секциялар жұмыс жасайды.

Ақтөбе, әрине, Астанамен теңесе алмайды. Алайда Ақтөбе Астана қаласынан кейінгі дамыған, жаңа үлгідегі ғимараттары бар үлкен қалаға айналуы керек. Біз осы мақсатта бүгінгі күні қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Оқушылар сарайынан басқа қазір облыс орталығында бірқатар мәдениет, білім беру, спорт нысандары салынып жатыр. Сондай-ақ алдағы уақытта да жүзеге асыратын жаңа, тың жобаларымыз көп, — деді облыс басшысы.

Ерекше, заманауи үлгіде салынған Оқушылар сарайын аралаған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс басшысына:

— Мен көптеген қалаларда болып, жаңадан салынып жатқан орындарды көрдім. Алайда сіздердің мына ғимараттарыңыз ерекше. Сондықтан сіздерден үйренетініміз көп деп сеніммен айта аламын, — деді.

Бұдан кейін екі облыстың басшылары осы ауданда өткен жылы жаңадан салынып, пайдалануға берілген «Сымбат» жеке мектебіне барды. Мектепті аралап, көріп, ұстаздар қауымымен тілдесті. Наурыз мерекесіне киіз үй тігіп, мерекелік іс-шара өткізіп жатқан ұжымды мерекемен құттықтады.

Айта кету керек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған білім ордасы физика-математика бағытында білім береді. Мұнда оқушылар үш тілде білім алып, тереңдетіліп оқытылады.

Екі облыс арасында 10 меморандумға қол қойылды

«Батыс-2» ауданындағы «Алтын сарай» мейрамханасында Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев екі облыс арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту мақсатында жиын өткізді.

Жиынға облыстық басқарма басшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, кәсіпкерлер, сондай-ақ Жамбыл облысынан келген делегация қатысты.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарға жылы лебізін білдіріп, екі облыс арасындағы әріптестік байланыстарды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады.

—  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні өңірлер бір-бірімен етене араласуы керек. Әсіресе, экономикалық дағдарыс кезінде әрбір өңір өзге облыстардың жаңалықтарын зерттеп, өздеріне керегін алып, бір-бірімен тауар алмасуы керек.

Бүгінде біздің облыс Жамбыл облысымен жақсы қарым-қатынаста. Ал бүгінгі іс-шаралар екі өңірдің өзара ынтымақтастығына, қарым-қатынасының жақсаруына, экономикасының дамуына өз ықпалын тигізеді. Мұндай шараларды мейлінше көбірек ұйымдастыруымыз керек.

Ақтөбе облысы — өндірісі, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Елдегі дағдарысқа қарамастан, былтыр өңірдің экономикасы бір пайызға өсті. Ақтөбе облысында, негізінен мұнай, газ, металл, химия, сондай-ақ мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінде облысты әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түліктің түрімен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар. Қазір өңірде дәстүрлі емес ауыл шаруашылығының түрлерін, оның ішінде суармалы жерлерді игеруге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл бағытта қазір, біріншіден, мемлекеттің қолдауымен, екінші жағынан, халықаралық банктермен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз, — деді облыс басшысы Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде аймақ басшысы суармалы жердің көлемі 2015 жылы 12 мың гектар болса, былтыр 18 мың гектар болғанын, ал биыл оның көлемін 28 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ облыс басшысы алдағы уақытта сырттан келетін азық-түлікті азайтып, өзіміздің өнімімізді көбейту керектігін жеткізді.

  • Қазір облыста жылыжай өсіретін өнімнің көлемі 58 пайызға жетіп отыр. Биылғы жылы өңірде тағы да жаңа жылыжай кешені ашылады. Сонымен қатар бүгінгі күні облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 28 миллиард теңге тұратын 38 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Соның 23-і биыл пайдалануға беріледі. Оның ішінде білім беру, спорт, мәдениет ошақтары бар. Бұл нысандар қаламызды көркейтіп қана қоймай, балалардың сапалы білім алуына,  тұрғындардың спортпен шұғылданып, демалуына мүмкіндік береді, — деді Б.Сапарбаев.

Сөзінің соңында облыс басшысы Жамбыл облысының әкіміне ерекше құрметін білдіріп, жамбылдықтарға шынайы алғысын жеткізді.

Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Ақтөбеде Жамбыл облысының күндерін өткізудегі басты мақсат — екі облыс арасындағы өңіраралық кооперацияларды дамыту екендігін жеткізді.

  • Өңіраралық байланыстарды дамыту мақсатында Ақтөбеге сонау 2 мың шақырым жерден келіп отырмыз. Бізді ерекше құрметпен қарсы алып, қабылдап жатқан облыс басшысы Бердібек Машбекұлына, сондай-ақ ақтөбеліктерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Жамбыл облысы — Ақтөбе өңірі сияқты өндірісі жақсы дамыған өңір. Былтыр облыста 339 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2,4 пайызға артығымен жұмыс істедік. Республикада өндіріс саласы бойынша қазір Жамбыл облысы бесінші орында тұр. Бүгінде облыста «Казфосфат» зауыты, натрий цианид шығаратын «Тalasinvestment Сompany» зауыты, «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы, «Жамбыл Цемент» компаниясы жұмыс жасайды. Бұл кәсіпорындарда мыңдаған жұмысшы еңбек етеді.  Сондай-ақ біздің өңірде алтын, күміс, фосфорит, гранит сияқты химиялық  өнімдер өндіріледі, — деді К.Көкірекбаев.

Өз сөзінде Жамбыл облысының басшысы өткен жылы 2 тоннадан астам майлы дақыл өсірілгенін, арпа мен бидайдың 1 гектарынан 24 центнерге дейін өнім алғанын жеткізді.

Сондай-ақ Кәрім Көкірекбаев Жамбыл облысында бүгінде екі қант зауыты жұмыс істейтінін, былтыр облыста 5,4 мың гектар жерден 124 мың тонна қызылша жиналғанын айтты. Сондай-ақ ол өңіраралық байланыстардың арқасында алдағы уақытта Жамбыл облысынан Ақтөбеге арзан бағамен қант жеткізуге болатынын атап өтті.

Жиында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұрәлиев екі облыс арасындағы өңіраралық кооперацияны дамытудың тиімділігі зор екенін жеткізе отырып, алдағы уақытта Жамбыл облысынан Ақтөбеге картоп, алма, алма көшеттері, сондай-ақ көкөніс түрлерін делдалсыз тасымалдауға толық мүмкіншілік бар екенін айтып, ақтөбелік кәсіпкерлерді белсенді жұмыс жасауға шақырды.

Ал облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев өткен жылы Ақтөбе облысы екі жақты меморандумдардың нәтижесінде Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарымен 17 мың тоннаға  жуық ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы жасалғанын, биылғы жылы басқа өңірлерге 1,5 млрд теңгеге 5 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері мен 900 бас асыл тұқымды мал сатылғанын жеткізді.

— Ал Ақтөбе облысына өзге өңірлерден 584 миллион теңгеге 2 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, 300 бас мал жеткізілді. Ал бүгінгі Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері аясында  екі облыс арасында мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салалары бойынша кездесулер өткізіліп, 7 меморандумға қол қойылды, — деді М.Жұмағазиев.

Бұдан кейін Жамбыл облысынан келген «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Мейрамбай Дөненбаев пен ақтөбелік «Nazar Trailer» ЖШС-ның басшысы Болат Көшкенов екі облыс арасындағы ынтымақтастық шаруашылық басшылары мен кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасып, қарым-қатынас орнатуына үлкен мүмкіндік туғызатынын жеткізді.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев пен Кәрім Көкірекбаев Ақтөбе және Жамбыл облысы әкімдіктерінің арасындағы ынтымақтастық және өңіраралық байланысты кеңейту туралы, ал екі облыстың ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мен іскер әйелдер қауымдастығының төрағалары ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

Айта кету керек, Ақтөбедегі Жамбыл облысының күндері аясында екі облыс арасында өңіраралық байланысты дамыту мақсатында 10 меморандумға қол қойылды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.ъ

Тұтынушылар пікірі

Өтеміс, Әкімов, мәдениет саласының ардагері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы:

— Ақтөбедегі  Жамбыл облысының күндері табысты өтті. Екі облыстың басшыларының, іскерлік топтарының кездесуін көріп, әңгімесін тыңдадық.

«Қоныс» спорт сарайы алдында, жамбылдық кәсіпкерлердің қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңкені тамашаладық. Ақтөбеліктер Жамбылдың арзан сүт, ет өнімдеріне, көкөніс, картоп, алмасы мен жеміс-жидектеріне қарық болды. Шұрайлы өлкенің дәмі бұл.

Осы өңірде үш мәрте болғаным барды-ды. Жері жомарт, халқы мәрт аймақтағы сол кездесулер әр кез есімде жүреді. Алғаш рет мәдениет мекемелері басшыларының республикалық кеңесіне бардым. Мәдениет министрінің өзі өткізіп еді. Ол кезде Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов болатын. Бұрын біздің облыста бірінші басшы болған адам. Қабылдауында болып, ақтөбеліктердің сәлемін жеткіздім.

Сол сапарда Бауыржан Момышұлының туған жері Жуалыға бардық. Мерке мен Шу  аудандарын араладық. Мойынқұм ауданына барғанымызда, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек  Қуанышбаевтың үйінен дәм таттық. Сол үйде отырғанда, әнші Роза Рымбаеваның Болгариядан «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алғаны туралы хабар жетті. Министр әншіні күтіп алуға  Алматыға суыт ұшты…

Екінші барғанымда Жамбыл облыстық кеңесінің сессиясына қатыстым.  Сессия тұңғыш рет қазақ тілі мәселесін қарады. Ол кезде облыстық кеңесте қызмет істейтін едім. Көп нәрсе үйреніп, бірсыпыра құжаттарды өзіммен бірге алып қайттым. Шамалы күндерден соң, осындай мәселе қараған сессия бізде де өтті.

Соңғы кездесуім Жамбыл гидромилиоративтік институтында болды. Бұл кезде оның ректоры Ақтөбенің азаматы еді. Осы жерде айта кету керек, Жамбылдың осы жоғары оқу орны елімізге су шаруашылығының көптеген маманын берді. Біздің облыста да осы институтты бітірген талай азаматтар бар. Соның бірі — ұзақ жылдар басқарушылық қызметте болған Мәлік Серікбаев.

Ал енді Жамбыл облысының да талай перзенттері біздің өңірде жемісті жұмыс жасап, тұрақтап қалды. Мысалы, кеше ғана облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысына тағайындалған Маржан Қорғанбаева осы аймақтың қызы.

Демек, Ақтөбе мен Жамбыл бұрыннан аралас-құралас өңірлер. Кешегі өткен Жамбыл облысының күндері сол байланыстың, әсіресе, іскерлік қарым-қатынастың, барыс-келістің нығая түскенін көрсетті.

Іргебай Жақып, зейнеткер:

— Халық «Алатау мен Қаратау — айналасы бақша-бау» деп бекер айтпаған ғой. Әрине, ондай жерде біздің өңірге қарағанда көкөніс, бау-бақша өнімдері арзанға түседі. Сегіз ай жерінде жаз болып тұрады. Екпе дақылдың кей түрін екі, үш орып алуға мүмкіндіктері бар. Соған байланысты ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған. Жамбылдық кәсіпкерлер қатысқан жәрмеңкеде бұл анық байқалды. Әсіресе, сүт, ет өнімдері арзан. Мысалы, біздің базарларымызда қазір жылқы етінің келісі 1700-1800 теңге болса, жамбылдықтар 1400 теңгеден асырмай сатты. Соған қарағанда, ол жақта жылқы түлігін көбірек ұстайтын сияқты. Маған жамбылдықтардың алдағы уақытта арзан сүт, ет, соның ішінде жылқы етін Ақтөбе өңіріне көп шығарамыз деген жоспары ұнады.

Жаңыл Қарасайқызы, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері:

— Біздегіге қарағанда, жамбылдық кәсіпкерлер сауда сөрелеріне салған шұжық өнімдері біраз арзан көрінді. Ақтөбенің базарларынан келісі 800, 500 теңгеден шұжық табу қиынға түсер еді. Табылса да, ол мынадай дәмді, таза болмас еді.

Тағы бір мені қызықтырғаны — көкөнісі, алмасы. Картопты да арзанға алдық. Пиязы тіпті су арзан. Алмасының дәмі де, исі де бөлек. Жергілікті жамбылдық өнім екені көрініп тұр. Әзір мұндай алма біздің сауда орындарымызға жетіп тұрған жоқ. Тұтынушылар да тәуір нәрсені біле қойды, әп-сәтте көтеріп сатып әкетті.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button