Басты жаңалықтарМереке

Наурыз қазақ мифологиясында Қазақ атаның інісі болып есептеледі

Наурыз мейрамы қарсаңында белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабаймен әңгімелескен едік.

Григориан күнтізбесі өзгере ме?

— Бекарыстан аға, Қазақстанның батыс облыстары  Жаңа жылды 14 наурызда, өзге өңірлері 22-сінде қарсы алады.  Қайсысы дұрыс?

— Наурыз дегеніміз — Жаңа жыл, Күн мен Түннің теңелуі ғой. Күн мен Түн қашан теңеледі? Астрономияға жүгінейік.  Кеше интернетке үңілсем, 17 наурыз күні күннің ұзақтығы  11 сағат 59 минут, ал  18 наурыз күні 12 сағат 2 минут болды. Демек,  сол күні  Күн мен Түн теңелді. Наурыз парсының жаңа күн деген сөзі екенін қазір бәріміз білеміз. Демек, Наурыз — бастауын өте ерте замандардан алатын күллі түркіге ортақ мейрам. Бірақ қазақ мифологиясы Наурызды тікелей біздің ұлтпен байланыстырады.

— Сонда біздің…

— Күн мен Түн 18-інде теңеледі деген ұғым қазақта бұрыннан бар. Өз басымнан өткен әңгімені айтайын. 1985 жылы Алматыдан Ырғызға келдім. Әкем көрші-көлем, ағайын-туысқа наурызкөже берді. Дастарқан үстінде   қызық деректер айтты. Ол кісінің айтуынша,  Наурыз — кісі аты,  Қазақ атамыздың туған інісі. Аңыз бойынша одан ұрпақ қалмаған екен. Дүниеден өтерде ол Қазақтан тараған ұрпақтар жыл сайын мені еске алса, мал арық болатын кез ғой, қан шығармай-ақ, көже үлестірсе, оны наурызкөже деп атаса  деген өсиет айтыпты дейді. Наурыз атамыз  ескі күнтізбе бойынша айдың  6-сында дүниеден көшкен екен. Қазіргі күнтізбемен есептесек, 18-іне келеді. Сол күні ақша қар жауады деген сенім бар. Наурыздың ақша қары дегеніміз — сол. Содан кейінгі үш күнде көже беріледі. Яғни 19-ы, 20-сы, 21-і күндері.

— Сонда 14-і мен 22-сі қайдан шығып жүр?

— Бұл біздің күнтізбені қалай түсінуімізге байланысты. Біздің эрамызға дейінгі 35-жылы дүниеге келген көне грек астрономы Гиппарх  Күн мен Түннің теңелуінің айналу циклы 26 мың жылда қайталанады деген болжам жасаған. Бұл астрономияда Прецессия заңы деп аталады. Бұны белгілі ғалым Ақжан Машани уақыт сағаттың тіліне қарсы айналады деп түсіндіреді. Мәселен, жыл басы — Тышқан. Сағаттағы 12 санын Тышқан жылы деп алайық. Тышқанның тұмсығынан  бастап құйрығына  дейін жету үшін шамамен 2189 жыл керек. 2189-ды 12 мүшел жылға көбейтсеңіз, әлгі айтқан шамамен 26 мың жылдан аса уақыт болады.

…Бізде 1926 жылы Наурызды тойлауға тыйым салынды. 1918 жылы Кеңес үкіметі күнтізбедегі он үш күн айырмашылықты анықтап, 1917 жылы 25 қазан күні болған төңкерісті жаңа күнтізбеге лайық он үш күн қосып, 7 қараша күні Ұлы Қазан Социалистік революциясының орнаған күні деп белгіледі. Осыған байланысты қазіргі күнтізбемізде ескі санат, жаңа санат деген ұғымдар қалыптасып, 14 наурыз жаңа санат бойынша жыл басы деп жүрміз.  Тәуелсіздік алғаннан кейін  мемлекетіміз  22 Наурызды мемлекеттік мереке ретінде бекітті.

14-і де, 22-сі де аспаннан алынған жоқ, қазақтың табиғатпен етене болғанының көрінісі. Бұның бәрін зерттеп, жүйелеуіміз керек.

— Күнтізбе демекші, бұрын батыстың да біраз елдері Жаңа жылды көктемде қарсы алды ғой?

— Иә. Юлий Цезарьға дейін жыл он айдан тұрған деген дерек бар. Одан кейінгі бір ай салық жинауға арналып, Календа деп аталыпты. Календарь содан шыққан деседі. Цезарь патша александриялық ғалым Созигенге жаңа күнтізбе жасау жөнінде бұйрық берген. Сөйтіп, Юлиан күнтізбесі жасалды. Арадан мың жылдан аса уақыт өткенде Рим Папасы Григорий ХІІІ Созиген жасаған күнтізбені зерттеп толықтыруды Лилий есімді астрономға тапсырады. Ол мың жылдан аса уақыт ішінде он күн айырмашылық пайда болғанын анықтайды. Григорий ХІІІ жаңа күнтізбе жасатып, Жаңа жылды  Иса пайғамбардың туған күнінен бастау керектігі жөнінде жарлық береді. Міне, осылайша, 1572 жылы  қазіргі Григориан күнтізбесі дүниеге келді.

Адамзатты жаңа күнтізбеге бағындыру оңайға соққан жоқ. Әсіресе гугеноттар қатты қарсылық көрсетті. Отыз мыңнан аса гугеноттың бір жарым айда өлтірілуі тегін емес.

Дегенмен бірте-бірте әлем елдері жаңа күнтізбеге көше бастады. Ресей 1800-інші жылды Григориан күнтізбесімен  қарсы алды. Ұлыбритания королі 1852 жылы жаңа күнтізбені қабылдағанда, ағылшын әйелдері: «Бізді неге үш айға қартайтасыңдар?» деп шеруге шыққан.

— Түбінде қазіргі күнтізбенің де өзгеруі мүмкін бе?

— 1932 жылы Халықаралық Ұлттар лигасының ғылым жөніндегі бөлімі әлемнің барлық елдеріне ортақ күнтізбе жасауды күн тәртібіне енгізді. 1956 жылы  БҰҰ-ның жанындағы ғылыми кеңес  200-ден аса  күнтізбені талқыға салды. Соның ішінде екі күнтізбеге ерекше назар аударылыпты. Бірі — еуропалық Армеланның жасаған  күнтізбесі, әр жыл 12 айдан, әр ай  30-31 күннен тұрады. Екіншісі — үнді астрономы Мед Над Саханың жасаған 13 айдан,  28 күннен тұратын күнтізбесі. Бұл түркілердің тоғыс есебіне, арабтардың ай күнтізбесіне сәйкес  келеді. Енді үнділік ғалым жасаған күнтізбедегі  28 күнге келейік. Ай жеті күнде туып жетіледі, тағы жеті күнде толады. Қазақтың «он төртінде толған айдай» деп суреттейтіні содан. Қалған он төрт күнде Ай жұқарып, таусылады. Дәлірек айтсақ,  26 күн Ай көзге көрінеді де, екі күн өліара болып, содан кейін жаңа Ай туады. Ертедегі түрік абыздары жазғытұрым биік төбеге шығып, Ай, Күн,  Үркердің бір сызықтың бойына батқанын көрген сәтте Жаңа жылдың келгенін жариялаған.

— Сонымен әлгі күнтізбе жайы не болды?

—  Одан кейін бұл мәселе жөнінде ғалымдардың жиналғанын естігем жоқ. Бірақ 1956 жылғы  еуропалық Армелан мен үнділік  Мед Над Саханың күнтізбелерін талқылау әртүрлі нәсілдік, ұлттық, діни айырмашылық-қайшылықтарға  байланысты бір мәмілеге келе алмаған. Соған қарағанда, бұл дау ұзаққа созылады-ау.

Жамбастың шұңқыры мен тобықты неге сыбағаға бермейді?

— Қазақтың Наурызына оралайық. 1926 жылдан кейін 1989 жылға дейін оны «жылы жауып» қойдық қой?

— Ресми түрде солай. Бірақ халықтың жадынан өшкен жоқ. Әр-әр жерлерде наурызкөже асылып, елдің батысында 14 наурызда, шығыста 22 наурызда мейрамдау дәстүрі сақталып келді. Жалпы Кеңес заманының өзінде ауық-ауық Наурыз мерекесін «тірілтуге» деген ұмтылыстар болды. Мысалы, 1978 жылы ҚазПИ-дің тарих факультетінің 2-курсында оқитын бізге:  «Наурыз — діни мейрам емес,  біздің салт-дәстүріміз. Сондықтан оны тойлау керек…» деген мазмұндағы үндеу хат келіп түсті. Бөлмелес досым Ниятолла Раманқұлов екеуміз хатты алып, сонда жазылғандай,  10 дана етіп көшіріп, тараттық.

ҚазМУ-дың филология факультетінде оқитын Дос Көшім мен Бораш Кәкеновке байланыс жасап, «Аудитория — 78» деген топ құрылды. Кейінірек  «Болашақ қазақ интеллигенциясының тобы»  аталып, нақты жоспарлар түзілді. Дос пен Бораш жоғары оқу орындарын, біз орта арнаулы оқу орындарының жатақханаларын аралап,  жұмыс  жүргіздік. 18 тараудан тұратын бағдарламамыз болды. Соның бір тарауы ұлттық салт-дәстүрге арналды. Соның ішінде Наурыз мейрамын атап өту де бар еді.

Ұзамай Бораш Кәкенов Мәскеуге оқуға кетті.

Кейін әрқайсысымыз өз бағытымызбен кеттік. Бірақ сол уақытта осындай топ құрылып, жұмыс істеуге деген ұмтылыстың болуының өзі халықтың ішінде байырғы түп-тамырына ұмтылысының тоқтамағандығын көрсетеді. Әлгі біздің қолымызға түскен хаттың иесі кімдер, әлі күнге дейін жұмбақ. Мүмкін, сол топтың бейресми жетекшілері Дос пен Бораштар  білетін шығар, біз тек адал орындаушы болдық. Қазір сол алпысыншы жылдарда құрылып, таратылған «Жас тұлпар» ұйымының астыртын әрекеті-ау деп шамалаймын.

— Сіздің бала кезіңізде ішкен көженің қандай айырмашылығы бар еді? Үлкендер неге қатты мән беретін?

— Жоғарыда айтқанымдай, 18-і күні әкем  шешеме «сақтағандарыңды сал» деп әмір ететін. Сақтағандарың дегенде жамбастың шұңқыры мен тобықты айтады. Әдетте сыбағаға  жамбастың өзге бөліктері берілсе де, екі шұңқыры таратылмайды. Ол — қазаныңның құты, отыңның басында қалуы  керек. Сосын тобық та сыбағаға берілмейді. Етін берсең де, өзін сақтауың керек. Сол екеуі наурызкөже асылған кезде қазанға түсуі тиіс. Әбден мүжілген жамбастың шұңқыры мен тобық одан әрі де  сақталады. Оны біреуге беруге не итке тастауға болмайды. Мамыр айында бие байланады. Әдетте қымыздың қорын басқа жақтан әкеледі. Ашытқы деген ол уақытта жоқ. Оны қайдан алады? Шешем күзде бие ағытар кезде қымызы әдемі ашыған күні тары мен бидайды бөктіріп алатын. Соны көлеңкеге қойып, кептіреді. Сосын көктемде бие байлаған кезде әлгі тары мен бидайды екі ыдысқа ашытады. Қайсысы жақсы болып шықса, соны қымыздың қоры етіп алады. Ал олай болмаған жылдары мені жылқышыларға немесе бие байлаған малшыларға жіберетін. Сол жақтан торсыққа құйып,  қымыздың қорын әкелемін.  Міне, сол қымыз құйылатын сабаға не меске әлгі жамбастың шұңқыры мен тобық салынады. Жамбастың шұңқыры, жоғарыда айтқанымдай, қазанның құты, ал тобық тоқшылық алып келеді деген ырым-сенім бар. Қымыздың қорын кептірілген тары не бидай арқылы сақтайтын технологияны кейін мен Қорғалжын жақтағы Бағлан есімді жылқышының  шешесінен естідім. Ол кісі Брежнев, Қонаевтар  келгенде қымыз әзірлейді екен. Ашытқыны  дәл жоғарыда айтылғандай әдіспен  сақтайтын көрінеді.

Ырғызда Наурыз 1988 жылы тойланды

— Мардан Байділдаевтың ықпалымен  Алматыдан Ырғызға келгеніңізді білеміз. Белгілі бір миссия арқалап келдіңіз. Елге келгесін жұмысты неден бастадыңыз?

— 1986 жылы әкемнен көргенімді істеп,  достарыма наурызкөже бердім. Кейбір құрдастарым «Етің аз болғасын көже беріп жатырсың ғой…» деп қағытты.  1987 жылы да көже бердім. Енді соның аясын кеңітудің сәті келді. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Тыныштық Бәйімбетова көзі ашық, жаңалыққа жаны құштар еді. Алматыдан келген мені ылғи қолдап, пікіріме құлақ асып жүретін. Алматыда болып жатқан жаңалықтарды сұрап тұратын. Сонымен, 1988 жылы  Жүргеновтің 90 жылдығына орай  Ырғызда Наурыз ұйымдастырылып, төрт-бес үй тігілді. Перзентханада дүниеге келген бір ұлға Темірбек, бір қызға Дәмеш деп ат қойылды. Дәмеш — Темірбек Жүргеновтің зайыбы,  Алашорданың көрнекті тұлғасы Әлімхан Ермековтің қарындасы. Ал 1989 жылы елімізде Наурызды тойлауға ресми рұқсат берілді. Сол жылы Ақтөбеде де атап өтілді.

1993 жылы Ақтөбеге көшіп келдім. Педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Ғалиұлы Арынды студент кезімнен жақсы білетінмін. Әйтеке бидің музейін жасақтайтын тұста тізе қосып жұмыс істедік. Ол кісі маған: «Көне мұраның ең байырғысы — Наурыз. Менде әдебиеттер бар, берейін. Соған күш сал…» —  деді. М.Ысқақовтың  «Қазақ календары», Хасен Әбішевтің «Халық календары» атты кітаптары өзімде бар еді. «Құлмат Өмірәлиевтің «Наурыз» атты кітабы бар, соны қара» — деді. Қарадым. Сөз арасында айта кетейін,  осы кітаптарды қайта бастырып, көбірек таратуымыз керек.  Ғаламат дүниелер. Біздің бүкіл түп-тамырымыз сонда жатыр.

Мұхтар Арынның тапсырмасымен 1994 жылғы Наурыздың сценарийін жаздым. 1993 жылы ұлттық валютамыз теңге шықты ғой, 1 теңгеліктегі әл-Фараби бабамыз бастаған теңгелерге бейнеленген тарихи тұлғаларды өреміз жеткенше Наурыз мейрамында насихаттауға тырыстық. Наурызға байланысты құшақ жайып  көрісуден бастап, күн сәтін күтуге дейінгі ұмыт болған 26 салт-дәстүр мен  ырымды сахналадық. Басқа да дәстүрлерімізді қостық. Әдемі мейрам болды.

Наурызда үш күн ұйықтамау керек пе?

— Наурызға қатысты қазақтың салт-дәстүрі біршама жазылып, айтылып жүр. Өзге елдерде біз естімеген қандай ырымдар бар?

— Омар Хайям жазғытұрым Күн мен Түн теңелгенде адам  арпадан жасалған көже ішіп, үш күн ұйықтамау керек деп есептейді. Бұл кісі атақты Берунидің астрономиялық картасына толықтырулар  енгізген адам ғой, негізсіз айтпаған болар. Арпа қандағы гемоглобинді көтеріп, оны  тазартады екен. Жалпы қазақтың барлық  салт-дәстүрі исламмен байланысып жатыр. Біздің тоғысымыз бен олардың Ай күнтізбесінің сәйкес келуі де бекер емес. Қазақ емшілері Күнмен таласып ұйықтама дейді, ал исламда таң намазы бар.   Академик Ақжан Машани  Алматыда 1979 жылы болған  жастармен кездесуде ислам діні туралы әңгімелеп, таңғы намаздың пайдасы туралы айтты.  Бекзат адам ғой, қазіргілердей қорқытып-үркітпей, таңғы намаздың пайдасын ғылыми түрде дәлелдеді.

— Таң ата тұрып, қасыңыздағы адамға қараңыз, — деді ғалым, — ол қайта-қайта жұтынып жатады. Оның себебі тіршілік оянды, оның жүрегінің  соғуы артты. Ауыз қуысындағы микорбтар да «оянып», белсенді жұмысқа кірісті. Оның  ұйықтап жатып, жұтына беретіні содан. Демек, әлгі микробтарды ол ішіне жұтады. Оның ауыруға, өлуге деген «мүмкіндігі» ұлғаяды. Ал таң намазына тұрған адам дәрет алғанда, әлі белсенді қимылға түсе қоймаған ауыз қуысындағы микробтар шайылып кетеді.

Осының бәрі қазақтың ырым-сенімінде бар. «Күнмен таласып ұйықтама…», «Күн батып бара жатқанда қалғып кетпе…» — дейтін еді ғой әке-шешеміз. Жоғарыда Омар Хайям айтқан көжені біз әлі ішіп келеміз.

— Бір Ақтөбе облысы  тұрғындарының көрісу туралы байламы екі бөлек екенін немен түсіндіресіз?

— Иә, рас. Мына Байғанин, Темір, Ойыл жағында 14 наурызда көріспесең,  ат құйрығын кесісуге әзір. Өзге аудандарда дәл олай емес. Оның себебі жоғарыда айтылған күнтізбедегі жаңа санат, ескі санаттың айырмашылығына байланысты. Осы айырмашылықты әр аймақ әртүрлі түсінеді. Әу баста Мұғалжар тауының екі жағына орналасқан екі аймақтағы ел, салт-дәстүрі солай қалыптасқан ғой.

— Наурызды дұрыс атап жүрміз бе?

— Пәлен-түген деу қиын. Жаттанды сценарийдің жетегінде кететініміз рас. Әр аудан осы мейрамды пайдаланып, өзінің тарихына үңілуге ұмтылса, жақсы болар еді. Облыстағы өзендер бастау алатын бұлақтарды да осы кезде тазалауға ден қойылса деймін.

Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Бауке, мына сұхбат арқылы қазақ тарихынан тұшымды мағлұматтар берілген екен. Мен де Ырғыз өңіріненмін, əкем марқұм менің бала кезімде «18 наурыз – самарқанның көктас еріген күн» дейтін, ал анам марқұм сол күні наурызкөже дайындайтын, оның дəмі өте ерекше болатын. Балалық шақты еске алғанда, анам дайындаған наурызкөженің сүр иісі ойға оралып, бойға қуат бергендей болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button