АуылБасты жаңалықтар

Дәстүрлі емес шаруашылықтар нәтижесі қандай?

Шынын айтсақ, сүтті ешкі шаруашылығын құру, қоян, бал арасы, бөдене мен күркетауық өсіру біздің өңірде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен соңғы бір-екі жылдықта ғана қолға алынып, жанданды. Әр жағында шаруаның бұл түрлері Ақтөбе аймағы үшін мүлде жат болатын. Қазір облыста ауыл шаруашылығы басқармасының есебі бойынша сүтті бағыттағы асылтұқымды ешкі өсіретін 21 шаруашылық, бал арасын өсірумен шұғылданатын — 15, қаз-үйрек, күркетауық бағатын 80-нің үстінде шаруашылық бар. Ал аймақта бөдене өсірумен — 14, қоян бағумен 37 шаруашылық айналысады. Біздіңше, мұның өзі де біз дәстүрлі емес деп атап жүрген — қосалқы шаруашылықтардың толық есебі емес, нақтысы бұдан көп болуы мүмкін. Қалай дегенде де, бір-екі жыл ішінде аймақта өріс алған бұл шаруалар назар аударуға тұрады. Біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Әлімбековке жолығып, осы жаңа саланың жұмысы туралы әңгімелескен едік.

 — Бұл айтып отырғандарымыз негізінен қазақтың бұрын айналысқан жұмыстары. Кейін ұмыт болғаны сондай, «дәстүрлі емес шаруашылықтар» деп қалай атауды білмей қиналатын жағдайға жеттік. Облыс әкімінің тікелей қолға алуымен, қатаң бақылауымен жолға түскен осы жаңа қосалқы шаруашылықтардың нәтижелері туралы айтсаңыз?

— Дәстүрлі емес шаруашылықтар 2015 жылдың қараша айынан бастап қолға алынды. Өткен жылы іс-жоспарларын жасап, статистикаға енгізу шаралары белгіленді.

Бұрын ескерілмеген бал арасы, сүтті ешкі, қоян өсіру, құс, оның ішінде бөдене өсіру міндеті қойылды. Бұлар бұған дейін салада болмаған шаруалар еді. Қазір соны қолымызға алып отырмыз. Былтырғы жылғы көрсеткіштерді алсақ, салыстырмалы түрде айтқанда, өсім болды. Ол үшін өңірлерге қозғау салынып, облыстық әкімдіктің  тапсырмалары жеткізілді. Көпшілік аудандарда тиісінше жұмыс жүрді. Соның нәтижесінде қазір облыста сүтті бағыттағы ешкі өсірумен 21 шаруашылық, бал арасымен — 15 шаруашылық айналысады. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың басында екі жарым есе төмен болған еді. Көктемге қарай іс-шаралар жоспары жасалды. Облыс әкімі тапсырмасының негізінде Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардың алдына нақты міндеттер қойылды. Содан кейін, әсіресе екінші жарты жылдықтан бастап өсім байқалды. Дәстүрлі емес шаруашылықтарды статистикаға енгізу туралы да тапсырмалар берілген болатын. Бірақ бірінші жартыжылдықтың қорытындысында олардың бәрі бірдей үлгермеді. Үлгермегендердің нәтижесі жылдың қорытындысымен белгілі болады. Ол статистикаға наурыз айында шығады, қазір күтілуде.

Қазір облыста бөдене асырайтын 14 шаруашылық бар. Бұрын ол 2-3 шаруашылық қана болатын. Ал қоян өсіретін шаруашылықтың саны бес-алтаудан аспайтын, қазір 34-ке жетіп отыр. Әрине, біз мұнымен шектеліп қалмай, дәстүрлі емес шаруашылықтарды одан әрі қарай дамытуға, санын көбейтуге, кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жүргізе береміз. Себебі, дәстүрлі емес шаруашылықтар өндіретін өнімдерге, соның ішінде бөдененің жұмыртқасына, қоян етіне, араның балына да сұраныстар бар. Біздің өңірге араның балы бұрын шеттен келетін еді. Тұтынушылар Башқұртстанның өніміне ықылас қойып жүрді. Бүгінде қарап отырсақ, талғам өзгерген. Көпшілік шеттен келетін өнімнен гөрі, өзіміздің өңірлерден алынған, дайындалған балдың сапасы жоғары екенін айтады. Өнімдері сұранысқа ие болғасын ғой, аймақта бұрын болмаған омарта шаруашылығы бірер жылда тез дамыды. Енді сол жеке-жеке құрылған бал арасын өсіретін әр өңірдегі шаруашылықтар бас біріктіріп, үлкен кооперативке ұйысып жатыр.

Ешкі өсірумен шұғылданатын ұсақ шаруашылықтар да іріленуге бағыт ұстауда. Мұның алғашқы қарлығашы — Ақтөбе қаласының Сазды ауылында құрылған «Шекшек ата» кооперативі. Оның бағымында асылтұқымды 100-дің үстінде ешкі бар. Бұрын «Қыпшақ ата» аталған шаруа қожалықтары бірігіп, үлкен кооперативке айналды.

— Сонда бұл кооператив бірыңғай ешкі өсірумен, ешкі сүтін өндірумен айналыса ма? Кооператив өз өнімдерін қайда өткізеді? Ешкі сүтіне сұраныс бар ма?

— Облыс әкімінің тапсырмасы — бірыңғай етпен, не сүтпен айналыспай, аралас, көпсалалы бағыт ұстау болып отыр. Сонда ғана кооперативте жыл он екі ай табысты жұмыс болатыны айтылған. Сондықтан біз ешқайсысының қолынан қақпаймыз, кімнің қандай жұмысқа шамасы келеді, етпен, сүтпен айналыса ма, аралас шаруашылық жүргізіп, бау-бақша еге ме? Басқа да жұмыстарды қолға ала ма, ешқандай кедергі жоқ. Қайта, мейлінше көмек, жәрдем көрсетіледі. Соның ішінде басымдық ауылшаруашылық кооперативтеріне беріледі, мемлекеттік қолдау да бірінші кезекте соларға қаралған. Күні бүгінге облыста 103 кооператив құрылып, жұмыс жасап жатыр. Дәстүрлі емес шаруашылықтар бойынша да болашақта кооперативтер көбеюге тиіс.

— Ол үшін дәстүрлі емес шаруашылықтардың дамуына қолайлы жағдай болуы керек. Мысалы, бал арасын жаятын кең өріс — күнбағыс, қарақұмық, көпжылдық шөп сынды егістік алқаптары молаюы қажет. Бөдене шаруашылығын жақсарту үшін жергілікті жерде арзан құрама жем дайындалуы тиіс. Осы мәселелерді  облыс әкімі әр жиналыс сайын көтеріп, қадағалап келеді.

— Биыл аудандарға екпе шөптер егуге тапсырмалар берілуде. Жоңышқа, қарақұмық сияқты дақылдар көп егілуі қажет. Сонда біржағынан құнарлы мал азығы молаяды. Екінші жағынан, бал арасын жаятын алқаптар ұлғаяды. Бал арасының қатысуы арқылы егістік алқаптар жақсы тозаңданып, шығымдылығы артады. Екі жаққа да: омарташыларға да, диқаншыларға да тиімді.

— Дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытуға байланысты биыл қандай шаралар белгіленіп отыр?

— Сөзімнің басында айтқанымдай, былтырғы санымен шектеліп қалмаймыз, өсіру жағын ойластырып жатырмыз. Кейбір аудандарда бір, не екі ғана ешкі, не күркетауық өсіретін шағын шаруашылықтар болса, оның санын бірнеше есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазір осы бағытта тапсырмалар берілді. Әрине, бұл жерде әр өңірдің жерінің ыңғайы, мүмкіншілігі ескеріледі. Құмның арасында отырған ауылдар бал арасын өсіре алмауы мүмкін. Есесіне ешкі, бөдене, қоян ұстауына болады. Басқа да қосалқы шаруашылықтарды өрістете алады. Мысалы, Жапонияда балабақшалар мен мектептердегі әр балаға күніге бөдененің екі жұмыртқасы беріледі екен. Себебі, жасөспірімнің ағзасының дамуына, ойлау қабілетін жақсартуға аса пайдалылығы дәлелденген.

— Елбасының кезекті Жолдауында айтылғандай, қазір халқымыздың әл-ауқаты жақсарды. Күйлі тұратындардың қатары көбейді. Бұрын азық-түліктің негізгі түрлерінің болғанына қанағат ететіндер, енді дастарқаннан қоянның, қаздың, күркетауықтың етін, өзге де жеңсік асты іздейтін болды. Халықтың бұл тағамдарға деген сұранысын қанағаттандыру және мұндай өнімдердің қолжетімді болуы үшін осы аталған салалар әлі де дамуы керек емес пе?

— Қайда да жеңсік ас арзан болмайды. Алайда көп өндірілсе, бағасының төмендейтіні рас. Облыста қоян шаруашылығын дамыту қолға алынды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 37 шаруашылықтың бағымында 1,5 мың қоян болды. Бұл жерде қоян санының жазда мейлінше көбейіп, күзге қарай, қысқа түсерде кемитінін айтуымыз керек.  Үлкен көлемде қоян өсіретін шаруашылық «Жаңа қоныс» аталады. Қоян өсіруші Болат Отарбаевтың бұл иелігі Ақтөбе қаласы аумағында, өзі өсіреді, өзі өткізеді. Оның өнімін жеңсік ас ретінде негізінен қаланың мейрамханалары мен дәмханалары алады.

Біздің облыста омарташылықпен айналысатын және осы салада кооператив құруға мұрындық болып жүрген Қарғалы ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Александр Сенацкий мен ешкі өсіретін ірі кооперативтің құрылтайшысы Амантай Үмбетайдың және оның құрамындағы кәсіпкер Мұхамбетәлі Қойшыбаевтың есімдерін атай кеткен орынды ғой деп ойлаймын.

— Дәстүрлі емес шаруашылықтар деп отырмыз ғой. Осы салалар бойынша өткен жылдары қанша өнім өткізілгенінің есебі бар ма?

— Оның нақты есебі биылғы статистикалық есепте шығады. Өткен жылы осы шаруаны қолға алғанмен, оның есебін болжап біле алмадық. Бал арасы туралы сұрағанымызда, әр омартадан кем дегенде маусым ішінде 25 келіден бал алынатынын білдік. Ал біздің облыста қазір 400-ге жуық омарта бар. Сонда әр омартадан 30 келі бал жиналады дегенде, маусымына 12 мың тонна бал өндіріледі екен. Өткен жыл омарташылар үшін де қолайлы болды, сондықтан біз бұдан әлдеқайда көп өнім алынды деп ойлаймыз. Бал арасын өсірушілерге жергілікті бюджеттен субсидия қаралуда.

— Біз әңгімелеп отырған қосалқы шаруашылықтардан субсидия алғандары бар ма?

— Асылтұқымды сүтті ешкі өсіретін «Шекшек ата» шаруашылығына мал азығы үшін малдың әр басына 5 мың теңгеден 100 басқа есептеп субсидия берілді. Аз да болса көмек деп ойлаймыз. Мұның тым төмен екенін білеміз, асылтұқымды бір ешкінің сатып алу құны 300-500 мың теңгеден кем болмайды. Олар асылтұқымды ешкіні Орынбор облысынан, Башқұртстаннан әкелді. Қазақстанда асылтұқымды сүтті және түбітті ешкінің республикалық палатасы құрылмақ. Бұрын жылқының, қойдың, ірі қараның палатасы ашылғанын көпшілік біледі. Асылтұқымды бал арасының да республикалық палатасы бар. Сондықтан осылардың барлығын бір жүйелендірмек. Сол кезде әр шаруашылық  мемлекеттік қолдау алу үшін есебін беріп отырады. Ол асылтұқымды малды сату, өнімдерін өткізу жұмыстарын да жеңілдетеді, рынок кеңейеді. Мысалы, «Шекшек ата» кооперативінің асылтұқымды малына еліміздің өзге аймақтары қызығушылық танытып, сатып ала алады.

Мұның бәрі — соңғы бір жарым, екі жылдың көлемінде қолға алынған шаруалар. Мінсіз деп айта алмаймыз, кемшін тұстарымыз да бар. Бірақ өткен кезеңдермен салыстырғанда ілгерілеушілікті айқын байқауға болады.Шынын айтқанда, бұл жоғалып барып, қайта оралған нәрсе ғой. Қазір соларды қолға алып, көбейтіп жатырмыз.

— Ешкі біздің өңірімізде бұрын да аз болған жоқ. Қой-ешкі есебімен мыңдап саналатын. Қазірде де жеткілікті. Әрине, олар асылтұқымды сүтті ешкі емес. Бірақ сол қой мен ешкінің өзін қырқыншы, елуінші жылдары сауған, мемлекетке өнім өткізген. Әрігеректе де солай болған болу керек. Әйтпесе қазақ «Қойдың сүті — қорғасын» деп неге айтқан.

— Қой сауу ұмытылды да, ешкі сауатындар бірен-саран кездесетін. Қазір басқа-басқа, кейбір ауылдарда малшының өзі қолдағы сиырларын саумай, қалбырға түрілген «Шадрин сүтін» дүкеннен сатып алып, шайға құйып ішіп отырады.

— Сондай жағдайда ешкінің сүті өте ме?

— Ешкі сүті өтеді. Жаңағы «Шекшек ата» кооперативі ешкі сүтінен түрлі өнімдер жасап, базарға шығарады. Сүт, ірімшік, айран өнімдерінен бөлек, ешкі сүтінен қымыз дайындайды. Қаланың бірнеше сауда орындарымен келісімшарт жасасқан, соларға жеткізіп береді. Өнімімізді өткізу қиын болып жатыр деп бізге келген емес. Соған қарағанда өнімдері жақсы өтетін болу керек.

— Сіз бұл салаларды жан-жақты айттыңыз. Ал енді бұрын-соңды біздің өңірімізде мүлде болмаған бөдене өсіру ісі қай деңгейде?

— Бөдене өсіретін 14 шаруашылықта 17 мыңға жуық құс бар деп есептеледі. Оның ішінде осы саланың үлгісі деп айтуға болатыны — «ИП Абрамян» шаруашылығы. Жеке кәсіпкер Абрамянның бөдене өсіретін цехы Ақтөбе қаласының өнеркәсіп аймағында. Оның 10 мыңнан астам бөденесі бар. Қазіргі заманғы құс өсіру технологиясына негізделген цехта бағып, күтіледі. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Арнайы барып көрдім. Маған ұнады. Құс өсіру саласын жақсы білемін. Өйткені біраз жыл «Рамазан» ЖШС-ның құс фабрикасында қызмет істеген адаммын.

Бөдене өсірудегі бір проблема — азық қоры жоқ. Осы ірі бөдене өсірушінің өзі жемді Орынбордан сатып алады екен. Ал бізде құсқа жем дайындайтын цех «Рамазанда» ғана бар.

— Ол тауыққа арналған емес пе?

— Тауыққа арналған, бірақ тапсырыс түсіп, қаржысын төлесе, бөденеге де ыңғайлап жасай алады. Негізгі бағыт жұмыртқа өндіру болғасын, көп айырмасы жоқ. Сатып алғаннан гөрі, жемді өзі дайындаса, өнім арзанға шығар еді. Қазір бөдененің жұмыртқасы арзан емес. Алайда соның өзінде сұраныс жоғары. Біз әңгімелеп отырған бөдене өсіруші өнімін Ақтөбеден артылдырып, көршілес аймақтарға шығарып келеді. Мұны өзімен әңгімелескен кезде білдім.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button