ДенсаулықЖаңалықтар

Ақтөбеде сауықтыру стационары ашылды

Ақтөбе қаласында «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру стационары ашылды. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Салтанатты жиында облыс басшысы жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және Жаңа жылмен  құттықтап, ашылып отырған нысанның маңыздылығына тоқталды.

  • Әрбір адам мүмкіндігінше басқаларға, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен көмекті қажет ететін адамдарға қолдау көрсету керек. Өмірде әр түрлі жағдайлар болады. Ал оған бала кінәлі емес. Балалардың жүйке ауруларына шалдығуы алдымен оның анасының денсаулығына байланысты. Көп жағдайда аналар тіршілік қамымен жүріп күтінбейді. Бұл да нәрестенің денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан біз қолдан келгенша мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай қолдау танытып, олардың ата-аналарына түсіністікпен қарауымыз қажет.

Бүгінгі күні біздің облыста 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың ішінде 3 мыңға жуығы — балалар. Сол балалардың мыңнан астамы жүйке ауруларына шалдыққан. Бүгінгі ашылып отырған орталық бұрын біздің Ақтөбеде болған жоқ. Бұл стационар тек балаларға ғана емес, ата-аналар үшін де тиімді. Бұл орталықта балалар емделіп қана қоймай, олардың дамуына жағдай жасалады. Стационарда мүмкіндігі шектеулі балалар өзгелермен қарым-қатынас жасайды, көңілі көтеріліп, басқалармен араласады. Бұл ең алдымен балаларға жасалып отырған қамқорлық.

Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында ашылып отырған жаңа нысан ел игілігіне қызмет етсін! Балаларымыз жазылып кетсін! —  деді облыс басшысы.

Өз сөзінде облыс басшысы жаңа нысанды жөндеп, іске қосуға 2 миллион теңге қаржы жұмсалғанын, бүгінгі күні Ақтөбеде неврологиялық аурулары бар балаларға арналған иппотерапиялық орталық жұмыс жасайтынын, сондай-ақ алдағы жылдары облыс орталығында балаларға арналған оңалту орталығы салынатынын атап өтті. Сонымен қатар облыс басшысы жауапты мамандарға Қызылорда облысы мен Орал қаласындағы емдеу-сауықтыру орталығында жатқан 58 баланы өз облысымызға қайтарып, олардың ем алып, сауығуы үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ орталықтың жұмысымен танысты. Арнайы жасақталған жаттығу залын көріп, құрал-жабдықтарын қарады, балалардың жатын, ойын бөлмелерін аралады.

Орталық басшысы Нұрила Жарболованың айтуынша, неврологиялық аурулары бар балаларды емдеу-сауықтыруға, өмірге бейімдеуге, ата-аналарға көмектесу мақсатында ашылған орталық 100 балаға арналған. Жаңа жылдан кейін өз жұмысын бастайтын стационарда алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары да жұмыс жасайтын болады.

  • Біз мемлекеттен тапсырыс алып, ата-аналардың ұсынысымен осы орталықты ашып отырмыз. Бұрын 67 балаға үйден, 16 балаға жартылай стационарлық қызмет көрсетсек, енді олар осы орталыққа келіп емделетін болады. Стационар 24 сағат бойы жұмыс істейді. Мүгедек балаларды бағатын ата-аналар да осы орталыққа жұмысқа қабылданады. Мен өзім 4 жылдан бері логотерапиямен айналысып келемін. Бүгінге дейін көптеген ауру балаларды емдеп, оларға жәрдемдестік. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеміз, — дейді Н.Жарболова.

 Данагүл ҚАЗИХАН.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button