ЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Мерейлі мерекедегі марапат

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев 20 қызметкерге «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарын табыстады. Олардың қатарында еңбек, ауған соғысының ардагерлері, бірлестік төрағалары мен журналистер бар.

Шара барысында сөз алған Ербол Нұрғалиев:

— Тәуелсіздік — азаматтығымыздың алтын қазығы, әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі қасиетті ұғым. 25 жыл тарихи өлшеммен салыстырғанда аз уақыт болғанымен, бұл жылдар маңызды оқиғаларға толы болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтерілді, әлемдік қауымдастықта өз лайықты орнын алды. Елбасының көреген саясатының арқасында жас мемлекет тұрақтылықты сақтай отырып, қалыптасудың барлық қиындықтарын жеңе білді. Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғарғы деңгейіне шықты. Туған еліміздің мерейін асыратын игі істер көп болсын, — деп жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтады, медальдарды табыс етті.

Марапат иелерінің қатарында еңбек ардагері Өтеміс Әкімов, Ауған соғысының ардагері Гумер Галеев, «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сатов, облыстық ҚР Жер кодексін талқылау жөніндегі үшжақты комиссияның мүшесі Естай Жайлыбай, «Рика ТВ» телекомпаниясының директоры Наталья Бандровская, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, республикалық газеттердің — «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Сатыбалды Сәуірбаев пен «Казахстанская правданың» меншікті тілшісі Жұбаныш Байгуринов, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов, т.б. бар.

Шара соңында Өтеміс Әкімов пен Естай Жайлыбай Тәуелсіздік жолында жан аянбай еңбек еткен азаматтардың өшпес ерліктерін айтып, еліміздің алдағы уақытта да шарықтап дами беретініне сенім білдірді.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button