ЖаңалықтарМерекеТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Бердібек Сапарбаев Елбасына халықтың ықыласын жеткізді

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салтанатты жиналыста сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ел Президентіне Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің басты жетістіктері үшін алғысын білдірді

Тарих өлшемімен қарағанда 25 жыл аса көп уақыт емес. Бірақ еліміз  осы аз ғана мерзім ішінде бірнеше ғасырға татитын жолды жүріп өтті. Бүгінгі Қазақстан — әлем таныған, аяққа нық тұрып, экономикасы қарыштап дамыған, қуатты мемлекет. Бұл ең алдымен сол қиын-қыстау сәтте ел тізгінін ұстап, экономикалық тығырықтан шығарып қана қоймай, барша қазақстандықты бір мақсатқа жұмылдыра білген  Сіздің орасан зор еңбегіңіздің, сарабдал саясатыңыздың  арқасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте ауыр болғаны бәрімізге мәлім. Сіз сол кездің өзінде  мемлекетіміздің  болашағы жарқын болатынына жұртты сендіре білдіңіз.  Өзіңіз үлгі көрсете жүріп, халықтың сана-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп,  бәсекеге қабілетті етіп сомдадыңыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Мемлекет басшысына Ақтөбе облысының әкімі өзі қызмет еткен өңірлердегі халықтың ризашылығын жеткізді.  Осы жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Арал теңізінің проблемаларын, Байқоңырға қатысты стратегиялық мәселелерді, ядролық қарусыз елдің құрылуы мен нығаюын шешу жөнінде батыл шешімдер қабылданды.

Қазақстан бүгінде индустриалды мемлекеттердің қатарына қосылды. Соның нәтижесінде дүниежүзілік маңызы бар, халықаралық стандарттарға сәйкес өнім шығаратын алып кәсіпорындар пайда болды. Мысалы, Ақтөбе облысының өзінде ғана соңғы жылдары жалпы құны 2 миллиард доллар болатын рельс шығаратын зауыт, Жаңажол газ өңдеу  зауыты, ферроқорытпа зауытының 4-цехы іске қосылды.

Бердібек Сапарбаев бір кездері артта қалған ауылшаруашылығы бүгінде жетекші салаға айналғандығын атап өтті. Өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа өнім шығарыла бастады. Құрылыс индустриясының қарқын алғаны байқалады.

— Ақтөбе облысында еліміздің орталығы мен батысын жалғайтын Хромтау — Алтынсарин, Шалқар — Бейнеу теміржолы, Батыс Еуропа — Батыс Қытай күре жолының  700 шақырымдық бөлігі іске қосылды. Ақтөбе — Атырау — Астрахань, Ақтөбе — Орск жол құрылысы басталып жатыр. Биыл барлық аудан орталықтарына газ енгізілді, облыс тұрғындарының 87 пайызы қазір үйін газбен жылытып отыр.Сіздің қолдау-көмегіңіздің нәтижесінде биыл Ақтөбе қаласының өзінде 5 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. 25 жылдың ішінде облыста 127  денсаулық сақтау нысаны мен 113 мектеп  салынып, 487 балабақша пайдалануға берілді, тұрғындардың 90 пайызы таза су құбырына қосылды. Осының бәрі Сіздің өңірлерге жасап отырған орасан зор қамқорлығыңыздың және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың жемісі! — деп сөзін қорытындылаған Бердібек Сапарбаев Елбасына мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button