ЖаңалықтарМерекеТәуелсіздіктің 25 жылдығы

16 желтоқсан күні облыста 59 сәби өмірге келді

Мерейлі мереке күні Ақтөбе облыстық перзентханасында 12 нәресте дүние есігін ашты. Олардың 6-уы — қыз, 6-уы — ұл бала. Өмірге сәби әкелген аналарды қуаныштарымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

Перзентхана дәрігерлерінің айтуынша, дүниеге келген сәбилердің де, олардың аналарының да денсаулықтары жақсы. Биылғы жылы аталған перзентханада 40 мың 200 нәресте өмірге келді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 300 балаға артық.

Салтанат Шөренова ұлы мереке күні өмір есігін ашқан бөбегінің ұлы адамдар қатарында боларына сенеді. Ол сәбиінің Тәуелсіздік мейрамында жарық дүниеге келгеніне өте қуанышты.

— Бұл менің тұңғыш сәбиім. Қызымның есімін Жасмин деп атадық. 16 желтоқсан күні өмір есігін ашқан қызым елінің патриоты болып өсіп шығады деп үміттенемін. Ең бастысы — дені сау болсын. Бұл қуаныш отбасымыздың берекесін одан әрі арттырып отыр. Кішкентайымның жылдың 360 күніндегі осы бір тарихи датада туғаны үшін ризамын. Перзентхана дәрігерлеріне де ризашылығымды білдіремін. Осындай тарихи күні ұрпақтарын өмірге әкелген өзге аналардың балаларына тек бақыт тілеймін. Аман болсын, —  дейді жас ана.

Жалпы облыс бойынша мереке күні 59 бала өмірге келді. Олардың 38-і — ұл, 21-і — қыз бала.

— Уақытынан ерте дүниеге келген Рақымжан есімді бір сәби бар. Оның салмағы 1 келі 200 грамм. Қазір жағдайы қалыпты. Анасының сүтімен және қажетті дәрі-дәрмектермен ем көрсетіп жатырмыз, — дейді нәрестелер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі Гүлжанар Ерғалиева.

Бұдан кейін облыс әкімі Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа беттеді. Мұнда алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне орай атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Саябақта хоккей алаңы ашылып, қазіргі таңда балаларға арналған екі мұз айдыны салынуда. Жалпы қыс айында Ақтөбе қаласында 60 мұз айдынын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 40-тан астамы іске қосылды. Саябақтағы хоккей мұз айдыны барлық заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда аяқкиім ауыстыруға және тамақтануға арналған жеке-жеке орындары бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға саябақтағы сахнаға көтерілу үшін арнайы лифт орнатылуда.

 

                                                                                                          Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button