Жаңалықтар

Тәуелсіздік жолында құрбан болғандарға арналып ас берілді

16 желтоқсан күні облыс әкімдігі «Нұр Ғасыр» мешітінде азаттық жолында шәйіт кешкен ата-бабаларымыздың, боздақтардың  рухына арнап ас берді. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Алдымен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспанов азаттық жолында құрбан болғандардың аруақтарына арнап Құран оқыды. Одан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, жиналғандарды әуелі Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.  Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған  ұлы жиын туралы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы орасан зор еңбегі жөнінде  әңгімеледі.  Кеңес өкіметінің іргесін шайқаған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейін үш ғасыр бойы осы дала төсінде азаттық үшін  мыңдаған шайқастардың болғанын атап өтті. «Өлі риза болмай, тірі байымайды…» — деген, оларды еске алу біздің парызымыз» — деді Бердібек Машбекұлы. Тәуелсіздіктің ең қастерлі ұғым екенін, оны көзіміздің қарашығындай сақтау керектігін  еске салды.

Бұдан кейін сөз алған «ҚР Бейбітшілік және қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, профессор Алтай Тайжанов, білім саласының ардагері Қамалхан Қуанұлы, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың атынан пікір білдірген  «Үш таған» журналының бас редакторы Бақыт Жаншаева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров, Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаевтар Тәуелсіздік мерекесінің маңызы, отыз жыл бұрынғы ызғарлы күндер, бейбіт күннің жылуы тәрізді тақырыптарды қамтып, тілек, естеліктер айтты. «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес бата берді.

Иә, азаттық жолында атқа мініп, шәйіт кешкен барша аруақтардың нұрлары пейіште шалқығай!

                                                                                      Өз тілшіміз.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button