Әлеумет

Тәлім-тәрбиелік мәні бар еңбек

Кітап

 Қазақ тарихында сөздің орны ерекше, сондықтан халық «Сөз қадірім — өз қадірім» деп біледі. Ата-бабамыз өмірлік сара жолын ауызша айтып, ауыз әдебиеті және ауызша тарих арқылы жас ұрпақтың санасын, болмысын қалыптастырды. Осы тұрғыдан қарағанда журналист Ұзақбай Қауыстың «Ұлағат» атты кітабы Ақтөбе өңірінің тарихына, әсіресе елге танымал болған тұлғалар туралы ауызша тарих негізінде баяндалады.

«Жер жаралып, адам болғалы тіршілік үшін тайталас толастаған емес. О баста жаратушы адам бойына табиғи игіліктерді игерумен бірге рухани байлықты да қоса берген. Адамдық үшін айқаста күш-қайрат пен ақыл-ойдың дамуы бірге жүргені анық…», — деп автор кітаптың сөз басын осылай өрбітеді. Кітапта XV-XX ғасырлар аралығындағы қазақ халқының ел қорғаған, елге бата берген, елді имандылыққа шақырған тұлғалары туралы көптеген ауызша деректер келтіріледі.

Автор дін мен дәстүр сабақтастығының қоғам болмысына әсерін толғай отырып, ХІХ-ХХ ғасырларда діни-ағартушылықтың ой-сананы қалыптастырудағы және дамытудағы рөлі туралы баяндайды.

Әсіресе Шалқар өңіріндегі рухани мектептер, халқымыздың ілім нұрын сепкен шамшырақтары Қази Ақай ахун, Аманғали ахун Итесұлы, Әбдіғалым ахун, Түлкібай ахун, Жанаман ахун, Дәулет ахун, Пәтуалі ишан, Нәжім молда, Нұриддин молда, Дихан молда, Яхия молда және т.б. туралы халықтың зердесінен жинақталған пайымдаулар танымдық материалдар түрінде топтастырылған.

Автор тарих, дін, ілім туралы тарихи-танымдық толғанысын былайша қорытындылайды. «Адамдар бар жерде тарих бар. Көне дәуірден бүгінгі күнге дейін жер иесі болып келген халқымыздың тарихын білу болашақтың кепіліне айналғандай. Аспан асты, жер асты, жер беті, тау мен су ақшамен бағаланбайды. Адамдармен бағаланады… Өз тарихымызды дінімізбен, салт-дәстүрімізбен, әр дәуірдің  тыныс-тірлігімен пайымдау уақыт өлшеміне айналған. Сондықтан да бізде ашылмаған жұмбақтар көп… Көзбен көрген, ақылымыз жеткен, түйсігіміз таныған, ақыл-ойымыз болжағанның бәрі шындық емес. Адам баласы өскен сайын, дамыған сайын жинақтаған ілім-білімді қорытындылау нәтижесінде ғана пайымдайды. Том-том кітаптар жазғанымен оның бәрі ақиқат емес. Ақиқат Алланың қолында», — деп тұжырым жасайды автор.

Бұл еңбек бір жағынан қазақ қоғамының кешегі бір кеңестік тұста рухани құндылықтардан ажыраған сәттерін саралауға көмектеседі. Әсіресе, жастарға өз атамекеніне аянбай қызмет жасаған бабалардың өшпес із қалдырған мұрасын қастерлеуге, олардың аруақтарын сыйлауға, құрметтеуге бағыт-бағдар береді.

Бұл еңбек сонымен қатар, мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында өлкенің тарихын оқытуда оқушылар мен студенттерді отансүйгіштікке баулу мақсатында көмекші болады деп ойлаймыз.

Д.САЙЫНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің

ғылыми қызметкері,

тарих магистрі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button